ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев халық наразылығын тудырған білім саласындағы түйіткілді жағдайларға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Е.Сағадиев Білім және ғылым министрлігінің фейсбуктегі ресми парақшасында арнайы видео-үндеу жасап, нақты ақпараттар берді.
"Құрметті ұстаздар, ата-аналар жəне оқушылар!
Соңғы кезде сіздер Интернет желісінде ҚР БҒМ-нің мамандықтар классификаторындағы "Қазақ тілі", "Қазақ əдебиеті", "Қазақ тарихы", "Лингвистика", "Шығыстану" сынды мамандықтарды жоғары оқу орындарынан алып тастағаны туралы, немесе ҚР БҒМ "Серпін" жобасының жұмысын тоқтатып, министр Сағадиев еліміздің ЖОО-да ежелгі қазақ тарихы кафедраларын жауып, осы пəннің жүргізілуін доғарғаны туралы ақпаратты кездестіруіңіз мүмкін.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын, сондай-ақ мұндай хабарлардың шындығында неғұрлым көп қазақстандықтарды қисық жолға бағыттап, жалғанға сендіруді көздеген қитұрқы əрекеттер екендігін білген абзал. Аталған қауесеттерді жоққа шығарып, ақиқатты жеткізу мақсатында бүгін кешке ҚР білім жəне ғылым министрі Ерлан Сағадиев сіздерге арнап бейне жауап дайындады. Бұл бейнематериалда министр жоғарыда аталған мəселелерге қатысты қандай жағдай қалыптасқандығы жөнінде шынайы мəліметтер береді.
Құрметті педагогтар, ата-аналар, оқушылар, біз сіздерді тек сенімді дерек көздерінен таратылатын ақпаратқа жүгінуге шақырамыз. Мұндай мəліметтерді ҚР БҒМ-нің желідегі ресми аккаунтына жазылып алуға болатындығын жеткізгіміз келеді", - дейді министрліктің баспасөз қызметі.