Көктемгі су тасқыны Қазақстан үшін үлкен сынақ болды. Табиғи апаттың салдарынан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 12 мыңнан астам тұрғын үй мен 7 мың саяжай бүлінді. Су жолдарды шайып, құнарлы жерлерді зақымдап, көптеген адамды баспанасы мен мүлкінен айырды.
Мемлекет шұғыл түрде өтемақы төлеу және қолдау шараларын ұйымдастыру жұмыстарын қолға алды. Президенттің ынтымақтастыққа шақыруы қоғамда кеңінен қолдау тауып, көп күттірмей кері байланыс орнады. Бизнес-қауымдастық алғашқы болып көмекке келіп, зардап шеккендерге 250,5 миллиард теңге жинады. Ірі компаниялар, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар да қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып, ұлттық деңгейде үлкен ынтымақ танытты.
Сауабы мол іске ат салысқандар қатарында «World Green Company», «Jusan Bank», «ERG», «Базис-А», Samruk-Kazyna Trust, «ҚазМұнайГаз», «Қазмырыш», «Halyk Bank», «Kaspi», «Қазақстан халқына» қоры және басқа да ұйымдар болды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер мен меценаттар, атап айтқанда Мұхамед Избастин, Айдын Рахымбаев, Андрей Лаврентьев, Нұрлан Смағұлов және басқа да атқа мінерлер аянып қалмай, белсенділік таныта білді. Мысалы, Мұхамед Избастин «Қазақстан халқына» қорына 450 миллион теңге аударып, елдің бірлігі бекем болса, кез келген қиындықты еңсеру оңай болатынын атап өтті. Андрей Лаврентьев те айтарлықтай көмек көрсетті. Атап айтар болсақ Қостанайлық машина жасаушылардан 250-ге жуық адамды эвакуациялау шараларына жұмылдырды. «Allur» зауыты арнайы техника бөліп, «AGROMASH» зауыты зардап шеккендерге жатақханадан баспана ұсынды. Бұл тек қаржылай емес, материалдық қолдаудың бір үлгісі болды.
Дана халқымыздың бір-біріне көмек көрсету дәстүрі тереңнен тамыр алады. Асар жасау, жылу жинау, шүлен тарату сияқты игі істер ұлттық мәдениетіміз бен ислам дінінің ажырамас бөлігіне айналғалы сан ғасыр өтті. Бұл жолы да осы дәстүр өз жалғасын тауып, көптеген кәсіпкерлер мен ұйымдар табиғи апаттың зардаптарын жоюға білек сыбана кірісті.
Қазақстанда бүгінде жүздеген қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Олардың ішіндегі «Қазақстан халқына» қорын айрықша атап өтуге болады. Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын дамытуға үлес қосып, төтенше жағдайларда зардап шеккендерге қолдау көрсетумен айналысады. Ірі бизнес өкілдері қор жұмысына белсенді қатысып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал етіп келеді. Қазіргі таңда қор 17 қайырымдылық бастамасы мен бағдарламасын жүзеге асырып, олардың санын екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Бизнес-қоғамдастық бұл бастамаларды қолдай отырып, әлеуметтік көмек жүйесін дамыту жолында да аянып қалмауда.
Қорытындылай келе, көктемгі су тасқыны еліміздің бірлігін сынаған нағыз сын сағаты болды. Дегенмен, бұл апат қоғамымыздың төзімділігін, жауапкершілігін және ынтымақтастық рухының деңгейін көрсетті. Мемлекет, бизнес және қарапайым халық бірлесіп, қиындықтарды еңсерудің айқын үлгісін таныта білді. Бұл жағдай еліміздегі азаматтық қоғам мен қайырымдылық дәстүрінің жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдеп, алдағы уақытта да бірлескен күш-жігер арқылы кез келген сынақтан сүрінбей өтетінімізді көрсетті. Себебі, біздің күшіміз - бірлікте. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып көтерген жүк қашан да жеңіл болмақ.