08 қаз, 2020 сағат 13:04

Бішкекте Covid жұқтырғандар көбейді. Министр "денсаулық сақтау саласы коллапсқа ұшырауы мүмкін" дейді

Қырғызстанда өткен тәулікте 245 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бішкекте бір күнде 77 науқас тіркелген. Бұл - 13 тамыздан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Сабыржан Абдикаримов бейсенбі күнгі брифинг кезінде "профилактика шарттарын жаппай сақтамағандықтан" вирус жылдам тарап жатыр деп мәлімдеді. Ол Бішкекте эпидемиологиялық ахуал нашарлауы мүмкін екенін айтты.

"Егер жұрт қарапайым санитарлық талаптарды орындамаса, Бішкектің "денсаулық сақтау саласы тағы коллапсқа ұшырауы мүмкін" дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, елде коронавирус жұқтырғандар 48 342 адамға жеткен: 43 957 адам жазылған, 1073 адам қайтыс болған. 18 тамызда денсаулық сақтау министрлігі Covid статистикасын қайта қарап, соның салдарынан 500-ге жуық науқастың өлімі ресми есептен алынып тасталған. Министрлік олардың коронавирустан емес, "ілеспе аурулардан көз жұмғанын" хабарлады. 

Көрші мемлекеттерде "эпидемиологиялық ахуал нашарлаған тұста" Қазақстан билігі жақында бақылау-өткізу пунктеріндегі бақылауды күшейту қажеттігін айтқан. Атап айтқанда, әуежайлар мен темір жол вокзалдарында бақылауды қатайту мәселесі қозғалған.

Қырғызстан шілде айынан бері коронавирусқа ұқсас пневмония есебін Covid-пен біріктіріп, жариялап келеді. Қазақстан билігі жаз айларында коронавирус статистикасына пневмонияны қосатынын айтқанмен кейінірек бұл ойынан айнып қалды.