Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Абай шығармашылығының аудармашысы, белгілі неміс әдебиеттанушысы Леонард Кошутқа ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, аталмыш атақ неміс әдебиеттанушысына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлы ойшыл, ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай тапсырылған.
«Жоғары награданы Елшілік ғимаратында салтанатты түрде табыстау кезінде Елші Л.Кошутқа Абай туындыларын неміс тілді оқырмандарға таныстыру арқылы Қазақстан мен Германия арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға жылдар бойы шығармашылық үлес қосқаны үшін алғыс білдірді»,-делінген хабарламада.
Л.Кошут 1923 жылы 25 шілдеде дүниеге келген. Оның кәсіби қызметі орыстың классикалық және ХХ ғасырдағы Совет Одағының әдеби шығармаларын неміс тіліне аударумен байланысты болды.
ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігінің «Қазақ кітапханасы» жобасы аясында 2007 жылы Герольд Бельгер мен бірге Л.Кошут Абайдың «Қара сөздерін» неміс тіліне аударды, ал 2018 жылы «Zwanzig Gedichte» деп аталатын неміс тіліндегі Абай өлеңдерінің жинағын жариялады.
Сонымен қатар, Л.Кошут Олжас Сүлейменовтің «Көшпенділер азимуты» атты поэзия жинағын неміс тіліне аударған.