05 сәу, 2026 сағат 14:35

Белгілі ақын Зұқай Шәрбақынұлы өмірден өтті

Фото: ашық дереккөз

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі Зұқай Шәрбақынұлы дүниеден озды, деп хабарлайды Ult.kz.

Зұқай Шәрбақынұлы 1940 жылы Моңғолияда дүниеге келген. Ол Моңғол педагогикалық институты мен Партия жоғары мектебін тәмамдаған. Еңбек жолында Моңғолияның батысындағы қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий өңірінде спорт және әкімшілік салаларында жауапты қызметтер атқарды.

Қаламгер 1960 жылдардан бастап әдебиетке ден қойып, поэзия мен прозаның түрлі жанрында өнімді еңбек етті. 1970–1990 жылдары Моңғолияда «Көкпар», «Ақ жаңбыр», «Сыр маржандары», «Көңілдің көкжиегі», «Жайлау сазы» сынды жыр жинақтары жарық көрді.

1992 жылы тарихи Отанына оралғаннан кейін де еңбек жолын жалғастырып, Ақмола облысында түрлі қызметтер атқарды. Қазақстанда «Киелі қанның тамшысы», «Нар тұлға», «Бедерлі ғұмыр», «Қияда түлеген қыран», «Қойтасты қойнауы жасырған сыр» сияқты прозалық еңбектерімен қатар «Айбыным – Атамекенім», «Аспан асты – кең мекен», «Тылсым тірлік тағылымы», «Өмірдің өң бедері», «Қарт жүректің алауы» секілді кітаптары жарық көрді.

20-дан астам кітаптың авторы болған ол көптеген жыр мүшайраларының жүлдегері атанып, қазақ әдебиеті мен руханиятына сүбелі үлес қосты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қаламдас әріптестеріне қайғыра көңіл айтты. Қаламгердің жарқын бейнесі мен тағылымды мұрасы ел жадында мәңгі сақталады.