25 қыр, 2017 сағат 19:01

Байтақ даладағы бабалар ізімен

Биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан соң, әр аймақта өлкетану бағытында арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, тарихи маңызы бар орындар қайтадан анықталып, нақтыланып, оларды келер ұрпақ санасында қалдыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Осындай игі бастамаға үн қосқан Павлодар облысы әкімдігі жергілікті өлкетанушы азаматтардың ұсынысын қолдап, "Байтақ даладағы бабалар ізімен" атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырып, көршілес Ақмола облысының Ерейментау, Көкшетау өңірлерінің біраз жерлерін аралап қайтқан едік. Экспедицияның мақсаты: Баянауыл жерінен шыққан, бірақ бір замандарда белгілі себептермен Көкшетау, Ерейментау өңірлерінде мәңгілік мекен тауып қалған тарихи тұлғалардың зират-кесенелерін анықтап, соларға байланысты көнеден жеткен әңгімелерді қайтадан жаңғыртып, деректі фильм түсіру болатын. Бұл адамдардың жатқан жерлерін біреулер білгенмен, біреулер біле бермейді. Сондықтан оларға байланысты тарихи деректер біріншіден, кейінгі ұрпақ үшін қажет болса, екіншіден, ұлттық тарихымыздың бір бөлігі болып саналатын өлке тарихына толықтыру болары сөзсіз.

Экспедиция барысында біздер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары мен кейбір мұрағаттық деректерді негізге алғанымызды айта кеткіміз келеді.

Енді жоғарыда аттары аталған тарихи тұлғалар жайлы бірер сөз.

Торайғыр би Едігеұлы

2011 жылдың жазында біздер Торайғыр би жайлы деректер іздеп сол жақты аралап жүргенде, Мәдениет ауылының жанында Торайғыр тауы деген жер бар деп естіп, солай қарай ат басын бұрған едік. Жергілікті адамдардың сілтеуімен, сол ауылдағы өткен-кеткеннен хабары бар Дулат Әбдірашұлы атты қарияға кіріп, сәлем бердік.

Амандасып, жөн сұрасқасын, менің не шаруамен жүргенімді білген Дулат ақсақал:

 – Е, балам, сен Құдай айдап, тура келген екенсің, бабаң мына жерде, ауылдың іргесінде, Торайғыр биігінің басында жатыр. Қазір апарып көрсетем,–деді тура менің келетінімді күтіп отырған кісіше.

Мен әлі де болса дүдамалдау оймен: «Аға, бұл қай заманнан қалған әңгіме, дерегі бар ма, өзіңіз кімнен естіп едіңіз?» – деп сұрадым.

 – Қарағым, менің жасым сексен алтыдан асып, сексен жетіге кетіп барады. Бұл әңгімені сонау соғыстың алдында, біздің бала күнімізде: «Ана төбенің басында Сүйіндік елінің Торыайғыр деген биі жатыр, әкесінің аты Едіге екен»–деп үлкендер айтып отыратын. Әйтпесе мен ойдан шығарып отыр дейсің бе, айналайын, – деді ақсақал менің сеніңкіремей отырғанымды байқап. Осыдан соң қарияға ілесіп, Торайғыр тауына шығып, би бабаның рухына бағыштып дұға қайырып едік...

Түйте әулие Дүйсенейұлы

Енді Көкшетаудан бері еңкейсек, Сілеті өзенінің бойында жерленген тағы бір тарихи тұлға – Қозған Түйте әулие Дүйсенейұлы.

