Байқоңырдағы Қазақстан балабақшаларында 460 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында 16 балабақша, оның ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына (бұдан әрі – МЖМБС) сәйкес қазақ тілінде оқытатын 3 балабақша бар. Балабақшаларда барлығы 2 885 бала (оның ішінде Ресей Федерациясының балабақшаларында – 2 425, Қазақстан Республикасының балабақшаларында – 460 бала) тәрбиеленіп жатыр», - деді Асқар Мамин .
Оның атап өтуінше, балаларға қазақ тілінде тәрбие беру және оқыту мақсатында 2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі жекеменшік балабақша ашылған.
«Сонымен қатар, қазақ тілінде оқытатын 280 орындық балабақша ашу мақсатында бұрынғы № 21 «Василек» балабақшасының ғимаратын Ресей Федерациясының балансынан алу және оны Қармақшы ауданы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде», - деді Үкімет басшысы.