Осыдан екі-үш жыл бұрын жұмыс бабында Нарынның Исатай ауданына қарасты ой-қырын көктей өтіп, арғы-бергі заманғы тарихи орындарын армансыз аралағанымыз бар.
Көне суреттер көз алдыңа келеді. Алдымен айтулы адамдарын ойлайсың, олардың өз халқының болашағына бола істеген игі істерін еске аласың. Әр ғасырдың өз төлі, маңғаз марқасқалары бар. Оларды ұмыту мүмкін емес, қайта жаңғырып, жақсы істері жадыңда көрініс табады. Бегайдар құмын белден басып, әрі асқанда есімізге осы араның тумасы – ХIX ғасырдың соңғы ширегінде Бөкей ордасының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан белгілі қайраткер Өтешқали Атаниязов оралды.
Кеңес дәуірі кезінде өңірдің өткен шақтағы оқыған азаматтары, олардың қоғамның дамуы, елі, жері үшін атқарған азды-көпті абыройлы еңбегін естен шығарып, ұмытып кеттік. Есесіне бәрін кеңес өкіметі әкелді, сол жарылқады дегенді алға тарттық. Шындығында, кеңес кезінің жақсылықтары аз емес. Бірақ оған дейін де таң атып, күн батты, шуақты сәттері де жетерлік. Ілім-білім жолында оқыған, еліне жан-тәнімен қызмет еткен адамдары да болды. Солардың арасында әлгі айтқан Өтешқали ағаның да орны зор.
Ол 1855 жылы, бұрынғы жер бөлінісіне сай Бірінші Теңіз жағалауы округіне қарасты Бегайдар құмында дүниеге келген. Әуелгіде ауыл молдасынан сауат ашқан оны тұрмыс-тіршілігі біршама жақсы әкесі баласының оқу-тоқу зеректігін ескеріп, Ордадағы 1841 жылы Жәңгір ашқан орыс-қазақ училищесіне (ол кезде училище) береді. Оны ойдағыдай аяқтаған соң Орынбордың Неплюев кадет корпусын тәмамдап, 1882 жылы Бөкей ордасының Уақытша кеңесінде түрлі қызметтер атқарады. Біраз уақыт Қамыс-Самар қисымының әкімі Мұхамбет-Салық Бабажановтың хат жүргізушісі болып еңбек етеді. Кейін ол өз естелігінде: «Менің Салық ағадан естіп-біліп, үйренгенім кейінгі өміріме көп азық болды. Салық аса білімді, ел басқару ісінде өте қабілетті адам-ды. Өмірлік қалыптасуым, тіпті депутат болуыма да ол кісіден алған тәлімім көмектесті» — деп айтқан еді.
Алғашқы күннен өзінің озық ойлы, орысша-қазақша сауаттылығы, ел басқару ісіне икемділігін байқатқан оны кеңес басшылығы арада бір жыл өткенде, Тарғын қисымына әкім (управитель) етіп жібереді. Артынша, Қалмақ қисымын басқарады.
XIX ғасырдың екінші жартысы Кіші жүз халқы, Торғай бойы тұрғындары үшін аумалы-төкпелі аласапыран заман болды. Патшалық Ресей империясы Қазақстанды уысынан шығармай, өздерінің азықтүлік базасына айналдыру, ол үшін отар елді өз ішінен қырқыстырып, аяқтарына құлап, мәжбүрлі өмір сүруін қалыптастыру саясатын ұстады. 1868 жылдың 21 қазанындағы «Орынбор генерал-губернаторының далалық өңірді басқарудың уақытша ережесі» негізінде тұрғындарды біртекті басқару жүйесін енгізу тәртібі қолға алынып, Орал әскери казачествосының билігі Орынбор генерал-губернаторының құзырына берілді. Қос өзен аралығындағы әкімшілік-аймақтық басқару өз қолына тиген губернатор енді жергілікті тұрғындарды жұмса жұдырығында ұстап, бұрыннан казачество күшін бұратана халықты басып-жаншуға жұмсайтын әдетін одан әрмен күшейтті. Әсіресе, жер дауы бұл тұста тіптен өршіп тұрды. Осыған сай жаңа, жас әкім Өтешқали Атаниязовқа билікпен де, бұқарамен де тіл табысып, ортақ шешімге келуіне тура келді. Сонымен қатар қисым тұрғындарының әлеуметтік-рухани ахуалын жақсарту, отырықшылықты орнықтыру, тұрмыс күйі, мәдениетті өсіру, оқу-ағартуға назар аударылды. Оның соңғы саладағы оңды ісі Орынбор округіндегі инспектор Муравьев атынан жоғары бағаланып, ауызға ілікті. Әсіресе, мектеп ісін жолға қоюдағы еңбегі үшін Ішкі ордадағы қазақ мектептерінің инспекторы Н. Муравьев Өтешқали Атаниязовтан Тарғын және Қалмақ қисымдары мектептеріне «Құрметті бақылаушы» болуын өтінеді.
