27 мау, 2022 сағат 14:25

Біртанов: Судьяның өзі де айыпты түсінбейтін секілді

фото: informburo.kz

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне қандай айып тағылып отырғанын түсінбейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Достар, өткен бейсенбідегі сот отырысында прокурорлар айыптау қорытындысын жариялағаннан кейін, көпшіліктің көкейінде бір сұрақ қалды. «Не үшін айыптап отыр, түсінбедік?» деп менен сұрайды.

Мен де түк түсінбедім. Өздеріңіз бағалаңыздар:

1) Қылмыс оқиғасы – 2018 жылы жұмыс істемейтін платформаны қабылдау. Бірақ іс материалдарына қарасақ, платформаны жасаушы (Эриксон компаниясы) оны жоққа шығарады. Яғни, платформаның қолдануға жарамды екенін айтады. Ал сот сараптамасы айыпты растамады.

2) Қылмыстық әрекет – қызметтік өкілетті асыра пайдалану. Дегенмен іс материалдарында бұған дәлел жоқ. Оның үстіне, платформаны қабылдау және төлеу менің құзыретіме кірмеген.

3) Қылмыстың мотиві – мемлекеттік қызметшінің тиімді имиджін қалыптастыру. Негізі бұл мемлекеттік қызметшінің міндетіне кіруі тиіс нәрсе ғой. Оған қоса, тағылған айыпқа ешқандай дәлел жоқ.

Ең бастысы – істе менің қандай да бір материалдық пайда немесе артықшылық көргенімді айқындайтын ешқандай дәлел жоқ.

4) Мемлекетке 4 миллион доллардан астам қаражат көлемінде зиян келтіру (жұмыс істемейтін платформаны қабылдау). Айыптау қорытындысында биылғы тамызда платформаны іске қосу жоспарланғаны айтылған. Яғни, ешқандай залал келмеген.

Бұл аз десеңіз, Денсаулық сақтау министрлігінің де, Қаржылық мониторинг агенттігінің де платформаны әзірлеушіге ешқандай шағымы жоқ екені анықталды. Жәбірленушілер мен айыптаушылар, компания платформаны қайта жасап шықты ма, әлде жоқ па? Осыларды көре отырып, айыптың мәнін қалай түсінесің?..», - деп жазды ол.

Экс-министрдің сөзінше, ол судьядан мұны түсіндіруді сұраған, дегенмен Ибрагим Әлкенов жауап бере алмаған.

«Ол істі қарауға қабылдағанымен, өзі де айыпты түсінбейтін секілді», - дейді Біртанов.