Биыл 19 822 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл облыстық білім басқармаларының ақпараты бойынша 19 822 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Өздеріңізге белгілі, ереже бойынша «Алтын белгі» үміткерлерінің барлық жазбаша тапсырмасын облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған тиісті комиссия қайта зерделеп, талдайтын болады. Біріншіден, барша материалды мектептің ішіндегі комиссия тексеріп, тиісті балды қойғаннан кейін, барлық жұмыс білім басқармаларына жеткізіледі. Білім басқармаларының тексеруінен өткеннен кейін, «Алтын белгілер» тиісті бұйрыққа енгізіліп, құқықтары дәлелденетін болады», - деді Ш. Каринова министрліктің аппарат жиналысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы қоңырау әдеттегідей 25 мамырда өткізіледі. Биылғы шектеу іс-шаралары ескеріліп, бірнеше формат ұсынылмақ. Біріншіден, дәстүрлі түрде ашық таза ауада 9 және 11-сынып оқушылары үшін, сондай-ақ 300-ге дейін оқушысы бар әрі осы уақытқа дейін штаттық режимде оқытып келе жатқан мектептер өткізеді.