4 тамызда кешке Ливанда болған жойқын жарылыс ел аумағынан тыс, тіпті Бейрут қаласынан 225 км қашықтықта орналасқан Кипрде де естілді. Қазіргі уақытта жарылыстың себептері белгісіз, өйткені тергеу әлі жүргізілген жоқ. Алайда, бір нәрсе анық: қандай да бір себептермен 2014 жылдан бері Бейрут портында сақталған аммоний нитратының шамамен 2700 тоннасы жарылды.
Ливан баспасөз құралдарының хабарлауынша, жарылғыш зат тәркіленіп, порттағы қоймада сақталған. Алайда, қоймада болу фактісі, шын мәнінде Ливан астанасының дәл орталығында бұл заттың портта болуы туралы ақпаратты қастық жасаушылар, соның ішінде Ливанда соғысып жатқан Израильдің пайдалана алмау ықтималдығын төмендетпейді. Олар үдайы елдің әуе кеңістігін бұзады, оның аумағындағы суларға жүзіп кіреді, сондай-ақ арнайы жабдықталған дрондардың көмегімен Ливан аумағында орман өртін ұйымдастырады.
Кешкі сағат 8-де ливандық дәрігерлер ресми түрде адамдардан зардап шеккендерді Бейрут медициналық мекемелеріне әкелмеуін өтінді (мамандармен бірге әрекеттерді үйлестіре алмай көптеген адамдарға мамандандырылған көліктер жетіспей, жеке көлікпен жеткізілді). Олардың айтуынша, осы уақытқа дейін жараланғандарды ауруханалық тұрақтарға жайғастыратын орын жоқ. Науқастарды елдің басқа қалаларының емханаларына жібере бастады.
«Мен үйге баратын 20 минуттық жолда елдің оңтүстік аудандарынан Бейрутқа қарай қайғылы оқиға орнына ағылған 20-дан астам «жедел жәрдем» көлігін кездестірдім. Зардап шеккендерге, жарақат алған адамдарға медициналық білімі немесе көмек көрсету дағдылары бар барлық адам шұғыл түрде емдеуге көмекке келді», дейді оқиғаны көрген куәгер.
Түнгі сағат екіде 3700-ден астам адамның жараланып, 70-тен астамының көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен қатар, көптеген адам үйінділердің астында қалған, олар жарылыс толқынынан зардап шеккен пәтерлерде болған. Дәрігерлердің айтуынша, кейбір жараланғандарды көрпелерге орап, ес-түссіз күйінде әкелген.
Зардап шеккендердің арасында дипломаттар да бар. Қазақстан Республикасының консулы (консулдық жарылыс эпицентріне жақын маңда орналасқан), сондай-ақ Ресей Федерациясының дипкорпусының қызметкері жарақат алған.
Сонымен қатар, жарылыстың эпицентрінде әйгілі Ливан сәнгері Зухеир Мурадтың дүкені болған.
Сарапшылардың алдын ала бағалауы бойынша, материалдық шығын бірнеше жүз миллион АҚШ долларын құрайды. Мұнда жарылыстан зардап шеккен және қираған құрылыстардың, әртүрлі компаниялар мен жеке тұлғалар мүліктерінің (пәтерлер, машиналар, жиһаз және басқа да жеке заттар) құны бар.
Зардап шеккен аудандарда барлық жерде дабыл қоңыраулары соғылуда.
Жарылыстан БАҚ редакциялары, кафелер, қонақ үй, шіркеулер және Бейруттың ең үлкен Мұхаммед Амин мешіті қатты зардап шеккен: іші қираған, кіреберістегі төбесі опырыла құлаған.
Ел үкіметі коронавирус пандемиясына байланысты ағымдағы аптада енгізілген карантин шаралары мен шектеулерін тоқтатты. Ал елдің қорғаныс кеңесі арнайы шұғыл отырыстан соң Бейрут қаласындағы қайғылы оқиғаға байланысты қабылдауды жоспарлап отырған шаралар тізімін жариялады. Олардың арасында жарылыс себептерін және оған кінәлілерді анықтау бойынша комиссия құру, елде екі апта төтенше жағдай енгізу, қаза болғандардың отбасыларына өтемақы төлеу және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету бар.
Сондай-ақ, Бейрут қаласындағы кемежайдың істен шығуына байланысты оны Ливанның солтүстігіндегі Триполи қаласында қайта жабдықтап, Ливанға жіберілетін жүктерді осы теңіз кемежайы арқылы қабылдап алу жоспарланған. Пәтерлері бүлінген тұрғындарды құрылыс материалдарымен жабдықтау және жарылыс салдарынан үйлерінен айырылғандардың проблемаларын шешу үшін қолдан келетіннің бәрін жасау жоспарланды. Ливандықтарды нанмен қамтамасыз ету шаралары да белгіленген, себебі кемежайдағы астық қоймасы айтарлықтай зардап шекті.
Өз тарихында ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіп отырған Ливан жергілікті түрғындар мен куәгерлер «Хиросима» деп атаған бұл қайғылы жағдайды жалғыз өзі еңсере алмайды. Оқиға орын алған соң алғашқы сағаттарда Ливанға бірқатар араб және еуропалық елдер көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.