14 нау, 2016 сағат 20:54

Бексұлтан Нұржекеұлы: Ойдан тарих жасау — қылмыс

«Біздің тарихшыларымыз архивпен жұмыс істемейді екен ғой, – деп бастады әңгімесін Бексұлтан аға. – 1916 жылғы көтеріліс дегенде Ұзақ пен Жәмеңкені, мына жақтан Бекболатты айтамыз. Ал ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшылары толып жатыр екен. Біздің тарихшылар тарихқа тек жалақы алатын жер деп қана қарай ма деген тоқтамға келдім». 

Есік қорғанынан табылған Алтын адамның ешқандай ғылыми жорамалсыз, кездейсоқ ашылғанын қазақтың бағы деп білетін жазушы іздеу-сұраусыз жатқан обалар жөнінде де айтты.

«Райымбек батырдың ескерткішін қойып жатыр жер-жерде. Дулыға, сауыт кигізіп қояды. Ал ол тарихи шындыққа жанаспайды. Райымбек деген дулыға, сауыт киген батыр емес», – деп, оның да жай-жапсарын түсіндірді.

Бексұлтан Нұржекеұлын біз махаббаттың жаршысы ретінде көбірек білер едік. «Күтумен кешкен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт» романдары, повестері, әңгімелері – бәрі де махаббат туралы. Ал жаңа туындысы – тарихи роман. «Әй, дүние-ай!» деп аталады. Бексұлтан ағаға сұхбатқа бармас бұрын романды оқып шықтық. Бір деммен оқылатын шығарма екен. Әңгімені де осы жаңа шығармадан бастадық.

–Бексұлтан аға, әңгімені жаңа романыңыздан бастасақ. Бес ай бойы архивте отырғаныңызды айттыңыз. Бұның алдында да азды-кемді тарихи тақырыпқа қалам тартып жүрдіңіз. Неге дәл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті тақырып өзегі етіп алдыңыз? Шығарма патшаға әскер беруге қарсылықтан басталып, 1991 жылмен аяқталады екен. Осындай тарихи шығарманы жазуға не ықпал етті, не түрткі болды? 

