Қазақ әйелдерінің отбасылық жанжалдың жиі құрбаны болатынына белгілі продюсер Баян Есентаеваның жағдайы дәлел. Бұл туралы aktobenews.kz жазады.
Ақтөбедегі Үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының төрағасы Айгүл Дүйсенованың айтуынша, тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелге психологиялық қолдау да, проблемасын заң жүзінде қалай шешуге болатыны туралы кеңес те берілу керек.
— Отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін мамандар түсіндіру керек. Отбасы — мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін елде отбасылық институт қағидасын жетілдіруіміз, дәріптеуіміз керек, — дейді Айгүл Дүйсенова.
Жалпы қоғамда әйелдердің зорлық-зомбылықтан жапа шегуі, оның ішінде өз үйінде отағасынан, жігіт болған баласынан таяқ жеуі— адам құқығын аяқ асты етудің ең көп тараған түрі.
— Бұл бір жағынан түсінікті де. Себебі біздің қоғамның қалыптасқан менталитеті отбасын сырттан ешкімнің араласуына жол бермейтін «жабық ұйым» ретінде қабылдайды. Санамызға осылай сіңіп кеткендіктен, «отбасындағы араздықты отбасы мүшелері өзара шешуі тиіс» деп көп жағдайда құқық қорғау органдары да, жақын туысқандары да араласуға, араша түсуге құлықты болмайды. — дейді облыстық ішкі істер департаментінің зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Марина Нұрымжанова.
Әйелді немесе баланы өз проблемасымен жалғыз қалдыру дені сау қоғамның ісі емес, мемлекеттік органдардың, көрші-көлемнің тарапынан қолдауға, қорғауға бағытталған әрекеттер жасалуы тиіс.
— Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдауы керек.
Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді.
Негізінен ерік-жігері әлсіз еркектер әйелдеріне қол көтереді.
Әйелін ұратын еркек әйелінің басқан ізін аңдитын қызғаншақ, қатыгездікті көрсететін фильмдерге әуес және өзі балаға да, жан-жануарға да қатыгез, көңіл-күйі кенеттен өзгеруге бейім болып келеді. Көбінесе өз проблемасына өзгені кінәлі санайды.
Ондай еркектің әйелі болған адамның өмірі бара-бара тозаққа айналады. Үрей, шектен шыққан сақтық, кез-келген жағдайда абдырау, абыржу, қорғансыздық, үмітсіздік және шарасыздық, үнемі өзіне төнетін қауіпті ойлап уайымдау, қараптан-қарап өзін кінәлі сезіну, өзіне деген сенімсіздік, жабырқау, торығу сезімдері
ақырында әйелдің не өз-өзіне қол жұмсауына, не ішімдікке салынуына әкеліп соғуы мүмкін.
Бұл жерде әрбір әйел қоғамның көзқарасы емес, өз өмірі үшін өзінің жауапкершілігі маңызды екенін ұғынып, жылдарды өткізіп алмай шешім қабылдауы керек, — дейді психолог Лида Есенғалиева.
Еске салсақ, маусымның 10-ы күні жұбайы қатты соққыға жығып, пышақ жұмсағаннан кейін Баян Есентаева ауруханаға түсті. Осы оқиғаны сан-саққа жүгірткен жұрт «жұлдыздардың да басына қарапайым әйелдің күні туады екен-ау» деп пайымдады. Тіпті, бұл жағдай Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың деңгейінде айтылып, қазақ қоғамында әйелдердің құқы, денсаулығы жеткілікті қорғалмайды деген пікір туғызған болатын.