Елордада коронавируспен ауырған 119 адам стационарда ем алып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалада індетке шалдыққандар саны 14 710 адамға жетті, оның ішінде 14 069 адам немесе 96 пайызы жазылып шықты. Қайтыс болғандар саны - 318 (2,2%). 119 адам стационарда ем алуды жалғастыруда. Оның ішінде 114-і инфекциялық ауруханада, қалғандары карантин стационарында», - деді Т. Мұратов онлайн режимде өткен коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары бойынша баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 1020 орыны бар 7 аурухана қызмет жасауда, оның бесеуі инфекциялық (320 төсек), екеуі карантиндік (700 төсек).
«Жедел жәрдем қызметіне қазір тәулігіне қала тұрғындарынан 1 500-ден астам қоңырау шалынуда, соның ішінде үйге шақыртылғандар саны 1100-ден асады. Ал КВИ бойынша сұрақтармен телефон шалудың орташа саны 14-ке жетіп отыр», - деді басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, қалада 6 қазан мен 5 қараша аралығында 153 рейс қабылданды, яғни бұл шамамен 18 мыңға жуық жолаушы. Олардың арасында 3 028 жолаушы карантин стационарына жатқызылып, соның бесеуінде індет анықталды.