–1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің жағдайын бала кезімнен естіген адаммын. Ол кезде Жетісудағы үлкен уездің бірі Жаркент уезі болды. Менің атам, Ешмұхамбет деген кісі, 1879 жылы туған. 1881-82 жылдары бұл кісінің әкесі Тұрғанды Колпаковскийдің әскері атып өлтірген. Сондағысы, Тұрған атамыз атпаз болған адам, өзі серілеу. Қалиша деген сұлу қарындасы бар екен. Ел көшіп, Белжайлаудың Ақтасты деген бетіне қоныстанып жатқандарында екі әскер келіп, атын тартып алмақ болады. Бірін көкпарға деп сақтайды екен, бірін бәйгеге қосады екен, екеуі де сыланып тұрған жүйрік аттар ғой. Орыстар үйге кіріп келген кезде екі атын алып қашады. Аналар артынан қуады. Жүйріктің аты жүйрік, Аршалы беткейге өтіп, адастырып кетеді. Бірақ, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар. Қуғыншылар қайда кетті екен деп төбеге шыққанында анау иттің балалары жата қалып атады. Оқ тиіп, аттан құлайды. Өскелең деген шешеміз, Найманның қызы, ержүрек кісі болған болуы керек. Күйеуін қуып кеткенін біле сала атқа мініп, арттарынан қуады. Барса, күйеуі омыртқа тұсынан қан шапшып жатыр екен, бір орыс аттың үстінен қарап тұрыпты. Сонда Өскелең шешеміз аттан түсе сала, анау орысты ат үстінен жұлып алады. Қылғындырып, тізеге басып жатқанында екінші орыс шешемізді мылтықтың дүмімен ұрады. Шешеміз есін жинағанша екеуі де кетіп қалған. Осы жағдайдың барлығын атам айтып отыратын. Мұқа болыстың елді біріктіре алмағанын, елдің ауызбіршілігі болмағанын айтатын. Осы оқиғаны өзімнің «Күтумен кешкен ғұмыр» романымда бастадым. Ол кеңестік дәуір. Әрі архив материалдары емес, атамның айтқан әңгімесінің негізінде ғана жазылды. Кейін Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманын» оқыдым, үлкен кісілердің әңгімелерін тыңдадым. Сөйтіп жүрген уақытта, осыдан он шақты жыл бұрын Ілияс Жансүгіровтің құжаттары табылды. «Халық жауы» атанып, атылатын кезінде бүкіл құжаттары тәркіленген ғой. Тергеуші еврей жігіті болған екен, сол «өртелді» деп хаттама толтырып, бірақ өртемей сақтап қалыпты. Өзі жалғызбасты ғұмыр кешіпті, ешкімі жоқ екен. Алматының Қонаев көшесінде өзі тұратын үйінде сол құжаттар сандықта сақталып жатыпты. Бір күні әлгі тергеуші қайтыс болады. Көршілері соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін үйін қарап, сандығын ашады. Ашса, бастан-аяқ арабша жазылған қолжазбалар дейді. Көршілері мемлекеттік мұрағатқа телефон соғады. Архивтің қызметкерлері келіп қараса, Ілияс Жансүгіровтің материалдары екен. Соны облыстық мұрағаттың қызметкерлері жинақтап, кітап етіп шығарады. Мұрағат директоры соның бір данасын маған беріп, пікір жазуымды өтінді. Оқып отырып таңғалдым, кейін «Ілиястанудың жаңа беттері» деген мақала жаздым. «Жолдастар» романының алғашқы нұсқасы да бар еді сонда. Ол кісінің «Жаркент үйезі» деген кітабы шыққан. Жаркентке орыстардың қалай келгені, Ұзынағаштың шайқасы қалай болғаны, 1916 жылғы көтерілістің не болғаны, онда халықты қалай қырғаны, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан Әубәкірдің естелігі, Алдабергеннің естелігі, Көдектің өлеңдері, оның ар жағында Албан көтерілісін тұңғыш бастаған Тазабек Пұсырмановтың жазбалары, оған Ұзақ батырдың әкесі Саурықтың қалай қатысқаны, бәрі-бәрі жазылған екен.  Осының барлығы себеп болды да, архивке отырдым. Бұл романды 2004 жылы бастаған болатынмын. Ілиястың айтқанымен ғана. Сол уақытта қолыма Сейдәлім Тәнекеевтің жазбалары түсті. Қарасам, екеуі үйлеспейді. Мұрағаттағы қорды көрсеткен екен, сонда барып едім, таба алмадым. Сонымен өзім кірісіп кеттім. Бес ай отырдым. Адам бір нәрсенің үстінен түскенде есеңгірегендей бір жағдайда болады ғой. Менде де тура солай болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс туралы көзқарасымыздың мүлдем жетімсіз екеніне көзім жетті. Барлық құжаттың көшірмесін екі данадан жасадым. Ол уақытта романның бірінші бөлімі біткен болатын. Жыртып тастадым да, қайта жаздым. Өйткені, бұрынғы көзқарасым мүлдем қате екен. Қайта жазып, екінші бөлімнің ортасына келгенде көзім көрмей қалды. Сөйтіп жүріп архивтен көшіріп алған дүниемнің біреуі жоғалды. Тастап кеткенімді, я басқалай жоғалтқанымды білмеймін. Екіншісін қолға алдым. Жазамын, өз жазғанымды өзім оқи алмаймын. Содан адам жалдадым. Көбі оқи алмай қиналды. Кейбір әйел балаларда адамның қолтаңбасын оқи алатын ерекше қасиет болады. Сондай бір келіншек көмектесті. Ол да менен мезі болды. Өйткені, қайта жазамын, қайта-қайта түзетемін. Осылайша, итіміз шығып жүріп бітірдік.

