
Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 90 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында қаңтар айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбын талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шектеу шаралары көлік саласындағы нақты көлем индексіне теріс әсер етіп отыр. 2021 жылы қаңтар айында бұл көрсеткіш 82,6 пайызды құрады. Бұл ретте транзиттік контейнерлік тасымалда 81,4 мың жиырма фунттық балама көлемінде оң қарқын сақталды. Өсім 27 пайызды құрады. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 0,28 млрд тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 93,4 пайызды құрады», - деді министр.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автожолдардың 90 пайызын және жергілікті жолдардың 76 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу жоспарланып отыр. 6,5 мың шақырым ақылы жол енгізіліп, ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисін 66 пайызға жеткізу көзделген.
«Темір жол көлігімен транзит 23,1 млн тоннаға дейін немесе 12 пйаызға артады деп отырмыз. Оның ішінде контейнерлер транзитін 1 млн жиырма фунттық баламаға жеткіземіз», - деді Б. Атамқұлов.
