Азаттықтың Қазақ редакциясы Алматы бюросының веб-редакторы, журналист Рахат Мамырбек дүниеден озды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Журналист 11 желтоқсан күні денсаулығы кенеттен нашарлап, инсультпен ауруханаға түскен және бүгін таңертең Алматы ауруханасында көз жұмған.
Рахат Мамырбек 1978 жылы 10 ақпанда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетін тәмамдаған.
Журналистикадағы қызметін 2001 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, «Мезгіл» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының редакторы болып бастаған. Кейінірек, әр жылдары КТК, 31 арна және «Алматы» телеарналарында жұмыс істеген. «Қазақстан» телеарнасында жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.
2010 жылдан бері «Азаттық» радиосының Алматы бюросында веб-редактор болып қызмет атқарған.
Өзінің білімі мен білігін, ақылы мен парасатын қатар үйлестіріп, саналы ғұмырында бүгінгі бұқаралық журналистиканың дамуына елеулі үлесін қосқан, "ар мен намыс мінберінде" елдегі қызуы тарқамаған саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани мәселелерді көтеріп, бар болмысымен ұлттық сана-сезімнің оянуын қалаған, сөйтіп, туған халқының игілігіне қалтқысыз қызмет еткен азаматтың есімі уақытпен бірге жасай бермек. Біз болсақ, өз кезегімізде, мезгілсіз дүниеден озған қазақтың аймаңдай перзентінің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, жолдастары мен замандастарына қайғырып көңіл айтамыз. Жаратқан қазаның артын қайырлы қылып, марқұмның ізін жалғап, отын өшірмес ұрпағына ұзақ та баянды өмір бергей!..