Мен Ілияс Жансүгіровтің сол кездегі көрегенділігіне, зерделілігіне таңғалдым. Бұрынғы оқығандарымыздың ішінде тарихқа барған кісі екен. Өте дәл барған және. Бізде тарихқа деген көзқарас дұрыс қалыптаспаған. Тарихи шығарма жазған адамдардың бәрі ойдан тарих жасағысы келеді. Ол – қылмыс. Жәй ғана қиянат емес, қылмыс. Тарихты бұрмалауға болмайды. Мәселен, Наурызбай батыр жекпе-жекте Қаскелеңді жеңгеніне көзің жетіп отыр. Енді Қаскелеңді апарып біресе Қабанбаймен, біресе Бөгенбаймен жекпе-жекке шығарып қоюға болмайды ғой. Шежіреде де, жазба деректе де бар тарихи шындықты бұрмалауға болмайды. Энциклопедияда да тұр. Оны бұрмалау – тарихқа жасалған қиянат. Ал сол жекпе-жектегі Қаскелеңнің сезімін, Наурызбай сезімін көрсетуге жазушының хақысы бар. Мәдени деңгейіне, білім дәрежесіне қарай оны аша білуі керек. Сонда сен тарихи фактіге қиянат жасамайсың. Ал сезімді жеткізу – өнер. Осы сезімді жеткізу жағынан ғана жазушы өзінің шеберлігін көрсетуге тиіс. Ал тарихи фактіні ешқашан бұрмалауға болмайды.

Орбұлақ шайқасына қатысты да екі түрлі дерек бар. Қазыбек бек Тауасарұлы бабаларымыздың 700 қолмен қарсы шыққанын айтады. Орыс дерегінде 600 қол дейді. Тарихи шығарма жазамын деген адам осы екі деректің біреуін дәлелдеуі керек. Дәлелдеу үшін шындыққа келуі керек. Орыстар тұтқындардың дерегінен алып отыр. Ал Қазыбек бек Матайдың шежіресінен алып отыр. Қайсысы дұрыс дегенге келгенде, мен Матайдың шежіресіне жүгінемін. Өйткені, ол – қазақтың өзі. Өзі қатыспаса да, атасынан жазып алған. Арада 20-30 жыл ғана уақыт өткенде. Ал 20-30 жылда адам болған оқиға турасынан жаңыла қоймайды. Жан-жақты ойластыра келгенде, нанымдылауы, турасы сол 700 адам дегенге келеді. Мұны таңдап алуға жазушының хақысы бар. Бірақ, Орбұлақ шайқасының жылын, мезгілін не болған жерін өзгертуге хақысы жоқ. Құдайға шүкір, қазір Орбұлақ шайқасы оқулыққа кірді. Мұны тарихтың үлкен жемісі деп білемін.

ҚАЗАҚ ИКОНАНЫ НЕҒЫЛАДЫ?! 