Оның осындай жаңашылдығы Уақытша кеңес басшылығын тағы да елең еткізді. Соған сай Өтешқалидың табанын жерге тигізбей, бір қисымнан екінші қисымға ауыстырып, ел еңсесін көтеру, тұрмыстарын жақсарту тапсырылды. Осындай талаппен Ө. Атаниязов 1882-85 жылдары Бөкей орданың Тарғын (қазіргі Жәнібек ауданы аумағы), Қалмақ бөліктерін басқарса (қазіргі Сайқын округінің аумағы), 1886-87 жылдарда Нарын (қазіргі Орда округінің аумағы) бөлігінде, 1888-94 жылдары Қалмақ, 1895-96 жылдары қайтадан Нарын қисымдарының әкімі қызметін атқарады.
1895 жылы Өтешқали әріптесі Бақтыгерей Құлмановпен бірге Мәскеуге император II Николайдың таққа отыруын ұлықтау салтанатына қатысады.
1897 жылы ол Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалады.
Қандай адам да өз қоғамы, оның саясатынан тыс өмір сүре алмайды. Өтешқали да солай, басшылық қызметте жүріп, Ресей өкіметінің империялық саясатынан аттап кете алған жоқ. Бірақ ол өз халқының мүддесін ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан да ол жаңа заман лебіндегі прогрессивтік бағыттағы үлкен тұлға болды және соның бір мысалы, патша өкіметі XIX ғасырдың орта тұсынан бастап Ішкі Бөкей ордасы қазақтарына христиандық православ дінін енгізуді, яғни шоқындыруды қатты қолға алды. Ресейге шекаралас мекендерге орыстарды көптеп қоныстандырып, сауда-саттықты дамытты, шіркеулер салып, тұрғындар арасында қолына крест ұстаған дін таратушылар көбейді. Әсіресе, Жайық, Еділ өзендері бойларында – Ганюшкин, Кордуан, Новая Казанка, Таловка селоларында шіркеулер салынып, тағы да осындай төрт елді мекенде Құдай үйін салу жоспарланды. Бұл қазақтар арасындағы оқыған, ұлт зиялыларын ойландырмай қоймады. Олар өткен ғасырларда осындай шоқынудан бас тартқан 500-600 мың ноғайдың орыстар қолынан ажал құшқанынан да хабардар болатын. Ендеше, солар кешкен кепті көп кешікпей қазақтар да киюі мүмкін екендігін естерінен шығармады. Әйтсе де, өз қандастарын оған жеткізбей сақтап қалу керек.
Міне, осы кезде Өтешқали Атаниязов қазақтар арасында және Уақытша кеңес, губерния басшылығы алдында ел басқару ісі, қайраткерлік тұлғасымен зор беделге ие болған Мақаш ағасының (Бекмұхамбетов) көптен бері айтып жүрген әңгімесіне еріксіз құлақ түрді. Ол – патшалық Ресейдің қазақ халқын өз діндеріне енгізіп, шоқындыру, яғни түпкілікті орыстандыру саясатына қарсы әрекетті күшейту ісі болатын. Мақаш оны орыс патшалары алдында бұған дейін де екі рет болып (1881 ж. Александр III, 1894 ж. Николай II), өзекті мәселе ретінде көтерген, наразылығын білдірген. Бірақ биліктің бүйір қаққан бірі жоқ, бәрі де аяқсыз қалды. Оны айтасыз, алғаш Александр үшіншінің қабылдауында болған Мақаш оған Екінші Теңіз жағалауы округі тұрғындарының 1879-1880 жылдардағы табиғат қуаңшылығына орай малдарының жұтқа ұшырап, көп өлгендігі, осыған орай тұрғындардың тұрмыс күйінің нашарлап кеткендігі, болашақта қазақтардың қыс кездерінде теңіз жағалықтарындағы аралдарды мал қыстатуға пайдалану, жазда қыстық мал азықтарын дайындап алуға мүмкіндік туғызуын сұрағанда, патша Мақаш аузындағы сөзін жұлып алып, «Сіздерге барлық көмек болады, егер қол астындағы халқыңды шоқындырсаң ғана» деп қайыра сұрақ қойғаны бар. Әкім аузын аша алмай қалды.
Екінші рет 1894 жылы патшаның үйлену тойы салтанатына қатысу барысында да, Мақаш Тарғын, Қалмақ қисымдарының әлді азаматтары Зұлқаров, Бажақовтармен бірге Николай II-нің қабылдауында көптен көкейтесті болған шоқындыру жайын тағы да көтерген. Бұл жолы да мәселе аяқсыз қалды.
Енді, міне, жауыр болған түйінді жайтты Алаштың арлы азаматы Өтешқали Атаниязов тағы да қозғап отыр. Бұл күн өткен сайын арға тиіп отырған ащы мәселе.
Дін – әр халықтың сенімі, бірлігі, өмір сүру қалпы. Бірақ әр халықтың өзіндік дәстүрлі діні бар. Одан бездіріп, жаңа дінге бейімдеу оңай емес. Бұл – зорлық, адамдар арасына сына қағу, тату-тәтті көршіліктерді бұзу. Мақаш бұл жайды ағзамдар алдында екі рет болып, жайып салған, екеуінен де аузы күйді. Ал үшінші сапар қалай болмақ. Бірақ бас тартуға болмайды. Әйтсе де, жауыр болған мәселені қайтып жеткізу керек.
