27 жел, 2019 сағат 13:52

Біртанов ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын жеке бақылауына алды

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы түбінде ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын жеке бақылауына алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы түбіндегі әуе апатынан қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпын. Ауруханадағы азаматтардың жағдайы жеке бақылауымда. Зардап шеккендерді қажетті медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етеміз», - деп жазды министр Twitter-дегі парақшасында.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.