Жаңа романды «Әй, дүние-ай!» деп атаған себебім, бұл жеке адамның тағдыры емес. Бас кейіпкері – Шәйі деген Албанның қызы. 2016 жылы Албан көтерілісіне, Торғай көтерілісіне, жалпы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл қазақтың үлкен бір тарихи белесі. Қазақтың үлкен қайраткерлері, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары 1916 жылғы көтеріліске шығудың қажеті жоқ деген. «Халық қырылып қалады, қарсы шығамыз деп қазақты қырып алмау керек» деген ұстанымда болған. Кейбіреулер осының өңін теріс айналдырып, ел алдындағы азаматтардың халыққа деген қастандығы тұрғысында бағалаған. Ал мына тарихты көргеннен кейін солардың ұстанымының дұрыстығына көзім жетті. 1916 жылы әскери қызметке барса, мына қарсылықпен салыстырғанда халық жүз есе аз қырылатын еді. Қазақтың жеріне қалай иелік етсем деп отырған орыс патшалығының құдайы берді, «қазақтар қарсы тұрды» дегенді желеу етіп, қырып салды. Қырғанда да аямады. Фон Берг деген кейіпкер бар романда, қылдай қиянат жасаған жоқпын, архивтен алдым, барлығы өз сөзі. Қара Иван деген бір омарташыны қазақтар ауылдан қуып жіберіпті деп, Кравченко соған көмектесуге жіберген адам. Өлтірмеген, ұрмаған-соқпаған, әншейін ауылдан қуып жіберген. Соған көмекке келген. Ал тірлігі анау. Түнгі сағат 12-ден өте келіп, «көтерілісшілерді қырдық» дейді. Түнгі он екіде ел ұйқыға жатпай ма, неғылған көтерілісші?! «70-ін қырдық, қалғандары тауға қашып тығылды» деген де соның өз сөзі. Қашып тығылғандар – әйелдер, бала-шаға. Оқиға қыркүйек, қазан айында болған. Қырғанын қырып, қалғанын қуып, үйлерін өртеп жіберген. Күздің қара суығында далада қалған адам өзі-ақ аштан, суықтан қырылып қалмай ма?! Бұл – саясатты бүркенген сұмдық. Фон Берг онымен тоқтамайды, келесі ауылға барады, одан келесі ауылға өтеді, сөйтіп Қарқараға таңға жуық келеді. Ертесіне мыңғырған малы бар, қайсыбірінің омырауында патшаның берген медалі бар, үлкен көш келе жатады. Сол көшті қырады. Аман-есен Қытайға өтіп кетсек деп келе жатқандарды да көтерілісші деп, қырып салады. Өздерін ақтаған сиқы тіпті күлкілі. «Қазақтардың үйлерінен иконалар шықты, әйелдердің әшекей бұйымдары шықты» дейді. Сондағысы, «орыстарды қырып, тартып алғаны» дегенге келтіреді. Иконаны неғылады қазақ?! Бұл деректің барлығын қайдан алдым дегенге келейік. 1916 жылғы күзде халық Қытайға қарай опыр-топыр қашты. Судан өткенде бірінің үстін бірі басқан. Сол жерде жиырма шақты баланың батпаққа қатып өлгенін айғақтайтын деректер бар. Күзгі суықты білесің. Сүмбенің суығы белгілі. Бұл – Қытайға аман-есен өтіп кеткен Алдабергендердің естелігі. Осының барлығын Ілияс Жансүгіров жаздырып алған. Біздің зиялы ағаларымыз бізден гөрі көреген болған. Көзкөргендерді сөйлетіп, барлығын жаздырып алған. Біз ештеңені жаздырып алған жоқпыз ғой! Әсеттің Ырысжанмен айтысы дегенді алайық. Шашубай зиялыларымыздың ортасында жүрді. Сол кезде бірде-біреуі «Ырысжан дегенмен айтысыпты ғой, ол кім еді?» деп сұрамаған ғой. Ырысжан деген адам өмірде жоқ, мысалы. Әсет те бертінге дейін жүрді, ешкім өз аузынан жазып алмаған. Ал Ырысжанмен айтыс – дастан, Әсеттің өзінің шығармасы. Осындайды біз ескермедік. Ілияс ағаларымыз қандай көреген болған?! Болашақ тарихқа керек, ұрпақ білсін деген.