Мақаш әріптесіне бұл жолғы сапарға мұқият дайындалу керектігін қатты ескертті. Өйткені қазақтың қамын асыңды ішіп, аяғыңды тебейіннің керімен отырған Патшалы Ресей бұрын тері бәсіндегі азық-түлігіңе (мал) қызықса, енді сенің жеріңдегі өзге де байлықты тезірек игеру үшін өзіңді арзан жұмыс күші – құл ретінде пайдаланудан әрі аспайды. Тұрмысыңды дұрыстап, мәдениетіңді өсіру, экономикасы дамысын деген олар жоқ. Олай болса, қазақ қашан да өз қотырын өзі қасығаны дұрыс. Бұл ретте тағы да теңіз деп, тегін жатқан шөп бар деп аралдарға араласпаған жөн, қашан да қазақты малдан айырып болмайды. Ендеше, жылдар бойғы түлік тұяғынан тозып, топыраққа айналып бара жатқан құм шағылдар көшкінін тоқтату, жерді шұрайландыруды негізгі мәселеге айналдырып, содан соң ғана күні бүгін ұлттың ең жанды түйініне айналған – Ресейдің қазақтарды христиан дініне енгізу сынды ең сорақы әлеуметтік саясаты үзілді-кесілді тоқтатуды маймөңкелемей батыл көтеру керектігін айтты.
Бірақ бұл арада патша алдында әлгіндей әлеуетті мәселе көтеру үшін оны алаңдатып, көңілін жібітетін жайды да ұмытпау керек. Өйткені адамзат қауымдасқаннан бері әлді әлсіздің қолына қарайды. Бұл пара емес, сыйлық. Сыйлық сырт көзді сындырады, темірдей төрені иліктіреді.
Мақаш бұған дейінгі екі қабылдауында да, Ресей патшасы алдына құр қол барған жоқ. Бұл жолы да солай. Әйтсе де, қазақ атынан барған соң сыйдың да қадірін сұйылтпай, бағасын түсірмей, ұлықты ұйытқан дұрыс.
Бұл жайлы бұрынғы әкім мен бүгінгі әкім көп ойланды. Ақыры, алтыннан қазақтың кішкене ғана киіз үй макетін соқтырып, оны мақпал-мауытпен қаптатып, әспеттеген күйі ұсынса, тақсырың таңырқамағанда, кім таңырқайды. Бірақ іс оңды, тарту тамаша болғаны дұрыс. Маңызды істі Мақаш өз қолына алды. Бұл жайлы ол кезінде былай деп жазыпты: «… Жертөледе он жеті құмық саф алтыннан киіз үйдің тұрқын бек көңілімдегідей етіп соқты. Осылай бір ай іс қылды. Алтынның сыртын мақпалмен тыстаттым…
Өтешқали Атаниязов екеуміз Орынбор арқылы Петромпор (Петербург) шаһарына сапар шектік. Халық үшін қылған бір істі тәңір оңғарып, патша ағзамның алдынан өттік. Сыйымызға ағзам мен маңайындағы хакімдер бек ырза болды. Артынан бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым. Жауабын хакім арқылы естисің деді. Екінші аптаның сәрсенбі күні оң тілек тілеп жатқан бізге екі хакім келіп: «Патша саған резиденция салсын деп ақша бөлді» — деді. Осымен қайыр-қош айтысты. Өтешқали екеуміз ауылға көңіліміз күпті оралдық».
Әйтсе де, ұлтжанды қос арыстың аталған соңғы өтініші кейін Құдай сәтін салды ма, әлде патша ағзамның өзі бір шешімге келді ме, қалай дегенде де, қазақтар христиан дінін қабылдаудан аман қалды. Бұл қандастарымыздың бақыты, ұлт болып қалыптасуымыздың негізі болса керек. Сонымен бірге аталған істе Өтешқали Атаниязовтың да белгілі дәрежеде үлесі бар екенін естен шығармағанымыз дұрыс.
1890 жылы Қазан қаласында өткен Бүкілресейлік мемлекеттік ғылыми-өнеркәсіптік көрмесіне сұлтан Ибрагим Бөкейханов, Аякем Өмірзаков, Ильяс Мамутовтармен бірге қатысып қайтты.
Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мақаш Бекмұхамедов өзінің «Астрахан хабаршысы» газетінің 1898 жылғы 3 мамырында жарияланған «Қазақ даласындағы қайырымдылық» атты мақаласында «Атаниязов қыстың соңғы күндерінде қиын сәттерде қандастарына шөпті тегін үлестіріп, көмек көрсетті» – деп жазған. Осындай халқының қашанда шын жанашыры, әрі қамқоршысы бола білген Өтешқали Атаниязов патшалық әкімшіліктен екі рет күміс медальмен марапатталып, әскери ротмистр, кейін штабс-капитаны шенін иеленді.
