Қазақстанда оқушыларға арналған олимпиадалардың саны кеңейтілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ана-аналар мен мектептер үшін тағы бір ақпаратты жеткізбекпін. Білім және ғылым министрлігінің олимпиадалар тізбесін бекіту бойынша тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өз кезегінде сапалық өзгерістерге қатысты. Осы жылға дейінгі олимпиадалардың тізбесінде 56 олимпиадалық іс-шара қарастырылған болса, бүгінгі күні бекітілген тізімде 175 іс-шараға дейін кеңейтілді. Әртүрлі бағыттарда дарындылықты анықтайтын олимпиадалардың саны ғана емес, жарыстардың сапалық сипатталамалары да өзгерді», - деді Ш. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, енді барлық олимпиаданың мектептік, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейлері болуы шарт.
«Бұл балаларды ынталандыру үшін маңызды әрі педагогтардың еңбегін көтермелеу тұрғысынан да керек. Өйткені нәтижелер олардың қызметін, біліктілігін бағалау кезінде электронды түрде мұғалімнен сұраусыз ескерілетін болады. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары мен орта буын оқушылары үшін бұған дейін тізбеде ешбір олимпиадалар қарастырылмаған еді. Қазіргі тізбеге осы буындар бойынша тиісті олимпиадалар негізгі пәндер тұрғысынан қарастырылды», - деді вице-министр.
Бұдан бөлек, ауыл оқушылары үшін зияткерлік жарыстар қарастырылып отыр. Олар өте маңызды, өйткені көп жағдайда ауылдық оқушылар қалалық гимназия, лицей оқушыларымен бірге қатысып, бәсекелесуге мүмкіндіктері болмай жатады.
Мұнымен қоса, дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдар үшін зияткерлік жарыстар қарастырылды.
«Сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған жоғары оқу орындарының олимпиадалары анықталды. Олардың мақсаты – мамандыққа тарту, кәсіптерді игеру үшін тереңдетілген білімдерді анықтау, кәсіптік бағдарлау жұмысы», - деді Шолпан Каринова.
«Енді оқу жылының басында барлық ұйым олимпиадалар мен конкурстарды өткізу туралы ережелерді, ондағы бағалау өлшемшартын, қатысу шарттарын, өткізу мерзімдерін атап, толық ақпаратты білім мекемелеріне жеткізетін болады. Барша жарысқа қатысушылардың базасы және олардың нәтижелері Ұлттық деректер қоры жүйесінде электронды түрде қолжетімді болады. Сонымен бірге, жарыстар тізбесінде экология, SMART- технологиялар мәселелері, конкурстар мен олимпиадалар, зерттеу конкурстары енгізілді», - деді вице-министр.