КӨЗІМ КӨРГЕНДЕ АРХИВТЕ ӘЛІ ДЕ ОТЫРАТЫН ЕДІМ

1917 жылы ақпанда Уақытша үкімет орнады, патша тағынан құлады. Керенский басқарған уақытша үкімет жарлығының қалған қазақты аман-есен сақтап қалуға пайдасы тиді. Қытайға қашып кеткен халықты кері қайтарды. Ол көште де аштықтан біраз халық қырылған. Ары бара жатқанда да қатары сиреген. Сол оқиғаны көзбен көрген адамдардың естелігін оқып отырсаң таңғаласың. «Судың да сұрауы бар» дейді ғой, ал қазақтың сұрауы болмаған. Алдаберген Көріпкеловтер Жалаңашта өмір сүрген Қожабеков деген ағамыз болғанын айтады. Шығармамда Самсалы деген кейіпкер етіп алдым. Сол кісінің күнделігі бар менің қолымда. Осы күнделік көп көмектесті. 8-9 жастағы бала, бүкіл көргенін жазады. Ол кездегі балалардың ақыл-ойы ерек. Сол кісінің естілігінен оқыдым, келе жатқан адамдар алдымен басы қалтырақтайды екен, сөйтіп келе жатып жығылады екен, көмекке келсе, жүріп кеткен. Аштықтан әлсіреген адамның соңғы қуаты таусылғаны солай болады екен. «Бір көрпені жамылған он адамның сол күйі суықтан қатып қалғанын көрдік» деп жазады. Осының сұрауы жоқ! 1916 жылғы қанша халық қырылды, есебін кім біледі?! Тіпті, 30-жылдардағы аштықта қанша халық қырылғанын нақты білмейміз. Халықтың үштен бірі қырылды дейді, үштен екісі қырылды. 6 миллион қазақтан 2 миллионға жетер-жетпес қана қалды. Архивте отырғанымда біздің тарихымыздың осындай бұрыңғыр, бұлдыр жақтары көп екеніне көзім жетті. Еренсіз, асықпайтұғын, бойкүйез халық екенбіз. Тарихшыларымыз істеп жатқан ісіне ұлтымның, мемлекетімнің ісі деп қарамайды екен. Мамандығым, жалақы алып отырған жұмысым деп қана қарайды екен. Тарихшы деген ондай болмауы керек. Тарихшы күні-түні ұйықтамайтын адам болуы керек.

Қытайға азаппен өтіп, азаппен қайта бері өткен халықтың алдынан Кеңес өкіметі шықты. Жұрттың бәрі тең болуы керек деп ұрандады. Анадай қияметті көріп келген халық ол өкіметті қолдамағанда кімді қолдайды?! Патша өкіметінің қырғынын көрді, қазақтың адам құрлы болмағанын көрді, енді келіп бәрін тең еткелі жатса, совет өкіметін жақтамай, кімді жақтайды?! Самсалы ағамыз өз көзімен көргенін жазады. Жұрттың көзінше атаманды атып тастайды. Ол атаманның баласының халықты қалай қан қақсатқанын көзімен көрген адам. Енді соларды ел алдында атып тастап жатса, қазақ оған қалай сенбейді?! Архив арқылы Уақытша өкіметке қатысты пікірім қалыптасты. Сөйттім де, көтерілісті ғана жазамын деген ойымнан айнып, қайта жаздым. Осы романға 11 жыл уақытым кетті. Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына үлгерейін деген ойым да болған жоқ. Бірақ, реті солай болды. Егер көзім көргенде мұрағатты әлі де ақтаратын едім.

Тарихи фактімен қатар, жазушының ойдан шығарған кейіпкері болады. Онсыз шығарма байланыспайды. Шығарманы байланыстыру үшін соның барлығын бастан-аяқ көретін, үйлестіретін кейіпкерді ойдан өзің жасауың керек.

–Сізде ол кейіпкер Шәйі ғой?

–Иә, Шәйі. Самсалының бала кезі бар, Тазабектің махаббаты бар, Әубәкір бар, Ұзақ пен Жәмеңке бар, Серікбай бар, бәрі де сол заманда болған тарихи адамдар. Тарихта бар адам болғаннан кейін Әубәкірдің өзінің естелігі бар, Алдабергеннің өз естелігі бар. Естелік деген – шындық.

