22 сәу, 2020 сағат 11:00

Батыс Қазақстанда мыңға жуық адам үйден бақылануда

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне қарсы күрес жалғасуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлім еткеніндей, күні бүгін 25 адам провизорлық, 48 адам карантиндік стационарда жатыр. 

Сондай-ақ үйлерінде оқшауланған 939 адам дәрігерлердің бақылауында. 

Аталған департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, облыста коронавируспен ауырғандар саны 72-ге жетсе, соның 61-і – шеттен, негізінен Ресейден келгендер. 11-і – бұрын осы дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандар. 

Бүгін таңда тіркелген екі азамат – Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын БҚО-ның 40 және 43 жастағы тұрғындары. 

Самарамен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде денсаулықтарына шағымы болмағанымен, карантиндік стационарға жатқызылып, сынама алынғаннан кейін коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

«Сырқаттандардың барлығы уақтылы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, соның ішінде екеуі жазылып шықты. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», деді Н.Мұстаев. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы анықталған төрт науқастың үшеуі Ресейден келгенін жазған болатынбыз.