25 қар, 2020 сағат 12:00

Биыл коммуналдық тарифтер қалай өзгерді?

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев Қазақстанда биыл коммуналдық қызметтердің тарифі 2019 жылға қарағанда қаншалықты өзгергенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарында тарифтер өсіп кетпес үшін 2019 жылы тыңғылықты жұмыс жүргізілді. Коммуналдық қызметтердің орташа жоспарлы өсімі 15 пайыз деп болжанған еді», - деді Асан Дарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының айтуынша, Президент тапсырмасын орындау үшін 400-ге тарта кәсіпорынның жұмысы талданған.

«Бұл ретте өндірістік функцияларға қатысы жоқ және басым емес шаралар айқындалды. Осы шараларды іске асыра отырып, табиғи монополия субъектілерінің шығын бөлігі 16,4 млрд теңгеге дейін азайтылды. Одан бөлек, табиғи монополия субъектілерінің басым емес бағыттары бойынша тағы 10,4 млрд теңге оңтайландырылды. Осы шаралардың арқасында тарифтердің жоспарлы өзгерісі 0,5 пайызға ғана өзгерді (2020 жылдың 1 қаңтары мен 2019 жылдың 1 қаңтарын салыстырғанда). Жылумен, сумен қамту және су тарту бойынша тарифтер төмендеді», - дейді Асан Дарбаев.

Спикер электрмен қамту тарифінің өсуін стансаларда шекті тарифтердің 15 пайызға қымбаттауымен байланыстырады.