Қазақстанның бірнеше облысында бейсенбіде қатты аяздан мектептерде сабақ тоқтатылып, жолдарда көлік қозғалысы шектелді. «Қазавтожол» республикалық мекемесінің хабарлауынша, 24 қаңтардың кешінен бері аяздың күшеюіне байланысты Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында барлық бағыт бойынша жолдарда қоғамдық көліктер мен дизельмен жүретін көліктердің жүруіне шектеу қойылған.
Қостанай облысында - Қостанайды Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысымен байланыстыратын жолдарда, Денисовка кентінен Ресей шекарасына дейінгі жолда және Рудный қаласын Ақтөбе облысымен байланыстыратын жолда қоғамдық көлік пен дизельді көліктердің жолға шығуына тыйым салынды. Ақтөбе облысында - Ембі мен Шалқарды байланыстыратын жолда барлық көлік түрінің жүріне шектеу енгізілді. Шығыс Қазақстан облысында - Семейден Павлодар облысының шекарасына дейінгі жолда қоғадық көлік пен дизельдік көліктердің жүруіне шектеу қойылды.
Павлодар облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 25 қаңтарда қатты аязға байланысты мектепте бірінші ауысым оқушыларына сабақ тоқтатылды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өскеменде, Зырян ауданында, Семей мен Риддер қалаларында мектепте сабақ болмайды.Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде де сабақ тоқтатылды.
Бүгін Алматының бірнеше ауданында да кейбір мектептерде бастауыш сынып оқушылары сабақтан босатылды. «Қазгидромет» орталығының мәліметінше, бірнеше күннен бері республиканың көпшілік облысында күшейген аяздың беті 27 қаңтардан кейін ғана қайта бастайды.