«Қазақ шежіресі» деген еңбегінде Мәшһүр бабамыз Түйте тәуіп жөнінде мынадай дерек айтады: «...Асаубайдың кенжесі Бәзіл қажы атанған. Қыстауы Сілетіде, Ешкіөлместе. Бәзіл қажыдан—Ғұбайдолла, Бопкен. Бопкен балалары—Жиіпалла, Нұрхамит. Бұл екі баланың қара орманын сыпырып алып, Ғұбайдолланы Омбыға, Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен Семей барамын деп, Қызылтау баурайында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырған, құдай рахмет қылсын, Мәшһүр Жүсіпке кез болып, «қатын-балаңды тауып ал» деп, бір шабдар атты басы-байлы  өзінікі қылып мінгізіп қоя бердім. Сол Бопкен айтты: «Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптің моласы біздің қысты күнгі қотанымызда. Үстіне ағаш шыққан, шеңгел де шыққан. Ағаштан жасаған моласы бар. Бұл күнге дейін тозған жоқ, құлаған да жоқ»–деп.

Мәшһүр жазбаларында Түйте жайлы басқа да деректер айтылады. «Түйте тәуіптің қонысы әулиелі Қызылтауда, жын-перімен алысқан жеріне әлі күнге дейін шөп шықпайды, көктеуі мен күзеуі Шідерті өзенінің жайылған жері, Ақкөл-Жайылмада, Қаражар, Күрең бие деген жер, жұрт осы күні Әулиелі Ақкөл деп жүр. Сол Түйте тәуіп қоныс қылған соң, Әулиелі Ақкөл деп атайды да, өзі жайлауда Сілеті бойында, Ешкіөлместен жиырма бес шақырым, Керей Бәзіл қажының ауылында дүниеден өткен. Зиратын ағаштан қиып салған екен, басына барып дұға қылдым» – деп жазады.

Тағы бір жерде: «Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптің қыстауы – Қызылтауда, Жосалы деген жерде. Таң намазын сол жерде оқып, бесін намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір күн түнеп жатып, ертеңгі памдат намазын сол жерде оқып, бесін намазын үйіне барып оқиды екен. Бес намазды  Ақкөл басында   бір дәретпен оқып, бес намазды үйінде бір дәретпен оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің «Әулиелі Ақкөл» атанғаны сондықтан екен» – деп жазады Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы.

Өлкетанушы-мұрағатшы Дәурен Аяшинов деген бауырымыз 1848 жылғы Санкт-Петербург қаласында шығарылған Батыс-Сібір аймағы картасын  тауып, Сілеті бойында «Түйтенің адыры»  деген жер атауы барын анықтады. Сонымен, Мәшһүр Жүсіп жазбалары мен осы картаға сүйеніп, Ерейментау ауданындағы Байсары ауылы жанынан Түйте тәуіптің жерленген жері табылып, былтырғы жылы ұрпақтары басына зәулім мазар көтерген.

Көтеш ақын Райұлы

Тағы бір тарихи орын – Ерейментаудағы Балықты көлі. Бұл арада ХVІІІ ғасырдың белгілі ақыны Көтеш Райұлы жерленген. Бір өкініштісі, дұрыстап зерделемеудің себебінен, осы уақытқа дейін Көтеш ақынның тегі «Райымбекұлы» деп қате жазылып келді. Ал шындығында ол Райымбектің інісі Райдың ұлы. Өзінің бір өлеңінде Көтеш ақын:

«Арғы атамды сұрасаң–Сексен-Жұлма,

Райымбек Сексеннен туған ұл ма?

Райымбек дейсің де, Райды айтпай,

Райымбек би болса, Рай құл ма?»–дейді. Осы шумақты бұрыннан оқып жүріп, ақынның Райымбек емес, Райдың намысын қорғап тұрғанын байқап, Көтеш Райдың ұлы емес пе екен деп іштей дүдамал болып жүретінбіз. Шындығында, шежірене дұрыстап зерделей келе, солай болып шықты. Өлеңдегі Жұлма–Сексен батырдың үлкен баласы. Жұлмадан–Рай, Райдан Көтеш ақын туады.