Әңгіме орайында айта кетейік, өмірде Өтешқалидың өзі де мұсылманшылық жолына түскен діндар адам болатын. Ұстанымы жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманшылық жол – ислам діні. Ол 1901 жылы өзімен ниеттес, қандас 80 мүридпен Астрахан қаласынан «Эллада» кемесімен жолға шығып, Сауд Арабиясындағы Мекке-Мәдинаға қажылыққа барған. Кейін әр күндегі бес уақыт намазын қаза қылмай, жаны таза, имандылық жолымен дүниеден өтті.
Өтешқали Атаниязов өмірде өзінің ауылдасы, Жәңгір ханның ұлы, патша армиясының генералы (атты әскер генерал-лейтенанты, әскери жанама аты Сұлтан Шыңғысхан, Ғұбаш) Ғұбайдолла Жәңгіровпен өте жақын дос болған. Ғұбайдолла да мұсылмандық дін жолын қатты қадірлеген. Екеуінің достығын Өтешқалидың немере күйеу баласы (інісі Нұрғалидың қызын алған), Атырау өңіріндегі алғашқы арнаулы білімді фельдшерлердің бірі, Кронштадт қаласындағы Николаев теңіз госпиталының жанындағы медициналық мектептің түлегі Қажығали Мәмеков (1883-1974) өзінің «Есімдегі есімдер» (Атырау, 2015 ж.) атты естелігінде баяндайды.
Бір өкініштісі, бұл күнде Өтешқали Атаниязов жайлы, оның Бөкей ордасын қалыптастыру – ел басқару ісі, Уақытша кеңестегі атқарған қызметтері жайлы тіпті де жазылмайды. Мүмкін ол жоқтаушысы жоқтықтан да шығар. Ал, шындығында, оның есімі XIX ғасырдың екінщі жартысы, ғасыр тоғысында Бөкей ордасына қатысты тарихи құжаттарда жиі кездеседі. Тіпті ел ішінде өзі туған ауылдан төрт баланы Ордаға алып кетіп, Жәңгір мектебінде оқытып, кейін олардың бәрі де елі үшін еселі еңбек еткен айтулы азаматтар болғаны белгілі.
Өтешқали Атаниязовты елдегі ағайын-туыстары жастай туған жерден жырақтап, орысы көп билік арасында өскендіктен бе, көбіне жалғыз жатақ тұрып, бөлектеніп жүрді, орыс қолды өмір сүрді дейді. Ол рас, Өтешқали аға кезінде қоғамның қандай қызметіне араласса да абыройлы болды. Басшылықтан да, бұқарадан да алғыс алды. Соның белгісіндей оның өңірінде патшалық Ресейдің екі күміс медалі жарқырады. Елде Кеңес үкіметі орнап жатқан кезде, ол жасының ұлғайғандығына байланысты өзінің қоғамдық қызметтерін қойып, зейнеткер атанды. Орда жанындағы Ахон көлі жағасынан үй салып, қалған өмірінің бар тірлігін сонда өткізеді. Өзінен өрбіген ұл-қыздары, немерелерін имандылыққа ұйытқан күйі бұл пәниде 69 жыл ғұмыр кешіп, 1924 жылы дүниеден өтеді. Оны көргендер, жұмыстас, сыйлас болғандардың бәрі терең ойлы, білімді, халқы үшін адал еңбек еткен зиялы жан еді деп айтып отырады. Сондай жанды ұмытпай еске алу, ұрпақтар ал-дында ұлығылау абыройлы борышымыз болса керек.
…Артымызда Бекайдар құмы қалып барады. Біз сол құмның қымбат ұлдарының бірі Өтешқали Атаниязов жайлы ойлап отырмыз. Осындай еңбек еткен азаматқа Орал шаһарының бір көшесінің атын берсе, құба-құп болар еді.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ
өлкетанушы,
Атырау қаласы
zhaikpress.kz
Тайлақ батыр Ырғыз өзенінен Жайыққа дейін, бір шеті Каспий теңізін жайлап жатқан 29 рулы елге жар салып, елді, жерді қорғауға үндеп, қанды қанмен жуып, кек қайтаруға шақырып, қол жинады 1. Батыр мен сұлтан достығы Батырдың аты тарлықта емес, жоқтықта, тыныштықта емес қорлықта, саябыр сәтте емес соғыста шығатыны тарихтан белгілі. Халқымызыдың ең елеулі тұлғаларының бірі, аты кең даламызға аңыз болып тараған, талай ала қырғын соғыстан абыроймен шыққан, халқымыз қызыл қанға боялған кезде Кіші жүз сарбаздарының қолбасшысы болған Тайлақ батырдың қазақ тарихының төрінен ерекше орын алатын реті бар. 1715 жылдан 1726 жылға дейін созылған жоңғар қонтайшыларының елімізге салған ойран-қырғынының ортасында шыңдалған Тайлақ батыр халқымыздың арқа сүйер арысына айналды, кек жібермес ұлы болып қалыптасты. Тайлақ батырдың қалыптасуы, соғыста, бейбіт өмірде жасаған ерлігі туралы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында жазылған [1, 74]. Жас кезінен Әбілқайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалғаны, дос