Фото.1napc.ru
Коучинг бүгінде жаһандық құбылысқа айналып, жеке және кәсіби дамудың маңызды құралы ретінде ұсынылады. Алайда, бұл саланың танымалдығы артқан сайын, оның шынайы құндылығы мен тиімділігі туралы сұрақтар да көбейіп келеді.
Коучингтің шын мәнінде адамға көмектесетін құрал екендігіне күмән бар ма, әлде бұл тек коммерциялық мақсаттағы сәнді тренд пе? Коучтар шынымен адам психологиясына әсер ете ала ма? Ult.kz заманның трендіне айналған кәсіп туралы психолог маманның пікірін білді.
«Коучтарға сенудің басты себебі бала кездегі психикалық жарақат»
Кейбіреулер коучингті өз мәселелерінің шешімі ретінде қабылдайды. Оған себеп - қазіргі қоғамдағы жылдам өзгерістер, жеке даму қажеттілігі және өмірдің түрлі салаларындағы қысым. Коучтар көбінесе мотивация мен өзін-өзі тану дағдыларын дамытуды ұсынады, бұл адамдарға тартымды көрінеді. Дегенмен, кейбір жандар коучтарға бала кезден қалған “травмалардың” кесірінен сеніп қалады екен. Психолог Ғалияш Махашеваның айтуынша коучтарға сеніп қалудың басты себебі “паттерн”:
“Паттерн дегеніміз - бала кезден бастап қайталанып, есте сақтап қалған жағдайлар. Мысалға «ата-ана үнемі біз үшін біледі, біз үшін шешеді. Ата-ана не киетініңді біледі, не ішетініңді біледі. Сен не білесің?! Мен білемін» деген диктаторлық тәрбие. Сондай тәрбиеде өскендер көп жағдайда өмірде нұсқап, айтып отыратын адамдарды қалайды”,- дейді Ғалияш Махашева.
Психологтың пікірінше диктаторлық тәрбиеде өскендер көп жағдайда коучтарды “жанашыр” ретінде көреді, өйткені кезінде оның мәселесін ата-анасы шешкен болса, ата-ана жоқ кезде жол көрсететін жанды іздеп отырады екен. Сондай тәрбиеде өскендер бала кезде есте сақтап қалған паттерннің кесірінен тек коучтарға емес, нумеролог, астролог сияқты нұсқап отыратын адамдарға да сеніп қалатын көрінеді.
Фото: Психолог Ғалияш Махашева
«Кейде мотивацияның өзі жеткілікті болады»
Коучинг индустриясының жылдам өсуі оның коммерциялық сипатын айқын көрсетеді. Көптеген коучтар қымбат бағдарламалар мен курстар ұсынады, алайда олардың барлығы бірдей сапалы ма, әлде тек маркетингтік айла-шарғы ма? Кейбір коучтар сертификаттау процесінсіз немесе жеткілікті тәжірибесіз жұмыс істейді, бұл клиенттің сенімін ақтамауы мүмкін. Сонымен қатар, көп жағдайда коучингтің ұсыныстары қарапайым мотивациялық сөздерден аспай жатады. Солай болса да кейде барлық адамға психотерапиялық жаттығулардың қажеті жоқ, кейбір адамдарға тек мотивация мен түрткі болатын сөздер жеткілікті болуы мүмкін. Алайда коучтарға айтуға болмайтын сөздер бар. Одан бөлек, арнайы психологиялық жаттығуларды өткізуге хақысы жоқ деп есептейді Ғалияш Махашева. Оның айтуынша:
“Коучинг — басқа елдерде заңдастырылған, кәдімгі мамандар секілді. Олардың шектеулі регламенттері бар. Жеке терапия өткізіп, адамдарды жылатып, топтың ортасында тұрып, оларды ортаға шығарып оның ішкі жан дүниесін ақтарып терапиялық әдістерді өткізуге құқығы жоқ. Бізде заңдастырылмаған өкінішке қарай, гештальт терапияның да үзінділерін коучтар жасап жатады. Заңдастырылмаған дүние болғандықтан психоанализдің да қандайда бір элементтерін терапияда қолданып жатады. Осы жері үлкен қателік. Негізі коучтарға сенбеу керек деген сөз жоқ. Коучтар — мативаторлар, барлық адамдарға бірдей психотерапиялық дүниелер керек емес. Кейде мотивацияның өзі жеткілікті болады. Кейде дұрыс айтылған, орынды айтылған қолдау сөздердің өзі пайдалы болады. Робин Шарма, Джо Диспензаның құны қандай, ә!? Бірақ, біздің елімізде ондай мықты, сауатты коучтар аз”.
«Коучтарды психолог мамандармен шатастырмау керек»
Коучинг шын мәнінде пайдалы болуы мүмкін, бірақ ол барлық мәселеге әмбебап шешім ұсына алмайды. Сондықтан оларды психолог мамандармен шатастырмаған жөн. Адамның психикасында қандай да бір мәселе туындаса психолог маманмен жұмыс істегені артық. Ғалияш Махашеваның айтуынша психологияның өзі екіге бөлінеді. Консультация беретін психологтар және терапия жүргізетін психологтар. Консультация беретін психологтарға педагог психологтар, отбасылық психологтар жатады.
“Терапия бағытын «кигнитивная психология», «логотерапия» деп атайды. Одан кейін «гештальт терапия» және ең бастысы «психоанализ» бағыты бар. Психоанализ бағыты ол - психологияның атасы. Осы төрт бағыт - терапия бағыты. Яғни адамдармен терең, регрессияға түсіріп жұмыс істейді. Айта кету керек, бұлар регрессологтар емес.
Жалпы кәсіби мамандар ата-бабаларын қазып кетпейді, тек қана жатырға қалай бітеді, жатырға адам біткен кезінен басталатын сезімдерді зерттейді. Сол кезден бастап жұмыс істейді. Яғни, шынайылықпен ғана жұмыс жасайды. Психологтар негізінен ақыл-кеңес айтпайды. Ол бағыттаушылар ғана. Кәсіби мамандар адамды өзімен кездестіруші, өзінің сезімімен кездестіруші және сезімдерді танушы. Содан кейін өзінің қандай да бір травмаларын анықтауға көмектеседі. Біз негізінен невротиктермен жұмыс істейміз.
Психикалық ауру, психологиялық ауру болып бөлінеді. Психологиялық ауруға шалдыққан адамдар - невроздар. Психологтар солармен жұмыс жасайды. Коучтар олай бөлек жұмыс жасай алмайды. Коучтар жалпы инсайт беруші, қанаттандырушылар ғана”,-дейді Ғалияш Махашева.
Коучинг жетістікке жеткізетін жол ма, әлде уақытша үрдіс пе?
Психолог Ғалияш Махашеваның сөзінше коучингтің көмегімен де жетістікке жетуге болады.
“Кейбір адамдарда мотивациялық бір сілкіндіру қажет болып тұрады. Көбіне коучтардың ақылын естігеннен кейін ары қарай өсіп кететін жандар олар - «сау санадағы» адамдар. Ал, коучтардың ақылын естіп орындай алмайтындарда «бәрін түсініп тұрмын, бірақ неге істей алмайтынымды білмеймін» деген ой болады. Олар неге жасай алмайды, себебі оның басына бала кезінде коучтан да мықты «авторитет» болған ата-ана теріс қағидаларды орнатып қойған”,- дейді ол.
Бұл саланың коммерциялық жағы мен сапасыз мамандардың көбеюі тұтынушыны күмәндандырады. Коучингті таңдарда адам оның нақты қажеттіліктерін түсініп, коучтың тәжірибесі мен кәсібилігіне ерекше назар аударуы керек. Әйтпесе, бұл тек қымбат иллюзияға айналуы мүмкін.
«Коучтар берген ақылды психолог та айтуы мүмкін, ал коучтар мықты психолог болуы екі талай»
Коучтар мен психологтар арасындағы айырмашылықты айқындау кәсіби шекараларды сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Адамдардың психикалық денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда коуч оны психолог немесе психотерапевтке бағыттауы керек. Психолог Ғалияш Махашеваның айтуынша жай психологтар да консультациялық негізде ақыл-кеңес беруі, инсайттар көрсетуі мүмкін. Бірақ жүйке бұзылысындағы жағдайда шынайы маманға жүгінген жөн.
“Психотерапевт-психологтар, яғни терең терапиямен айналысып, бір бағытты ұстанған мамандар олар - терең травмалармен жұмыс істейді. «Білмеймін неге олай?!» деген басындағы қоқыстардан арылтып, онымен терең жұмыс істей алады. Регрессия арқылы денедегі қалып қойған бала күнгі қорқыныш, үрей, ұялу деген сияқты сенімсіздіктерін басқа сезімдерге ауыстыру арқылы адамның санасын есейтеді. Ересектерде бұл терең, ұзақ уақыт жасалатын жұмыс. Осыдан кейін барып олар коучтардың берген ақпаратын қабылдай алады”, - деп отыр Ғалияш Махашева.
Қорыта айтқанда коучинг арқылы жетістікке жетуге болады. Бірақ оның білімі мен тәжірибесін зерттеп көрген артық етпейді. Қазіргі таңда елімізде отбасылық мәселені шешетін коучтардың саны артып келеді. Дегенмен, олардың барлығы бірдей білікті деген сөз емес. Олардың қағидалары мен айтқандары қазақ ұлтының тәрбиесі мен салт-дәстүрлеріне сай келмеуі мүмкін. Сондықтан, коучтың курсын ақша жұмсап сатып алмас бұрын оның білімін бақылаған дұрыс.
Бекболат МҰХТАР