02 мам, 2018 сағат 09:13

«Бәйтеректің» қасына қой жайған қостанайлық жазаланды

Лисаков қаласының орталығында мал жайған тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жергілікті «Акцент» телеарнасының сайтына сілтеме жасап.

Лисаков қаласының тұрғындары қала орталығында жайылып жүрген малдарды суретке түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы таратқан.

«Бір отар қой мен табын сиыр орталықтағы «Бәйтерек» монументінің қасында жайылып жүрді. Қала тұрғындары, әсіресе, балалар нысанның айналасындағы малдарды көріп таңғалды», - деп жазды «Акцент» телеарнасының сайты.

Тәртіп сақшылары мал иесін тауып, оны жазаға тартты. Енді ол 20 АЕК (48100 теңге) айыппұл төлейді. Айта кетейік, монументке зақым келмеген.