болғаны, той-думанда да, жорықтарда да қатар тұрғаны Әбіш ағаның жағымды, шұрайлы, көркем сөздерімен толық көрсетілген. Сол романнан үзінді келтірген дұрыс деп есептедім. Тайлақ қалыңдық іздегенде: – Әке, сонда кімнің ауылына барғаным дұрыс дейсің? – деп сұрапты. – Өзіңнің болашақ қадіріңді, әкеңнің атын, досыңның абыройын, тегін үйдің босағасына тастай салма. Жалғыз шалдың жалғыз баласы болып та біраз жүрдің ғой. Ең болмаса қайның қалың ауыл болар ма екен? Алысқа ат шаптырып қайтесің, мына Боралдай бойындағы Жомарттың ауылына бара сал, – депті. Әкесінің «бара салының» өзі байлығы мен сән-салтанаты күллі қазақтың ауызына іліккен Жомарт болғанына Тайлақ таңғалмағанда, кім таңғалсын! Қапелімде, іштей жүрексініп тұрса да, әке аузынан шығар сөз шығып қалғасын, қасына Әбілқайырды ертіп Жомарттың аулына барды... Романның осы үзіндісінен-ақ Тайлақ пен Әбілқайыр сұлтанның жас бозбала кезінен дос болып бірге жүргенін байқайсыз. Міне, Кіші жүздің екі тарланы осылай барып Пәтшайым сұлуға құда түсіп қайтқан болатын. Бозбала кезінен бірге өсіп, достықтың барлық өткелінен бірге өткен, ауылдағы қақтығыстан бастап, жау шебінде ел қорғауға дейінгі соғыстарда біге шыңдалған Тайлақ пен Әбілқайырдың қарым-қатынасы басқалардан ерекше болған деп баға беруге болады. Тарихшы А.И. Левшин өзінің кітабында қазақтардың Еділ бойындағы жайылымы мол, табиғаты тамаша жерде тұрып, он бес жылдан кейін Жайықтың бергі бетіне өткенде барлығы бірдей аттан түсіп, жердің топырағын сүйіп, көздеріне жас алғанын ерекше атап көрсеткен. Міне, осындай жері мен халқын ардақтай білетін, елі үшін жанын пида ететін жандардың арасынан шыңдалып шыққан Тайлақ, «Ақтабан шұбырынды» деп аталып кеткен қазақтың басына түскен ауыр заманда құдіреті күшті қолбасшыға айналды. Білегі қару көтеретін жастан бастап жасы алпыстан асқан ел ағаларына дейін қолдарына семсер мен найзасын ұстап жоңғар қонтайшыларына қарсы шыққанын ел біледі. Бұл қырғын соңғы 300 жылда өткен соғыс өртінің ең алапаты, ең жауызы, ең қиыны еді, қазақ халқы жоқ болып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Тарихшылардың айтуына қарағанда, жер де, су да қанға боялып, өлік жатпаған бұта болмаған сияқты. Қанша жігерлі халық болғанмен ұйымдастыратын басшы болмаса, бастайтын қолбасшы болмаса, қалың әскер де қауқарсыз болатыны белгілі. Осындай қысылған заманда Кіші жүзге басшы болып, барлық тайпаны біріктіріп алға жетелеген Әбілқайыр хан десек, осы халықтың әскеріне бас қолбасшылық жасап жеңіске жетуге бар күшін салған, ақыл, айласымен басқарған адам – Тайлақ батыр. ...Жомарт батырдың ауылында болған оқиға, қазақтың барлық ауылын шарпыды, жоңғарлар жолындағы қазақ елін түгел қырды. Ал Жомарт батырдың ауылын мысалға алып отырған себебіміз, бұл Тайлақ батырдың қайын жұрты болатын. Аждаһадай аузын ашқан жау ешкімді аямады, Жетірудың арқа сүйер байы, биі, ақсақалы Тайлақтың әкесінің ауылын қырғынға ұшыратып, өзін найзаға шаншып кетті. Бұның бәрін көзімен көрген Тайлақ, қасындағы Әбілқайыр досы екеуі әкені жерлеп күңіренгеннен басқа ештеңе жасай алмады. Міне, осыдан бастап әр елге жаушы кетті, әр биік төбенің басына от жағылды, әр ру өз батырлары бастаған қолдарын Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасына топтастырды. Тарихтан белгілі халық сарбаздары батырлардың жанына топталды, солардан үміт күтті. Табындарды бастаған Бөкенбай батыр, тамаларды бастаған Есет батыр, Жағалбайлыларды бастаған Сәрке батыр, жалпы Жетірудың барлық батырлары Тайлақ батырдың арқа сүйер күші болатын. Батырлығымен қолбасшыға сай ақылы, алғырлығы Тайлақтың басқа ру басшыларының алдында абыройы мықты екенін көрсетті, сендірді. 