06 қаз, 2025 сағат 15:28

Путинді мақтаған форум: Мәселе қалай ушықты?


Фото: mk-kz.kz


Алматыда өткен халықаралық BeWoman Asia 2025 форумында ресейлік психолог Алексей Ситников Владимир Путинді «пассионар тұлғаның» үлгісі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Ресей президенті әлемдік қысым мен соғыс жағдайына қарамастан «жеңіп келе жатқан» көшбасшы ретінде ерекшеленеді екен. 


«Қараңыздаршы, Путин соққыны қалай қабылдайды?! 55 мемлекет онымен соғысып жатыр, ал ол жеңіп келеді. Трамптың оны ұшақ баспалдағында қалай қарсы алғанын көрдіңіздер ме? Ол ешкімді бұлай қарсы алмайды. Демек, пассионарлық тек ұлтқа ғана емес, тұлғаға да тән қасиет, әрі ол әлемді өзгертетін күшке айнала алады», — деді Ситников сахнадан сөйлеген сөзінде.


Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды, деп жазады Ult.kz тілшісі. 


Шоу артындағы дау


Форумға қатысты былтыр бірқатар дау шыққан. Визажистер мен hair-стилистерге «жұлдыздармен жұмыс істеу мүмкіндігі үшін тегін қызмет көрсету» ұсынылған. Бұл ұсынысты ұйымдастырушылар емес, делдал компания атынан Роберт Алдияров таратқан.


Юлия есімді стилист  бұл ұсынысты сынға алып, «Әдемі шоу артында ақысыз еңбек жатыр» деп жазды. Осы оқиға форумның басты идеясына – әйел еңбегін дәріптеу ұстанымына көлеңке түсірді.  Бұл оқиға BeWoman имиджіне алғашқы күмән ұялатты. Әйел еңбегін дәріптеуді мақсат еткен форум неге әйел еңбегін бағаламады? Белгісіз.


Былтыр тағы бір оғаш жағдай болды: өзін Президент әкімшілігінің өкілі ретінде таныстырған Арнұр Апсеитов Жанна Канға «Адал еңбек үшін» медалін табыс етті. Кейін оның бұл марапаты жалған екені анықталып, сот шешімімен жаза тағайындалды.


Жанна Кан: «Мұндай марапат бар екенін де білмеппін», – деп түсініктеме берді.


Қоғам пікірі: миссия ма, маркетинг пе?


BeWoman форумы туралы пікір екіұшты. Бірі – оны әйел әлеуетін ашатын шабыт алаңы десе, екіншісі – сән мен пиарға құрылған шоу ретінде көреді.


YouTube-та жарияланған «BeWoman немесе BeЖанна?» атты бейнематериалда автор бұл шараны «жеке брендті жылжыту құралы» деп сипаттайды.


Әлеуметтік желілерде жиі айтылған сындар: қоғамдық миссия емес, имидждік PR акция, шынайы әйел проблемаларынан алшақ glamour-шоу, қымбат билет – аз мазмұн.


Досым Сәтпаев: «Кейбір элита әлі де өз деколонизациясын өткермеген»


Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев әлеуметтік желіге бүгін жариялаған жазбасында елде өтетін форумдар төңірегіндегі дауды кең контексте қарастырып, Қазақстандағы кейбір мәдени жобалардың идеологиялық бағытына сын айтты.


Оның айтуынша, соңғы жылдары елде Ресейлік инфосығандар, поп-мәдениет өкілдері мен псевдо-журналистерді шақыру үрдісі жиілеген.


«Кейбір адамдардың ақшасы бар болған соң, Ресейден түрлі инфосығандар мен комиктерді шақыруға деген “құштарлығы” алаңдатады. Олардың көпшілігі әлдеқашан зомбожүйенің бөлігіне айналған», — дейді саясаттанушы.



Сәтпаев мұны сананың отарсызданбауымен байланыстырады:


«Кеңес Одағы ыдырағалы 30 жылдан асса да, кейбір элиталық топтар әлі де өткеннің көлеңкесінде өмір сүріп жатыр», — деп жазады ол.


Саясаттанушының пікірінше, егер форумдар шын мәнінде зияткерлік алаң болғысы келсе, көрші елдің насихатшыларын емес, нақты ой иелерін шақыруы қажет.


«Мемлекет қаржысын үгітшілерге емес, нағыз ой өндірушілерге жұмсау керек. Өйткені көрші елдің насихатшыларын жөні түзу қоғам әлдеқашан қабылдамай қойған», — дейді ол.


Соңғы жылдары Қазақстанда әйел көшбасшылығы мен гендерлік теңдік тақырыбы қоғам назарында жиі қозғала бастады. Әлеуметтік желілерде, саясатта, бизнесте әйелдің рөлін күшейтуге бағытталған жобалар мен форумдар көбейді. Солардың ішінде ең көп талқыланғаны – Алматыда өткен BeWoman форумы.


Алматыдағы Республика сарайында халықаралық BeWOMAN Asia 2025 форумына  әлемнің түкпір-түкпірінен келген спикерлер қатысып, технология, бизнес, экология, психология, экономика және саясат салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті. Форум спикерлерінің қатарында танымал журналист Владимир Познер, бизнес-тренер Ирина Хакамада, тележүргізуші Динара Сәтжан және мотивациялық спикер Брайан Трейси бар. 


Жалпы, іс-шараға 20 елден 100-ден астам сарапшы қатысып, өз салаларындағы өзекті тақырыптар бойынша баяндама жасады.


Ақбота Мұсабекқызы