01 қар, 2021 сағат 14:05

Бішкек мейрамханасында 318 адам астан уланды


Қырғызстанда «Пицца империясы» мейрамханалар желісінде 318 адам тамақтан уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Зертханалық талдау нәтижелері бойынша ролл-сушилердің дайын өнімінде сальмонелла бары анықталды. Бұл туралы Бішкектің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының бас дәрігері Құбан Құндашев мәлім етті. Алдын ала мәліметке сәйкес, сальмонелла ақсерке балығынан табылған. 

«Мейрамханалар желісінде бір жеткізуші болған. Мүмкін, балықтың бүкіл партиясы сондай болған. Қазір «Пицца империясы» мейрамханалар желісі барлық жағдай анықталғанға дейін жапон тағамдарын дайындамайды», - деді ол. 

Бішкек қаласы мен Шу облысының денсаулық сақтау ұйымдарына тамақтан улану шағымымен медициналық көмекке жүгінгендердің жалпы саны 318 адамды құрады. Бішкек қаласында астан жаппай уланудың соңғы жағдайына байланысты Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталықтарының мамандары республика бойынша тамақтану орындарына тексеру жүргізеді.