2. Қасіретті заман қайғысы Жайбарақат ұрпағын өсіріп, малын жайып, шаруасын жайлап, мамыражай тірлік кешіп жатқан қазақ еліне 100 мыңнан астам қолмен жоңғар қонтайшылары лап қойғанда, мұндай алапат қатыгездік пен жауыздық күтпеген, қамсыз жатқан елді, алғашқыда, қара түнектей үрей жайлады. Бұл қазақ еліне қасірет түскен 1723 жылдың көктемі еді. Кіші жүздің намыскер жігіттерін жанына жиып, сауыт-сайманын киіп, жау жарағын асынып, алғашқылардың бірі боп жоңғарға қарсы бас көтерген Тайлақ батыр болатын. Тайлақ батыр Ырғыз өзенінен Жайыққа дейін, бір шеті Каспий теңізін жайлап жатқан 29 рулы елге жар салып, елді, жерді қорғауға үндеп, қанды қанмен жуып, кек қайтаруға шақырып, қол жинады. Сол жылдың күзінен, яки жасақтың құрылуының алғашқы сәттерінен бастап-ақ Тайлақ батыр бастаған қазақ сарбаздары өздерінің өткір де тұтқиыл шабуылдарымен жоңғарларға үлкен ой салып, өздерінің осал жау еместігін таныта білді. Сол атақты жоңғар қолбасшыларының бірі Шона-Доба, қасиетті қазақ даласында, өзінің сан мың әскерімен ілгері аттап баса алмай, табандап тұрып қалды. Шексіз қазақ даласының төсінде ойнаған сағымдай-ақ, жоқ жерден пайда болатын Тайлақ батырдың қарулы қолы, жоңғар сарбаздарына тұтқиылдан қасқырдай тиіп, тұтасымен қырып салып, қасиетті даласына сағымдай сіңіп кететін. Әрі қарай жылжу керек деген мыңбасыларының ұсынысына Шона- Добаның қаһарланып айтқан мына сөзі тарих беттерінде қалған: «Сендер немене, әлгі шектен шыққан Тайлақтың біздің күн келбетті әкемізді қоянжүрек қорқақ дегенін ұмыттыңдар ма? Және ол Боғдыханның өзі бас иген біздің құдіретті әкемізді, қасиетті әміршімізді бір кезде Тәуке хан жеңіп кеткен дейтін көрінеді, сол айтқанын ұмыттыңдар ма? Сол ессіздердің бастары аяғымның астына кеп домалап түспей, мен бұл арадан аттап шықпаймын», – деп шегелеген. Шона-Доба қанша айла жұмсағанмен, не Тайлақ батырға, не оның сарбаздарына ештеңе жасай алмады. Содан жоңғардың қалың қолы ілгері аттап баса алмай, Тайлақ батыр бастаған қаһарман қазақ жасақтарымен үш жыл арпалысып, бұл соғыс Бұланты бойындағы ұлы шайқасқа ұласты. Қанды қырғынның алғашқы күндерінен бастап-ақ Тайлақ батырдың даңқы бүкіл қазақ халқы арасында кең таралып қана қоймай, сонымен қатар жоңғар қонтайшылары мен жоңғар сарбаздарының арасында алапат үрей тудырушы даңқты есімге айналды. Тайлақ батырдың қол жеткізген жеңістері, жасаған ерліктері, жауларға тудырған үрейі кең даламызға тарап, ұлы жүздің қол жинап жатқан атақты батыры Саңыраққа жетті және оны қанаттандыра түсті. 3. Бұланты мен Бөленті шайқасы Саңырақ батыр бар сарбаздарымен өзіне қосылатынын айтып Тайлақ батырға Кенже батыр бастаған жаушыларын аттандырды. Жіберген жаушылар туралы дерек Ә. Әлімжановтың «Жаушы» романында толық қамтылған [2, 188]. Қиын-қыстау жолдармен өткен жаушылар келіп жеткенде Тайлақ батыр өз әскерлерімен жоңғарларға шабуыл жасауға дайындалып жатқан. Тайлақ батыр хабаршылар арқылы Шона-Добаның арына тиетін өткір сөздер жолдап, егер қоянжүрек қорқақ болмаса келісімді күні Бұланты мен Бөленті өзендерінің аралығына шешуші шайқасқа келсін деген хабар жіберген. Тайлақ батырдың бұл шақыруы, бүкіл қазақ жерінде жоңғар жортуылы басталғаннан бері, қазақ қолының жоңғардың қалың қолымен терезесін тең қойып, ашық шайқасқа алғаш шақыруы еді. Бұл шақырудың астарында, жоңғарларға, күнің бітті, тұяқ серпер ақтық сәттерің таянды деген айшықты ескерту жатты. Жүзбасы-мыңбасыларымен, кеңесшілерімен қанша ақылдасқанмен, жағдайды көріп-біліп отырған Шона-Добаның Тайлақ батырдың шартын қабылдаудан басқа амалы қалмады. Тайлақ батырдың үш жылдан бергі талай шайқастарда жоңғарларға соққы беріп, аяқ астынан айласын асырып, талай қанды шайқастардан өз адамдарын аз шығынмен алып шығуы барлық жерге жайылып, халық арасында аңызға айналған. Жанына Бөкенбай батыр бастаған табындарды, Есет батыр бастаған тамаларды, Сәрке батыр бастаған жағалбайлыларды, Есенқұлдың Есегі бастаған адайларды және басқа кіші жүз руларының сарбаздарын топтастырып жоңғарлармен шешуші ұрысқа дайындалып жатқан Тайлақ батыр талай сыннан өтіп