24 там, 2016 сағат 14:31

Бейiт басындағы бәсекелестiк немесе "VIP-мазар" салуды қашан қоямыз?..

Қала маңынан шықсаңыз, сізді ұзын-сонар жол күтіп тұрады. Алшақтап бара жатқан жолдың бойынан ең алдымен көз алдымызға өткеннен сыр шертетін «ескі қалашық» түседі. Шындығында, олар құдды қалашық секілді салынған, марқұмдардың мекені – мазарлар еді. Иә, сәнделген бейіттерге қарап ескі қалашықтарды көргендей болатыныңыз сөзсіз. Кейбірі, тіпті, қымбат мәрмәр тастармен қаланып, алыстан «менмұндалап» тұрады.

Ал енді кей қабір басын арнайы жуып, тазалап тұрады екен. Дұрыс-ақ, оның айналасын таза ұстау керек. Ол жақты араласаңыз, қара жердің өзі екіге бөлініп беріле ме деген ой келеді. Өйткені, менмұндалаған мазарға қарап, кімнің қай әулеттен екенін аңғару қиын емес. Ал, айналасы кесекпен кішкене етіп салынған қабірге қарап, қарапайым адамдікі екенін білеміз. Жағамызды ұстадық, тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер емес пе... Осылай  тым әспеттеуге бола ма? Шариғатта бұл іс дұрыс па?

Бір кездері елімізде қабірді бұзу, көктасты қирату, темірлерін ұрлау секілді келеңсіздіктер орын алды. Сан ғасырлар бойы өзінің діні мен тілін, дәстүрі мен салт-санасын берік ұстанған ата-бабаларымыз келер ұр­пақтың қайырсыз бол­уын тілемеген болар. Елдің керегесін кең, терезесін тең ұстайды деп сенген ұрпақтың баба бейіттерін бұзуына қо­ғамның түрлі жағдайлары түрткі болды. Оның ішінде көпдінділік мәселесі де тіземізді бүктіріп-ақ тұрды. Ал, қабірлерді бұзу білімсіздік­ пен сауатсыздықтан туындап отырған жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармауы тиіс. Әйткенмен, бұл мәселенің аяқсыз қалмай қолға алынғаны көңілге қонымды.

Жасыратыны жоқ, қоғам қаншалықты дамыса, соншалықты деңгейде бәсекелестік артады. Байлықтан, киім мен тамақтан артылмаған бәсеке қабірге де жетті. Жол жиегіндегі мұнара секілді аспанмен тіресіп тұрған бейіттерді көргенде, қанша ысырапшылдық екенін бағамдауға болады. Жағдайы жетіп, қалтасы көтеріп тұрған соң әшекейлеп, әспеттеп салып жатқандар қатары күн санап көбейіп келеді. Күмбез тұрғызып, кесене орнату – негізінде шариғаттан қолдау таппайтын әрекет.

Дінтанушы Тұрар Әбуовтің айт­уынша, дініміз ислам бейіттерді асыра сілтеп салуға, әсемдеуге, күмбездеп, безендіруге үзілді-кесілді қарсы. Сондай-ақ, бейітті темір, ағаш және тағы да басқа заттармен қоршау шариғат бойынша дұрыс емес. Исламдық жерлеу рәсіміне назар аударсақ, қабір аяқ асты немесе мал баспайтындай етіп, саз кесекпен кіндіктің деңгейіне дейін қалануы керек. Содан соң мәйіттің кім екенін білу мақсатында белгі қойылып, оған тек аты-жөні, тегі, туылған және дүниеден өткен күні жазылса жетіп жатыр.

Бейітті қанша күмбездеп, сәндесеңіз де, ол марқұм­ға еш пайда бермейді. Тіпті, оны салған адамға да ешқандай­ сауап жоқ. Бар бол­ғаны ысырап­қа жол бергендік болып­ есептеледі. Ал, Құран­ға назар салсақ, ысырапшылық жайында былай дейді: «Шынында ысы­рапшылық жасаушылар шайтанның бауыр­лары, ал, шайта­н – Раббысына өте қарсы» (Исра, 111 аят).

Қалай болғанда да, бізде бәсекелестік басым. Бір-бірінен асып түседі. Жақында ғана ағасын жерлеген аты-жөнін айтудан бас тартқан қала тұрғынын сөзге тарттық. Қайғылы жағдайға душар болған азаматтың мазарын салуға отбасы бар күш-жігерін жұмсапты.

– 5000 жуық қызыл кірпіш пайдаландық. Ұзындығы шамамен екі жарым метр болды, 200 мың теңгеге іргетасын құйдырдық. Күмбезді басқа жақтан алдырдық. Құрылысшыларға төлеген ақша тағы бар. Жалпы, есептегенде бір бейітті көтеруге 2 миллион теңгедей ақша жұмсалды, – деді әлгі жігіт.

Ал, Түркия секілді елдердегі марқұмдардың жерленген жерін қарасаңыз, бәрін бірдей етіп салуды қолға алған. Оған қоса бәрі айналасына гүл, жасыл желек егіп қояды. Бар сәндегендері сол ғана...

Сонымен қатар, дінтанушы Тұрар Әбуов бейіт басына зиярат ету мәселесіне де өз ойын білдірді. Мұсылман қауымында қабір зияратының екі түрлі мақсаты бар.  Бірі – адамның болашақ барар жерін еске алып, ақыретке дайындалуы үшін ойлану, ғибрат алу мақсатында зиярат ету. Бұл жайында Пайғамбарымыз: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені, қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» деген. Қабір  тірілердің түпкілікті баспанасы, өлілердің мекені. Тірілер ол жерге барып, өздерін  алда күтіп тұрған жағдайларды ойлап ғибрат алады.

Жалпы алғанда, Ислам дінінің әрбір бұйрықтары мен тыйымдары адамзат­ баласының бақытына негізделген. Бейітті сәндеуді әрбір адам шариғатқ­а қайшы іс, ысырапшылдық деп түсінбесі анық.

– Шариғатта: «Өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой» деген. Ал, бақталастық жасап, тайталасып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз ысырапқа теңейді. Мазарларды бүгінгідей ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да ешқандай пайдасы жоқтығын халыққа жан-жақты тұрғыда түсіндірсек, нұр үстіне нұр болар еді, –  дейді дінтанушы.

Иә, мазар басын сәндеудің орнына ысырапқа жол бермей, өліге бағыштап құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың өзінде иман таразысын теңгеріп, тәубесін есіне түсіретіндей үлкен мән-мағына бар. Тірілер үшін бұл ой салатын жәйт...

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ,

журналист