Көтештің Райдан туғанын растайтын тағы бір дәлел, 1854 жылғы Қызылтау-Күлік болысының мал-жан санағында Көтештің баласы Жайлаубай Рай атасынан тараған ауылдың ішінде көрсетіледі. Егер Райымбектен тараса, олай жазылмас еді. Себебі аталмыш санақта ру ішінде әр атадан тарайтын ауылдардың малы мен жан басы жеке-жеке бөлініп, анық көрсетілген. Бұл ешқандай дау тудырмайтын дәлел.

Тағы бір жүгінеріміз, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының деректері. Мәшекең Көтештің Райдың ұлы екенін өз еңбектерінің бірнеше жерінде анық жазады. Мысалы, 2007 жылы шыққан 13 томдықтың 10 томының 91 бетінде «Сексеннен-Райымбек, Рай, Қараша... Райдан–Көтеш ақын» – дейді. 

Сондай-ақ, Мәшһүр-Жүсіптің:

«Жабысты маған өлең он бес жаста

Жұрт айтты, не қыласың, деді таста.

Дегенмен бастағасын қоя алмадым,

Сотым жоқ қылған жұртқа мұнан басқа»–деп басталатын өлеңі бар. Дәл сол жасында Көтеш ақын түсіне кіріп, аян берген екен. «Дәл он бесімде түсімде үш ауыз өлең үйретті, қызға жазатұғын өлең. Ояна келсем, ойымда сайрап тұр. Сонан соң гу-гу өлең ойма келе берді. Өз ойымда: «Түсімде өлең үйреткен Көтеш ақын-ау»–дедім. «Күлікпін!»–деп айқаны есімде» – дейді.

Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың дерегі бойынша Көтеш ақынның сүйегі қазіргі Ақмола облысы, Ерейментау ауданының аумағындағы Қарағайлы шоқыдан төмен, Балықты деген көлдің жағасында жатыр. «Көтешті қартайған шағында Шерудің ағашының жанында қарақшылар өлтіріп, тонап кетіпті. Бірнеше күннен кейін ауылдастары тауып алса, денесіне ит-құс тиген екен. Өзі толық адам болыпты, майы жерге сіңіп, айналасындағы топырақ қарайып кеткен екен» – дейді.

Көтештің өзін тонамақ болған ұрыларға айтқан:

«Әй, балалар, танымайтын не ел боларсың?

Не бастан, не дәулеттен кем боларсың?

Сексендегі Көтешті тонаймын деп,

Айдабол мен Күлікке жем боларсың!» – деген бір ауыз өлеңі бүгінге жеткен. Сүйіндіктің жақсылары кейін осы өлең арқылы қарақшыларды тауып алып, жазасын бергізіп, құнынын алады. «Қазақта бір басына үш кісінің құны төленген еркекте – Көтеш ақын, әйелде – Ұлбике ақын» – дейді Мәшһүр Жүсіп. Көтешті ақын қаза болған Шерудің ағашы бүгін де солай аталады, Балықты көлінен 20-25 шақырым шамасында, солтүстік-шығысқа қарай.

Едіге би Төлебайұлы

Ерейментаудағы Елтай ауылының жанындағы Едіге өзенінің жағасында Айдабол Едіге би Төлебайұлы жатыр. Былтырғы жылы Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылының азаматтары би бабаның басын көтеріп, ас берген болатын. Негізі Елтай ауылының тарихи атауы – Едіге және ауылдың жанынан Едіге деп аталатын шағын өзенше ағып өтеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары алғаш колхоздар құрылып жатқанда, бұл жерден де колхоз ашылып, Елтай Ерназаровтың аты берілген екен. Осы  арадан 7-8 шақырым қашықтықта Едіге деп аталатын темір жол станциясы бар. Едіге бидің бұл жерде жатқаны 1898 жылы орыс зерттеушілері жасаған картада «могила Едигей» деп анық көрсетілген.

Едіге би кім десеңіз, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған «Едігенің алғашқы билігі», «Едігенің Тоғаспен құда болуы», «Едігенің көрген түсі», «Едігенің соңғы билігі» деп аталатын этнографиялық әңгімелерден оның айшықты тұлғасын, адами бітімін қапысыз тануға болады.

Шорман би Күшікұлы

Едігеден жоғары, 15-20 шақырым жерде, Шорман өзінінің бойында Шорман би Күшікұлы жерленген. Шорман бидің Ерейментаудың сыртындағы жайлауына барып қайтыс болғанын да Мәшһүр Жүсіп жазады. Және жоғарыда аталған, 1898 жылы жасалған картада Шорман бидің де жатқан жері «могила Черман» деп анық көрсетілген. Бұл жерде де үлкен қорым бар. Өкінішке орай соның ішінде Шорманның қабірі дәл қайсы екені белгісіз және ешбір белгі қойылмаған. Бұл алдағы уақытта Шорман ұрпақтары ескеретін нәрсе деп ойлаймыз.

Олжабай батыр Толыбайұлы

Шорманнын жоғары, 10 шақты шақырым жерде Олжабай аулының жанында Абылай замынының қаһарманы Олжабай батыр Толыбайұлы жатыр. Бұл жердің тарихи атауы – Олжабай сөресі. Батыр қайтыс болғасын, сүйегін Түркістандағы Әзірет Сұлтанға апарып қоямыз деп, теріге тігіп, сөрелеп қойса керек. Бірақ бір себептермен апара аламай, сол араға жерленіпті. Кейін, ХІХ ғасырдың аяғында бұл жерді Ресейден келген қоныс аударушылар иеленіп, елдімекен атауы Подгорный, одан соң Благодатное болып өзгереді. Бір кездері Еркіншілік ауданының (Ерейментау) орталығы да болған. Қазір бұл жер өзінің тарихи атауына қайтадан ие болып, Олжабай ауылы деп аталады. 

Бір қызығы, Олжабай батырды ауызға алғанда, белгіл ақын Олжас Сүлейменовті оның ұрпағы деп жатамыз. Ал шындығында, Олжабай батырдың тікелей ұрпағы – академик Әлкей Марғұлан. Таратып айтсақ, Олжабайдан – Дулат, Дулаттан – Марғұлан, Марғұланнан – Хақан, Хақаннан – Әлкей.

Олжабай батыр өзі төрт ағайынды болған – Олжабай, Орман, Құлжабай, Рысқұл. Олжас ақын Олжабайдың осы Орман атты інісінен тарайды. Әлкей Марғұланның өзі көрсеткен шежіре-дерек бойынша: Орманнан – Төбет, Төбеттен – Тайжан, Тайжаннан –Ақтай, Ақтайдан – Ұзын Сүлеймен, Ұзын Сүлейменнен – Омар, одан – Олжас ақын туады.

Құлболды батыр-әулие Шуманақұлы

Олжабайдан солтүстік батысқа қарай, 30 шақырым шамасында, Ақмырза өзенінің жағасында бүкіл Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Майлытон, Шегір руларының түп атасы болып саналатын Құлболды батыр-әулие Шуманақұлының кесенесі тұр. Құлболды баба жайлы да Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында айтып өтеді. Және Ерейментау жерінде де Құлболды әулие жайлы біраз әңгімелер сақталып қалған.

Бір айта кететін жайт, өзен атуына ие болып қалған Ақмырза батыр да Қаржастың Құлыке тармағынан, Мырзағұл батырдың баласы. Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында: «Ақмырзаны жайлауға таласып, Керей Жәнібек батыр өлтіріпті. Осыдан кейін керейлер сол төңіректен ауа көшіп кетеді» – дейді. Бұқар жыраудың белгілі «Керей, қайда барасың?» атты толғауы дәл осы оқиғаға байланысты туғаны кейінгі кезде жазалып жүр. Тек кейін кейбіреулер өлеңдегі «өзен бойын көбелеп» деген жолды «Сырдың бойын көбелеп» деп өзгертіп жіберген секілді.

«Керей, қайда барасың,

Өзен бойын көбелеп?

Сен қашсаң да, мен қойман,

Арғымағым жебелеп,

Ақмырзамды өлтірдің,

Ақ сойылмен төбелеп...» – деп айтылуы керек шындығында. Сондықтан өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың жинағын құрастырушылыр бұдан былай осыны ескергені жөн деп ойлаймыз.

Өтеміс абыз Жанайдарұлы

Енді осыдан төмен кетіп, Ерейментаудан Павлодарға қарай шығатын тас жолдың бойынан солтүстікке қарай 7-8 шақырым жерде, Малтабар ауылынан төмен Күлік-Тілеуімбет Жақсы Жанайдардың баласы Өтеміс абыз бен Айдаболдың – Добан Шаржау баласы, Төкі Шоң баласы, Шоркен Ақын баласы атты үш мырзасы жерленген. Мәшһүр Жүсіп өз еңбектерінде Өтеміс абыз жайлы тебірене жазады.

«Өтеміс абыз бар тіршілігінде өмірі ораза болып өтті. Қай жерде мектеп, бала оқытқан молла болса, үйімен көшіп барып, қыс киіз үймен отырып, сабақ алып, оқу оқиды екен.

Ерейменнің айналасын, Қарағайлы шоқы маңын жайлып жүргенде күнде қатын-баласы: «Ноғайға мал сатып, киім-кешек алып бер» дегесін, екі қойды қосақтап, жаяу айдап бара жатса, жолда намаздыгер уақыты болып, тоқтап намаз оқыпты. Төрт бас намаз оқығаны – төрт жылға бергісіз екен. Асықпай-саспай оқып отырғанда, екі қойды қасқыр қуып жөнеледі. Бұны көрген ноғайдың жалшылар:

–Намазшылын қарашы, намаз бұған мал бере ме?! – деп мазақтап күлісіпті.

Өтекең асықпай намазын тәмәмдап болып, қыр асып кеткен екі қойының соңынан барса, екеуі екі жаққа шиыршық атып сіресіп тұр екен де, қасқыр ортасындағы жіпке буынып, сілейіп қалыпты дейді. Бара сала жалма-жан: «Ит-құс (қасқыр) буынып өліп кетеді-ау!» – деп, жіпті пышақпен қиып жіберсе, екі қой екі жаққа жонға қашып, қасқыр жерге сылық ете түседі.

Көріп тұрған ноғайдың жалшылары шауып барса, Өтекеңнің қашып кеткен қойлармен жұмысы жоқ, қасқырды аяп, ботадай боздап:

–Уай, кәріп, мүсәпірім-ай, қарның ашқандықтан, жоқ жерде аяқсыз өліп қалдың-ау! – деп жылап отыр дейді».

Бір таңқаларлығы, арада 2-3 ғасырға жуық уақыт өтсе де, Көкшетау, Ерейментау өңірлерінде Баянауыл-Сүйіндік еліне қатысты топонимдер (жер атаулары) сол күйінде сақталып қалған. Мысалы, Көкшетау жағындағы Айдабол ауылы, Итемген-Мамайдың көлі (Итемген мен Мамай – Шоң бидің балалары) , Торайғыр тауы т.б; Ерейментау жеріндегі Түйтенің адыры, Үшмырзаның көлі, Едіге, Шорман өзендері, Тайбай көлі, Олжабай сөресі, Ақмырза өзені, Шәкей ауылы т.б. сол бір замандардың тілсіз куәгерлері секілді.

Сөйтіп өлке тарихын түгендеуге қатысты ұйымдастырылған «Байтақ даладағы бабалар ізімен» атты тарихи-танымдық экспедицияның осы бір аймақтарды аралап өтті. Әрине, мүмкіншілік болып жатса, әлі де анықтап, нақтылай түсетін мәселелер жетерлік. Сөз соңында айтарамыз, аталмыш экспедицияны ұйымдастыруға рухани және материалдық көмек көрсеткен облыс әкімідігіне, басқадай адамдарға айтар алғысымыз шексіз.

Сайлау Байбосын, өлкетанушы