2021 жылдан бастап жоғары оқу орындары жеке үлгідегі дипломдар береді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Telegram каналында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жеке үлгідегі дипломдар жұмыс берушілерге маман даярлау сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Дипломдарда жоғары оқу орны, білім беру бағдарламасының атауы, бітірушінің деректері, оқыту нысаны көрсетілуі тиіс. Берілген дипломға дербес жауапты болатын ректордың қолы болуға міндетті. Әр дипломда БҒМ жасаған бірегей сәйкестендіру нөмірі болады.
«Білім туралы» заңға сәйкес әр дипломда қорғаныс белгілері болуы керек. Жоғары оқу орнының осы оқу орнында оқымаған, білім беру бағдарламасын аяқтамаған адамға диплом беруі лицензиядан айыру және аккредиттеуді кері қайтарып алу үшін негіз болады. Жеке үлгідегі дипломдарды қолдан жасау ресми құжаттарды қолдан жасау болып саналады. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жауапкершілік көзделген», - деп атап өтеді министрліктен.