Бірде Жәбірейіл алейһиссалам ақыл, ұят және иманды Адам алейһиссаламға әкеліп былай депті: – Ей, адам! Алла Тағала саған сәлемін айтты. Алып келген мына үш сыйлықтың бірін қабыл алуыңды бұйырды.
Адам алейһиссалам:
– Әкелген бұл үш сыйлықтың ішінен ақылды қабыл алдым.
Жәбірейіл алейһиссалам иман мен ұятқа қарап:
– Сендер бара берсеңдер болады, – дейді.
Сонда иман оған:
– Алла Тағала маған ақыл қайда қалса, сен де сонда қал деп бұйырған. Сондықтан мен ақылдан айырылып кете алмаймын!
Ұят та:
– Алла Тағала маған да дәл солай бұйырған. Мен де ақылдан айырылып кете алмаймын!, – депті.
Демек, Алла Тағала кімге ақыл берсе, ұят пен иман онымен бірге болады. Ақылы болмаған адамның ұяты да, иманы да болмайды. Бұдан шығатын тұжырым не?
Жалпы, адамның ақыл-ойлылығы мен имандылығы және ұятты кісі екенін оның болмыс-бітімінен, сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан айқын аңғаруға болады. Бірақ адамға ақыл қайдан келеді? Оның барлығы да мидың салмағына қатысты ма, жоқ әлде білімнен, ізденуден бе, «оқып туғаннан» ба?
Баз біреулер ұлы ойшылдар ғана қателік жасамайды дер. Бірақ, өмірде күлкі келтіретін өз көрінісінен өліп кеткен ақылдылар өте көп. Мысалы, XVII ғасырда өмір сүрген сарай композиторы Жан-Батист Люли король үшін музыка жазып, патшасының өмірін жырлап, сырнайлатып өткен. Өнерге деген махаббатты қашанда жоғары қойған ол, репетиция кезінде шабыттанғаны сонша лық, артындағы сынық еденге аяғынан тығып алып, содан зардап шеккен. Қантамыры зақымданып, ақыры содан өлген. Грек философы Хрисиптің әрекетін жындының ісіне баларсыз. Ол есектің астаудағы арақты ішіп, масайған түріне қарап, күлкісін тоқтата алмай, ішегі түйіліп, өмірден бір демде өтіп кеткен. Атақты иллюзионист Гарри Гудинидің өмірі де аянышты, сиқырлы көріністерімен талайды табындырған Гарри көз алдында көрерменінің қолынан қаза табады. Ауыр жүк пен әртүрлі сымдарды денесінен өткізіп жүрген сиқыршы кезекті бір қойылымда көрерменді сахнаға шақырып, ішінен ұруды сұрайды. Бұл әрекеттің соңы қайғылы өліммен аяқталды. Қарапайым адамның соққысына шыдай алмай, ол өмірден өтті. Мына бір көрініс те таңғалдырмай қоймайды, француз сазгері Клод Франсуаны электр тогы соғып өлтірген. Ақылды сазгер ақымақтық жаса ған, су толы ваннаның ішінде тұ- рып, сөніп қалған электр лампасын ауыстырып, орнына жаңасын салмақ болған. Нәтижесі... Өлім!
Негізі адамның ақылдылығы оның миына қарап бағаланады десек, бұл дұрыс па? Егер осы пікірге ден қоятын болсақ, ауыр салмақты ми – Тургеневтікі (2012 грамм), ал Эйнштейндікі – 2000 грамм.
Психологияда «интеллект коэффициенті» деген бар. Бұл ереже бойынша адамның өресінің мықтылығын арнайы тест сауалдары арқылы анықтайды. 1912 жылы неміс ғалымы Штерн енгізген бұл жүйе шындығында әлемдегі кімнің ақылды, логикалық жағынан ойлау, тез арада шешім табуымен, тапқырлығымен өлшенеді. Кім бұл сұрақтарға көбірек дұрыс жауап берсе, сол данышпан. Бірақ, ол қаншалықты қисынды? Мысалы, Штерннің арнайы тест ережесі бойынша 0 ден 19-ға дейінгі бірлік көрсеткіші бар адамдардың ақыл-ойы дамымаған болып саналады. 20-36 бірлік – кеш дамуы, 69-85 бірлік – орта деңгейге жақындауы, 86-144 бірлік – орта деңгей, 115-124 бірлік – орта деңгейден биік, 125-134 бірлік – ақылы толысқан, ал 135-тен жоғары көрсеткіш – данышпан деп саналады екен.
