Биыл электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемін 90 пайызға жеткізу керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдан жылға электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны ұлғаюда. Қазіргі таңда мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Олардың 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі. Біздің мақсатымыз - биыл осы көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу», - деді ол.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік органдардың ішінде мемлекеттік қызметтерді электронды түрге көшіру барысында тиісті көрсеткішке жете алмай отырғандары бар.
«Осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің құзіретінде. Олар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесін қарасақ, еліміздің аумақтарында халықтың мемлекеттік қызметтермен қанағаттану деңгейін көтеру қажет екендігі айқын. Ол үшін алдымызға қойылатын бірқатар ашық мәселе бар. Мысалы, мемлекеттік қызметті алу үшін халық әлі де тікелей мемлекеттік органға немесе әкімдікке жүгінеді. Осындай қызметтер саны - 200-ден астам», - деді министр.
Бағдат Мусин мәселені талдау үшін Бас прокуратурамен бірлесіп, халықтан келіп түскен өтініштерді зерттегендерін айтады.
«Нәтижесінде 2 млн-нан астам өтініштердің 30 пайызы мемлекеттік қызметке екені анықталды. Осындай жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарағанда мерзімдері бұзылуы мүмкін. Өйткені, бақылауға арналған ақпараттық жүйеге кірмейді және жеке қарым-қатынас кезінде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында барлық қызметтерді баламасыз тек ХҚКО-ларда немесе электронды түрде көрсету қажет», - деді ол.