01 мам, 2021 сағат 12:50

Бельгияда пандемияның үшінші толқыны: Пациенттер арасында жастар көп


Бельгия ауруханаларына COVID-19 вирусына шалдыққан пациенттер туралы мәліметке сәйкес, стационардағы науқастар қатарында жастар көбейген, оалрдың көбінің артық салмағы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елдің жетекші вирусолог дәрігері Ив Ван Летемнің айтуынша, вакциналау науқаны қарқынды жүргізілгендіктен ауруханаларға түскен науқастардың жасы айтарлықтай төмендеп келеді. 

Бельгияда коронавирустың «үшінші толқыны» басталғалы (ақпанның ортасынан бастап), КВИ жұқтырған пациенттердің жартысы - 66 жасқа дейінгілер. 

«Бұл екінші толқын кезеңіне қарағанда жеті жас кіші, сондықтан өте маңызды», - дейді И.Летем. 

Ол аталған үрдісті егде жастағы адамдар арасында вакциналау жүргізілгенімен байланыстырып отыр. Қазіргі кезде Бельгия ауруханаларында коронавирус диагнозымен жатқандардың 31 пайызы - 45-50 жас аралығындағы адамдар. Ауруханаларға түсіп жатқан пациенттердің 2 пайызы ғана қарттар үйі немесе мамандандырылған пансионаттардан жеткізілген. 

Пандемияның «екінші толқынында» бұл көрсеткіш 20 пайыз болды. Бұдан басқа, қазіргі кезде коронавирусқа шалдыққан пациенттерде аурудың негізгі патологиясы аз. «Екінші толқын» кезінде пациенттердің 50-60 пайызында кем дегенде екі созылмалы ауруы болған. «Үшінші толқында» бұл көрсеткіш патологиясы бар науқастардың 30-50 пайызында ғана. Бұл ретте мұндағы ілеспе фактор – семіздік. 

Бельгиялық вирусолог маманның пікірінше, елде КВИ науқастарының қайтыс болуының азаюы ауруды жақсы емдеудің арқасында болып отыр. Бұдан басқа, бұл көрсеткіш ауруханаларға келіп түсетін пациенттердің жасының төмендеуіне де байланысты. 

«Бельгиядағы әрбір оныншы пациент COVID-19 вирусымен күресте әлі де жеңіліп жатыр. Бұл жағдай 2020 жылдың басымен салыстырғанда жақсарды, себебі ол кезде он пациенттің ішінде екеуі көз жұматын. Алайда өлім-жітім деңгейі әлі де жоғары», - деді И.Летем. 

Бельгияның қарқынды терапия бөлімдерінде әлі де пациенттердің үштен бір бөлігі коронавирустан көз жұмып жатыр. 

Бельгияда ел тұрғындарының 30 пайызына вакцина салып үлгерді. Осыған байланысты ел үкіметі карантин шектеулерін біртіндеп алып тастауға кірісті.