Білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл Қазақстанда білім гранттарының саны 5 мыңға артатынын мәлімдеді. Министр бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Министрдің айтуынша, келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы да бар. Маңғыстаулық Азамат Дәден оқуға түсуде «Серпін» бағдарламасын пайдалануды да ойластырып жүрген түлектің бірі. Оның айтуынша, жастар барлық мүмкіндіктерді қарастыруы қажет.
«Мен биыл оқуға тапсыратын талапкерлердің бірімін. Таңдаған мамандығым – медицина. Ал оқитын өңірді таңдамаймын. Мен таңдаған мамандық сұранысқа ие саланың бірі болғандықтан, егер мемлекеттік грант болмаған жайдайда «Серпін» бағдарламасы арқылы Солтүстік өңірге баруға да дайынмын. Ең бастысы, елге қажет маман болып қалыптасып шықсам болғаны», - дейді Азамат Дәден.
Айта кетейік, 2014 жылдан бастап Қазақстанда «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Бағдарлама мақсаты - халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр. «Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды.
Сонымен қатар, Білім министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейін грант саны 50%-ға артатынын атап өтті.
«Сондай-ақ, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде тағы 5000 грант бөлу қарастырылған. Бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттың жалпы саны - 56 561. Магистратура бойынша - 13 263, докторантура – 1890. Кадр даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді», – деп атап өтті министр.
Айта кеткен жөн, жыл сайын жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді. Ал 500 қазақстандық ғалым «Болашақ» бағдарламасы аясында танымал әлемдік ғылыми орталықтарға тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқу үшін 1 055 стипендия бөлінді, оның 555-і магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінетін болады. Тағы 500 стипендияны ғалымдар алады. Стипендияға үміткерлерге академиялық оқу үшін 80 мамандық және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандық ұсынылады. 2021 жылы «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау тек EGov порталы арқылы ағымдағы жылдың 4 мамырынан 28 қазанына дейін үздіксіз жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл Қазақстанда білім гранттарының саны 5 мыңға артатынын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді, оның ішінде «Серпін» бағдарламасы да бар. Сондай-ақ, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде тағы 5000 грант бөлу қарастырылған. Бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттың жалпы саны - 56 561. Магистратура бойынша - 13 263, докторантура – 1890. Кадр даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді.