Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдарға сыйлық беру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Конкурс комиссияға Парламент Сенатының депутаттары Б.Жұмағұлов, Д. Нұржігіт, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті және коммерциялық емес, корпоративтік және бизнес секторының өкілдері қатысты.
«Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлық - 2017 жылдан бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетігі. Жыл сайын бұл сыйлық республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосқан ұйымдарға 15 бағыт бойынша беріледі. Осы жылдар ішінде сыйлықты 185 үкіметтік емес ұйым алды», - деді жиында министр Аида Балаева.
Конкурстық комиссияның отырысына бірінші кезеңде азаматтық қоғам өкілдері, БАҚ, қоғам қайраткерлерінен құрылған жұмыс тобының 63 тәуелсіз сарапшысы қараған 109 өтінім бойынша алдын ала бағалау қорытындысы шығарылды.
Нәтижесінде конкурстық комиссия мүшелері сыйлықты 38 жеңімпазға беру туралы шешімді қолдады. Олардың есімі 27 қарашада өтетін IX Азаматтық форумның жабылуында айтылады.
Сондай-ақ, Аида Балаева сыйлық берудің механизмін жетілдіру, іріктеудің нақты критерийлерін анықтау қажеттігін атап өтті.