–Арасында Арқадан ауып келгендер бар…

– Ол да тарихи шындық. Мысалы, Ыдырыс Көшкіновтердің тұқымы. Ыдырыс Көшкіновтің інісі Әуесханмен үйіне қона жатып әңгімелескен адаммын. Атын атамасам да, соны пайдаландым. Бір жағы тарихи факті, екінші жағынан дамыту үшін ойдан қосылған жері де бар.

Тасашының аузында бір адамды жалаңаштап асып кетеді. Ол да архивте бар дерек, бірақ аты аталмаған. Мен оны Қожақ деп алдым. Көбінесе Қарқара көтерілісі деп айтылады. Ол дұрыс емес. Негізінде ол Албан көтерілісі. Бұл жерде рудың, тайпаның әңгімесін көтерейін деп отырған жоқпын. Тарихи фактінің өзі солай. Екі уездің адамдары қатысқан. Жаркент уезі және Верный уезі. Верныйдан қатысқан – Серікбай. Қызылбөрік болысының болыс меңгерушісі. Мекені – Асы жайлауы. Ең алғашқы атыс осы Серікбайдың ауылында болады. Орыстан бір адам, қазақтан екі адам өледі. Оны тек аңшы жігіт деп беріпті, мен ат бердім. Серікбайдың әйелі Көкшегірді қостым. Оны қоспасаң, күңгірт болып қалады. Бәрін байланыстырған уақытта негізінен Самсалы ағамыздың естелігіне сүйендім. Кейбіреулер «ата-бабаларымызды Қытайға жер аударып жіберіпті» деп жүр ғой. Оның бәрі өтірік. Олардың барлығы Қытайға үдере қашқандар. Самсалы ағаның естелігінде бәрі тұр. Тарихты жүлгелеп ашу әрі қызық, әрі көп жұмысты талап етеді. Бір фактіні ашқан сайын төбең көкке жеткендей боласың. Тарихи шығарма жазудың қиындығы мен қызығы сонда. Кейбір өтірікті әшкерелейсің. Сол кезде саған қарсы шығатын адамдар да пайда болады.

Бір әйелдің екі баласын құшақтаған күйі қатып қалғанын келтірдім ғой. Оны да архивтен алдым. Бір орыстың естелігінде «Қарақолдан келе жатқанымда бір әйел екі баласымен қатып қалғанын көрдім» деп әншейін айта салады. Ал сол әйелдің, оның кішкентай екі баласының көтеріліске не қатысы бар?

–«Басқа басқа, осы үшеуі патшаға қарсы шықпаған шығар» деп, оны әдемі келтіріпсіз… 

–Ол байғұстар ешкімге зияны жоқ болғаннан кейін шықты ғой жолға. Сұрауы жоқ болып қала берді.

–Аға, тарихты сәл қоя тұрып, әдебиетке келейікші. Сіздің бас кейіпкеріңіз Шәйі 1916 жылғы көтеріліс басталған кезде 16-дағы бұлаңдаған қыз еді. Теңін тауып, әне-міне босаға аттаймын деп отырғанында алдымен орыстың қорлығына ұшырады, одан кейін қалмақ зорлап кетті, қазақтан көрген қорлығы өз алдына. Көтерген баласы да орыстың баласы болып шықты. Солармен жауығып жүріп, ақырында Тазабегінен де айырылды. Бірақ, сол Шәйі отызыншы жылдардың аштығында да аман қалды, репрессияны да көзі көрді, соғыстың азабын тартты. Екі баласынан бірдей айырылды. Енді есін жиып, ел қатарына қосылып, үрім-бұтағы өсіп-өніп, бір әулеттің шырағы болып отырғанында сүйікті шөбересі өзінің тағдырын қайталап, алдымен зорланып, артынан қорлықтан өлді. Осы Шәйіні неге сонша қинадыңыз? Сонша азапқа төздірмей, ертерек жанын жай таптыру керек пе еді деген ой келеді. Тарих өз алдына, романды оқып шыққаннан кейін кейіпкерге деген аяушылық сезім қатты жанға батты… 