Олай болса ғаламға аты мәшһүр танымал тұлғалардың ой-бірлік өлшемін сараптап көрейік. Мысалы, жазушы Онере де Бальзактың өре өлшемі 187 бірлікті құрайды, ал біз сөз еткен ғалым Альберт Эйнштейннің бірлігі – 180. Бұл ретте Билл Гейтс – 160, Хиллари Клинтон – 140, Владимир Путин – 134. Джордж Буш – 120, Анджелина Джоли – 118, Алла Пугачева – 106, Бритни Спирс – 98, Пэрис Хилтон – 70.
Бұл жерде Штерн тестіне қатысты дау айтуға болар: Мысалы, Пэрис Хилтоннің өре өлшемі «70» деген бірлік санды көрсетіп тұр. Ережеге сенсек, оның ақылдылығы «орта деңгейге жақындау» болып есептеледі. Бірақ Пэрис Хилтонның танымалдылығы өте жоғары ғой. Фотомодель, дизайнер, әнші, актриса, әлемдегі атақты «HiltonHotels» қонақүйлер желісінің қожайыны ретінде оны бүкіл әлем біледі. Салыстырмалы түрде қарайық. Мысалы, Гетенің өре өлшемі 200 бірлікті құрайды. Бұл орайда Ньютон мен Вольтер – 190, Галилея – 185, Леонардо да Винчи – 150, Бах пен Дарвин – 140, Коперниктің өре өлшемі – 130 бірлікті көрсетіп тұр. Ал, әлемде қай ұлттың, қай мемлекеттің өресі биік? Жалпы, таразыға салар болсақ, әлемдегі халықтың 50 пайызының өресі 90 мен 110 бірлікті құрайтынын айта кету қажет. Жер шары тұрғындарының 2,5 пайызы ақылы толыспаған, миы дамымай қалған деп есептелінеді. 2,5 пайызы ортадан, қалғаны ортадан жоғары, ал 0,5 пайызы ақылды адамдар санатына жатқызылады екен.
Тарихтың танымдық парақтарын сараптар болсақ, ақылды болғанымен ақымақтық әрекет жасайтын атақтылардың қатары аз емес. Атақты Jack Daniel’s вискиінің иесі Джек Дэниэл қаны зақымданғаннан кейін алты жылдан соң өзі істеген ақымақтық әрекетінің зардабын тартты. Джек сейфінің паролін ұмытып қалып, оны аяғымен теуіп, сындырып ашқан. Ақырында аяқ тамырын сейфтің темірі қиып кетіп, қаны іріңдеп кетіп, қайтыс болған. Ақылдылардың қисынсыз әрекеті кейде тіпті күлкілі көрінеді.
XVI ғасырдың астрономы Тихо Браге өзінің әріптесі Исаак Ньютонға көмектесіп тұрып, көз жұмған. Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс күші теориясына лабораторияда сынақ жүргізу сәтінде әжетханаға баруға уақыты болмай, қуығы жарылып, дүниеден өткен. Ол уақытта зерттеу жұмыстары біткенше, ешкім үстелді тастап кете алмаған. Сөйтіп, 11 күннен кейін Тихо Браге ауруханада қайтыс болды. Атақты астроном сөйтіп, бүкіләлемдік тартылыс күші теориясының ашылуын күтпей, «жұмысқа деген жауапкершіліктің салдарынан» зардап шеккен күйі дүниеден өтті. XVI ғасырдың ұлы ойшылы, қоғам қайраткері атағы дардай, елге есімі белгілі Фрэнсис Бэкон басына ғаламат бір идея келіп, соны жүзеге асырмаққа бел байлайды. Ол тауық етін сасытпай сақтаудың жолдарын іздеп, оны қардың астына көму арқылы жаңа әдіс іздемек болады. Ақырында, тауық емес, өзі қарлы боранда үсіп өледі.
Жалпы, білім мен ақылдың өлшемін таразылар болсақ, мынадай қисынды салыстырмалы жағдайларға тап боласыз. «Білім – тек көп оқу мен есте сақтау қабілеті арқылы келеді. Ал, ақыл – туабітті пайда болады. Негізінен білімді адамды мүлдем ақылсыз деп айтуға келмес, бірақ білімді болу үшін онша көп ақылдың керегі жоқ», – дейді фәлсапа соғушылар.
Ал, қазақы танымға салсақ, ақыл мен білімнің кені – Абай. Бұл туралы Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. «Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; ▫екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек: ▫төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек» дейді қазақтың данышпаны.
Сонымен қатар Абай он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?», – дейді.
Демек, өз-өзіне есеп беріп, байыппен жүру естілікті, ақылдылықты көрсетеді емес пе?
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
aikyn.kz