08 қаң, 2021 сағат 10:15

Билбордтағы жарнамаға ақы төлеу және орналастыру ережелері қандай?

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі билбордтағы жарнамаға ақы төлеу мен орналастыру ережелері туралы, сондай-ақ осы сала кімнің бақылауында екеніны айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Көрнекі жарнама үшін ақы оны жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жүріс бөлігінде, елді мекендердегі үй-жайдан тыс ашық кеңістікте орналастырғаны үшін алынады. 

Бұл Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (Салық кодексі) 603 бабының 1-тармағында көрсетілген. 

Жарнама саласындағы уәкілетті орган - ҚР Ұлттық экономика министрлігі. Ведомство «Жарнама туралы» Заңының 17-1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру ережелерін әзірлейді және бекітеді.

Заң сонымен қатар Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратындығын және олар ескертусіз орналастырылған сыртқы (көрнекі) жарнаманы анықтайтындығын белгілейді. 

Салық кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей, сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырылған жердегі салық органдарына төлеушілер, алымдардың мөлшері, сыртқы (көрнекі) жарнаманың мерзімі мен орналасқан жері, уәкілетті орган белгілеген нысандағы хабарламалар жіберілу( жіберілмеу) туралы мәліметті беріп отырады. 

Осылайша, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін анықтау мәселесі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне кіреді, ал ескертусіз орналастырылған сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін анықтау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. 

Бұл ретте салық органдары жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпарат негізінде төлемдер алады.