12 мам, 2020 сағат 16:30

Биыл Алматыда 26 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

Алматыда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол картасы жүзеге асырылады.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында әзірленді және қосымша жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешенін анықтайды.

«2020 жылы қала бойынша барлығы 214 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде келесі жұмыс түрлері мен объектілер бар: әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту; инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту және салу» деп хабарлады қалалық әкімдік.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» шеңберінде жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 ЕТЖ немесе 85 мың теңге мөлшерінде «көтермеақы» беріледі. Бұл - тұрақты жалақыға қосымша қаражат. Бұл ретте орташа жалақы мөлшері - 120 000 теңге. 

Осылайша жұмыссыз алматылықтар тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бірінші кезекте жұмыс мысалы, мектептер, ауруханалар немесе тұрғын үйлері жөнделіп немесе құрылысы жүргізіліп жатқан ауданда тұратын азаматтарға, мемлекеттік қаражат есебінен беріледі.

Барлық 214 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 103,9 млрд теңге бөлінеді. 26 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.

Толық ақпаратты Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы сайтынан және мына телефондарға хабарласып білуге болады: +7 (727) 224-20-00, 221-66-11.