–Дәл менің жан жарамның үстінен түстің. Осы сұрақты әдебиет сыншылары қойса деп едім. Шәйі деген бір әйел емес, Шәйі деген – қазақ. Егер Бексұлтан бір әйелдің тағдырын жазыпты деп қарайтындар болса, ондай адам ешқандай да зерттеуші емес. Шәйі қазақ қой. Зорланған әйелдің тағдырын ойлап қара. Әлі жетпегендіктен өзі зорланады, өзі кінәлі болады. «Ой, оны пәленше зорлап кеткен ғой» дейді. Шәйіні көр де қазақты көр. Қазақтың не жазығы бар еді?! Патша өкіметінің өзінің берген жарлығы бар ғой, «сендерді әскерге алмаймыз, тек салық саламыз» деген еді ғой! Тезек төренің сол жарлықты үйінің іргесіне іліп қойғанын Семенов Тянь-Шаньский де жазады. Патшаның өзі уәдесін орындамаса, бұл қазақ үшін аспан айналып жерге түскенмен тең ғой. Баласы әскерге дайын да емес. Ол кеткенде қалай күн көретіні тағы беймәлім. Соны айтып қарсы шықса, таяқ тағы өзіне тиеді. Қырылады. Тура Шәйінің тағдыры ғой. Орыстан қорлық көргенінде не қорғайтын мемлекеті жоқ, не әскері жоқ, не басқасы жоқ екеніне Шәйінің көзі қалай жетсе, халықтың да көзі солай жетті ғой. Ешкім қорғамайды екен. Патша өкіметіне бағынып отырған халықты сол өкіметтің өзі қырып жатса, ол ешкімге керегі жоқ халық қой! Шәйі да осындай күйді бастан кешті. Ана жаққа барғанда қалмақ қорлады. Алдабергеннің естелігін оқысаң, жаның түршігеді. Қалмақтар қазақтың қыз-келіншектерін алып кетіп, ойына келгенін істеп, ертесіне қан-сөлі жоқ күйі әкеп тастап кетеді екен. Сондағы тағдырын қарашы, күйеуі «әйелімді қалмақ зорлады» деп оны шығарып жібермейді ғой! Өйткені, өзінің кінәсін түсініп тұр. Қорғай алмады, қорғайын десе, өзі күйіп кеткелі тұр. Еш сұраусыз халық екеніне көзі жеткен. Сондықтан тағдырға көнгеннен басқа амалы жоқ екеніне мойынсұнған. Тазабек те осы.

–Неше рет өлтіргісі келді, өлтіре алмады. Ақырында өзі өлді…

–Өзі өлді. Қарындасын да қорғай алмады, әйелін де қорғай алмады. Өйткені қолында түк жоқ. Өзін қорғайтын ешкім жоқ. Ешкімге керегі жоқ. Екі орысты өлтірді, онда да қорғаныс үшін. Кегімді алайын деген жоқ, шабуыл жасаған жоқ, өз басын қорғау үшін ғана барды сол әрекетке. Қырғыздың Тазабекке «сен бітеу қазақсың» деп айтатыны бар ғой. Ол шынында да бітеу еді. Сол бітеу күйі кетті. Шәйі де солай. Басынан өткен жағдайды енесі біле ме, білмей ме, соның өзіне көзі жетпейді. Енесінің «шырағым-ау, менің білмейтінім бит астында ғой» деуі қазақтың кереметтей бір үлгі аларлық та тағдыры және сонымен бірге маңдайға жазған ауыр тағдыры да. Ең бастысы, мұнда қоспа жоқ, бәрі архивтің жазбасы. Кеңес өкіметіне бәрі риза болады. Тазабек те, Шәйі де, бәрі де. Командирдің өзіне сеніп қалады. Кейін бәрі басқаша болып кетеді. Оны да білмейді. Сөйтіп, арада жылдар өткенде, 1986 жылғы көтеріліс болды. Шөбересінің басынан өткен жайды білгенде Шәйі: «Құдай-ау, ештеңе өзгермепті ғой!» – дейді ғой. Өмір бойы алданып келген ғой сонда. Тіпті, Шәйіні мен деп қарауға болады. 1916 жылдың ауыртпалығын көтерген жалғыз Шәйі емес. Мұны білімді оқырман ғана түсінеді. Мен еш шығармамды жазып біткенде мұндай бақытты болған емеспін.

