Алматыда меценат болу сәнге айналды. Бұл туралы Бауыржан Байбек "Юбилейный" дүкенінде өрттен кейін істелген жөндеу жұмыстарын тексеру барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.
"Бүгінде біздің бай адамдар мейрамханаларда жүріп, қаражатты өзіне жұмсамайтын сән шығарып жатырмыз. Олар одан да балаларға арналған ойын аулаларын, мектептер, балабақшалар және емханалар салса дейміз. Меценаттық бүкіл әлемде дамыған. Адамға бұл өмірде көп дүниенің керегі жоқ. Есепшоттағы байлық - бұл нағыз байлық емес, мүмкіндігінше өз тұрғындарымызға көмек берейік. Сізге көп рақмет, сіз үлкен өнеге көрсеттіңіз", - деді әкім "Юбилейный" басшысына қарап.
Қала басшысы барлық жөндеу жұмыстарына, оның ішінде өрттен зардап шеккен пәтерлер, үйдің алды және екі фонтан салу үшін 185 миллион теңге жұмсалғанын айтты. Үйдің алдын әрлеуге осы соманың 100 миллион теңгесі жұмсалған. Фонтандар мен сол аумақты өңдеп, әрлеуге. шамамен 30 миллион кеткен. "Юбилейный" дүкенін қайта ашу 1 желтоқсанға белгіленген.
Осыған дейін Алматыда "Юбилейный" дүкені өрттен кейін қайта жөндеу жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарланған. Онда фонтандар мен орындықтар және көшеттер егілген. Ол жер енді қала тұрғындарына арналған демалыс аймағы болмақ. Дүкенді жыл соңына дейін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Осыған дейін, үйдің алды өңделіп, өрттен зардап шеккен барлық 26 пәтер қайта қалпына келтірілген. Барлық шығынды дүкеннің иелері өз мойнына алған.
Еске салайық, Өрт туралы хабар диспетчер пультіне 10 мамырда 04.37-де түскен. Бірінші бөлімше жеті минут өткенде, 04.44-те жеткен. "Корова бар" кафесінен өрт шығып, жеті қабатты үйдің сыртқы беті мен "Юбилейный" дүкеніне таралған. Өртті сөндіруге тартылған күш жағдай барысында көбейді. Өртті сөндірумен қатар үйдің келесі бетінен адамдарды қауіп төніп тұрған кіреберістерінен шығару жұмыстары жүргізілген. "Өртті сөндіру кезінде газ баллоны жарылды, бұл өртсөндірушілердің басын қатерге байлайтын жағдай. Абырой болғанда, ешкім қаза таппады, ешкім зардап шекпеді", - деп хабарлаған еді ТЖД өкілдері.