08 мам, 2020 сағат 06:41

Бәйдібекте көпбалалы отбасыға баспана кілті табыс етілді

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында тұрмысы төмен отбасына баспананың кілті табыс етілді. Шақпақ елдімекенінде тұратын төрт баланың әкесі Бақытжан Ынтыбаевқа бес бөлмелі үйді жергілікті кәсіпкер тарту еткен, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жомарт жандардың бірі Ерболат Мырзабеков көпбалалы отбасына тұрғын үйді өз қаржысына сатып алып берген. Баспананың кілтін салтанатты табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қатысып, қоныстой иесі Бақытжан Ынтыбаевқа естелік сыйлық тарту етті.

Ал, облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді «Ел үлесі - пәтерге» жобасы бойынша Бәйдібек ауданындағы 197-ші баспана құтты болсын деп салтанатты түрде тұрғын үйдің кілтін тапсырды. Көпбалалы ана Гүлнұр Досжанованың қуанышында шек жоқ. Ол мейірімді жандарға алғысын айтып, балаларының өз бөлмесі болатынына қуанып жатты.

Кәсіпкер сондай-ақ Бақытжан Ынтыбаевты өзінің жеке шаруашылығына маусымдық жұмысқа қабылдағанын және қазір трактор жүргізіп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, үнемі қайырымдылық жасаудан шет қалмайтын Ерболат Мырзабеков аудандағы мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді.