Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сіздерді Министрліктің ұжымының және өз атымнан кәсіби мерекелеріңіз - Құрылысшы күнімен құттықтаймын! Құрылыс саласы - ұлттық экономикамыздың маңызды салаларының бірі. Ал жасампаздықтан тұратын құрылысшы мамандығы қай кезде де қоғамда ерекше құрметке ие. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында тәуелсіздік жылдары еліміздің сәулет келбеті көркейіп, қалалар мен ауылдар абаттандырылуда. Сапалы жолдар салынып, инфрақұрылымы жақсарып келеді. Қажырлы қызметтеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, қызметте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Еске сала кетсек, Қазақстанда құрылысшылар күні жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде атап өтіледі. Мереке 1956 жылы пайда болды. Құрылысшылар күнін Қазақстаннан бөлек, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Қырғызстан да өтеді.