әбден шыңдалған, соғыстың егжей-тегжейін толық білетін қазақтың белгілі қолбасшысына айналған. Кіші жүз батырларының ақсақалы, 1710 жылғы құрылтайдан бері атағы белгілі Табын тайпасының қолбасшысы Бөкенбай батыр алақан жайып, Тайлақ пен Саңыраққа жеңіс жолын тілеп, ақ батасын берді. Келісімдегі шайқас орнына түнделете жеткен, көзоба жағылған отқа алданып қалған Шона-Добаның қалың қолы жер сипап қалды, алдын-ала жасалған жоспарларының быт-шыты шығып, күтілмеген, тосын жағдайда не істерін білмей дағдарысқа ұшырады. Ертесіне жоңғардың мыңдаған қолы шұбырып, түйдек-түйдек болып Қарасиыр аңғарына жеткенде, қарсы келген қазақ сарбаздарына тіреліп іркіліп тоқтады. Сәл тыныштықтан кейін, доңғалақ үстіне орнатылған үлкен барабанның үрей шақырған дүңкілі даланы жаңғыртқандай болды. Жоңғар қолының алдына бір мықтысы шығып жекпе-жек деп айқай салған кезде қазақ сарбаздарының тобын жарып Сәрке батыр шыққан. Осы жекпе-жек батырдың даңқын бүкіл қазақ жеріне әйгілі қылды. Күш сынасқан тарихи төбе осы күнге дейін Сәрке төбе атанатыны сондықтан болар. Сол күннен бастап Сәрке батырдың атына «Алтын сапты, алмас қылышты» деген сөзді қосып айтылатын болды. Шона-Добаның әскері Тайлақ бастаған қазақ сарбаздарынан екі есе көп еді. Жоңғарлар қазақ қолын қоршауға ала бастаған кезде екі бүйірден батырлар бастаған 2 мың қазақ сарбаздары келіп килікті. Жоңғарларды тықсырып, қонтайшының шатырына қарай ығыстырғанда, олар айлаларын асырып, зеңбіректердің жолын ашып, шегініп кетті. Сол сәтте білдірмей жақындап тұрған Кенже батыр бастаған екі жүздік ұшқыр аттарымен жер астынан шыға келгендей зеңбірек маңындағы сарбаздарға лап қойды. Он екі зеңбіректің тек үшеуі ғана оқ атып үлгерген шақта, қазақ жігіттері жетіп үлгеріп, жоңғарлықтарды шауып, зеңбіректерін арқан салып, сүйреп әкетті. Осы мезгілде екі жақтан қазақтардың екі мыңдығы келіп тигенде, Шона-Добаның шешуші ұрысқа алып қалып тұрған әскерін де салудан басқа амалы қалмады. Тайлақ пен Саңырақ осы кезде әлі де ұстап отырған 500 сарбазын ұрысқа салғанда Шона-Доба бастаған соңғы мыңдық алаңды тастап жан сақтаудың амалына кіріскен болатын. Бүркіт белгісі бар Тайлақ батыр бастаған, Арыстан белгісі бар Саңырақ батыр көмекке келген Бұланты – Бөленті соғысы аталған сол шайқас даңқы кең даламызға желмен жеткендей тез тарады. 4. Қазақтың ұлы жеңісі – «Аңырақай» Даланы жаңғыртқан шулы хабарды алысымен Ұлы жүзді Саурық батыр барып көтерді, Орта жүзді атағы белгілі қанжығалы Бөгенбай батыр топтастырды, ал Тайлақ батыр Кіші жүзден қол жинап дайындыққа кірісті. Қазаққа дабыл қағылып, қару көтеретін ер адамның барлығы Ұлы таудың бауырайына жиналды. Ұлы жүз қолының бас сардары Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары қанжығалы Бөгенбай, Кіші жүз қолының бас сардары Тайлақ батыр ортаға шығып: «Ағайынның аманатын жерге қалдырсам, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен құрып кетейін. Арым-алашқа, қаным-қазаққа!» деп ант су ішті, құран ұстап ант берісті. Барлық қазақ қауымына басшылыққа Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланды. Осы үш батыр бастаған қазақ қолы қырғынды салып жатқан, дегенмен 1726 жылғы ұрыстан кейін есеңгіреп қалған жоңғарларға (қалмақтарға) қарсы көтерілді. Бұл соғыс қазақ тарихында «Аңырақай» деген атпен қалған. Бұл дәуірде Тайлақ аз әскерден қалың қолға дейін басқарып, шайқастардың небір қиын тұстарында ұтымды әскери айла мен әдістерді шебер қолданып, аңызға айналған даңқты қолбасшы дәрежесіне жетті. Үш жүздің әскерлеріне: Ұлы жүзге бас болып Саңырақ батыр, Орта жүзге Қанжығалы Бөгенбай батыр, Кіші жүзге Тайлақ батыр сайланды. Бұл батырлар 5 жылдық соғыста әрқайсысы бір кішкентай ауылдың жігіттерінен бастап, 15-20 мыңға дейін қол жиып, оларды жалаулы жеңістерге жеткізген атақты, беделді сарбаздар еді. Сондықтан қазақтың бар сарбаздары мен батырлары өз өмірлерін осы үш батырға сеніп тапсырды десек артық емес. 5. Тайлақ батыр кім, қай ұрпақтардан тараған? 1729 жылғы қазақ жерінде тойға айналған ұлы жеңіс соғыстың соңы емес еді. Әртүрлі себептермен елге бытырап кеткен әр жүздің әскерлерінің басы қосыла қоймады. Кіші жүз ханы Әбілқайыр орыс патшасының елшісі шығуына байланысты өз ордасын Ырғыз өзенінің маңындағы Майтөбе деген жерге орналастырды, Жетірудың мықтыларын қасына топтастырды. Ал жоңғарлар өз жөніне кете қоймады, басқалары тарқағанмен Кіші жүздің Тайлақ батыр мен Әбілқайыр ханның інісі Бұлғайыр сұлтан бастаған 70 000 қолы ұлт азаттық соғысты әрі жалғастырды. Қазағымыздың түп қабырғасы, шежіреге үңілейік. Аты алты алашқа белгілі Кіші жүздің төбе биі Шеген бидің төртінші ұрпағы, аты аңызға айналып, бүкіл жалпақ Жағалбайлы еліне ұран болған Малатау батырдың немересі Тайлақ батыр деп жазылған Жетіру шежіресінде. Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр деп көрсетілген бір деректе. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8-томында Тайлақ Мәтіұлы деп жазылған [3]. Мамыр бабамыз Шеген би сияқты қазақтың атақты сұңқарының шөбересі екенін ескерсек, жастайынан тәрбие алып, білімнің ордасында өскен Мамыр бабамыздың билік құрып, Мәті би атануына шек келтіруге болмайды. Осы энциклопедиядан үзінді келтіріп, Тайлақ батырдың қысқа болса да, ел үшін туған ер екенін білуге болады. «...Кіші жүздің Жетіруынан шыққан. Әбілқайыр ханмен үзеңгілес құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасы жиынында Кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланды. Тайлақтың жиені, Ұлы жүздің батыры ошақты Саңырықпен бірге жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен. Бұланты-Білеуті шайқасында, Аңырақай шайқасында Кіші жүз жасағын басқарған». Бұл жазбадан Тайлақ батырдың Әбілқайыр ханның тек замандасы емес, екеуінің құрдас екенін білеміз. Демек, Әбілқайыр 1693 жылы туған деп есептесек, онда Тайлақ батырдың да сол жылы өмірге келгенін есептеп шығару қиын емес. Әрі кеткенде туған жылдарында 1-2 жас өзгешелік болуы мүмкін. Ал батырдың өмірден өткен жылы туралы дәл дерек жоқ. Тайлақ батырдың кейінгі өмірі туралы халық аузынан жеткен аңыз әңгімелердің шындыққа ұласатын бір нұсқасы мынадай. Жауды өкшелеп қуған Тайлақ батыр жоңғарлардың әбден тықырына жеткен болу керек. Жекпе-жекте жеңе алмай, талай батырларынан айырылған жоңғар қонтайшылары Тайлақ батырдың басына бәс тігіп аңдығанға ұқсайды. Бір ыңғайы келгенде аз әскермен қалған Тайлақ батырды көп адаммен қоршаған жоңғарлар батырдың көзін жоюдың амалын жасап бағады. Бұл амалдары толық іске аспағанмен, жараланған батырды қазақ сарбаздары кейін алып шығып еліне жеткізген. Міне, осыдан болу керек, Әбілқайыр хан орыс патшасымен бірнеше рет шартқа отырғанда бірде-бір құжатта ең жақын досы, елдің маңдайына біткен атақты батыры Тайлақ жоқ. Одан соң болған қалмақтармен, орыс-казактармен және басқаларымен соғыстарда да Тайлақтың болмауы, айтылған аңыз әңгіменің дұрыстығын дәлелдейтін сияқты. Осындай еліміздің іргесі сөгілмеуі үшін өмірін қиған, көзін жұмғанша халқымыздың бостандығы үшін, қазақтың жоқ болып кетпеуі үшін соғыс өртінің ортасында жүрген Тайлақ баба ескі қорымда бір төбешік болып жатыр. Қасында сынып жатқан құлыптасына қарап, әттең асыл ер, халықтың бір туған ұлы, аруақты ата ұрпақтарыңа мен мұнда жатып сендердің тілегіңді тілеймін, ендігісін өздерің біліңдер деп жатыр-ау деген ойға кетесің. Баянғали ҚҰЛТАЕВ, этнограф-өлкетанушы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Пайдаланылған әдебиеттер Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 4. – 1999. – 464 б. Әлімжанов Ә. Ұстаздың оралуы, Жаушы, Махамбеттің жебесі: Романдар. – Алматы: Жазушы. 1981. – 544 б. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. 8-ші том.Источник: http://e-history.kz/kz/publications/view/2812© e-history.kz
5056 рет оқылды