ҚОЙШЫҒАРАМЕН ШЕКІСІП ҚАЛЫП ТА ЖҮРДІК

–Аға, бізде тарихты жазып жүрген бір қауым жазушылар бар. Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезеңмен» жиырма жыл отырыпты. Тұрақты жазып жүрген Қойшығара ағамыз, Нәбижан ағаларымыз бар. Тарихты жазып жүрген жазушылардың артықшылықтары мен кемшіліктерін атап-атап айта аласыз ба? Кәсіби тарихшылар жазушыларды қиялмен, суреттеумен кетіп, тарихи дерекке мән бермейді деп кінәлайды. Сіз тарихшыларды кінәладыңыз…

–Тарихи тақырыпты жазып жүрген жазушылардың ішінде Әнес Сарайға жететіні жоқ деп бағалаймын. Өте мықты жазады. «Ноғайлы» деген кітабы шықты. Қайда жүріп сонда дүниені оқығанына қайран қаласың. «Көнеліктер» деген кітап жазды. Адам Ата мен Хауа Анадан бастап, бүгінге жеткізді. Дін, діннен тарих, одан қазақтың ру-тайпасын шығарғанда жадының мықтылығына қайран қалдым. «Көк түріктер» деген кітабы шығып еді, оқи алмай қор болдым. Мұндайды жазатын бірде-бір тарихшы жоқ.

Қойшығара Салғараұлы «тарихшы жоқ, тарихтың мамандары ғана бар» деген сөзді айтқан екен. Сол сөзінің жаны бар. Қойшығара да жақсы жазады. Кезінде қайсыбір мәселелерге бола шекісіп қалып та жүрдік. Бірақ, оқыған адамның аты – оқыған адам. Кейін келістік.

Қабылбек Сауранбаев деген райымбектанушы бар. 30 жылдай Райымбек туралы аңызды зерттеген. «Райымбек батырдың шайқастары» деген кітап та шығарды.

Біздің тарихқа деген көзқарасымыз қызық өзі. Жәңгірге де ескерткіш орнатамыз, одан зәбір көрген Исатай мен Махамбетке де. Қожанасырдың қылығы, қысқасы…

Біз Бексұлтан ағадан өзінің құрдастары туралы да сұрадық. Романында айтатын бір тамаша сөзі бар, «Елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, оны қабатын бір ит қоса туады» дейді. Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қуанышбай Құрманғали, Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбаев қатарлы қаламдастардың достығы аңызға бергісіз. Әзілдері қандай! Бір-біріне деген пейіл-ниеті қандай! «Қазақстанның әр түкпірінен келген біздің басымызды біріктірген елдік мақсат болатын», – дейді Бексұлтан аға. «Желтоқсан оқиғасынан кейін арамызда ары-бері толқыған жігіттер де болған. Бірақ, деңгейлес адамдар бір-бірін түсінеді. Азаматтарды мүдде біріктіруі керек. Елдік, мемлекеттік мүдде басқа мүдденің бәрінен биік тұруы керек», – деді жазушы. Лайым солай болғай деп тіледік біз де. 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда

kitap.kz