23 мау, 2020 сағат 15:56

Батыс Қазақстанда екі күнде мыңға жуық түлек ҰБТ тапсырды

Батыс Қазақстан облысында екі күнде мыңға жуық түлек ҰБТ тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, алғашқы күні Жаңақала мен Жәнібек аудандарында ҰБТ сынағы өткізілді.

Тестілеу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында кезекшілік, ҰБТ пункттеріне жеткізу үшін 142 оқушыға тасымал ұйымдастырылды.

Тапсыруға ниет білдірген 198 түлектің 193-і сынақтан өтті. 1 түлек өз еркімен бас тартса, тыйым салған заттарды алып өтуге тырысқаны және ҰБТ ережелерін бұзғаны үшін 4 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

23 маусым күні облыста Жаңақала, Жәнібек, Ақжайық, Бөрлі, Сырым, Қазталов және Орал қаласында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде үміткерлер сыннан өтті. 

Түлектер алдымен дезинфекциялық тоннельден өтіп, дене қызуын өлшетіп, медициналық маска және қолғаппен қамтамасыз етілді. 

Екінші лекке қатысуы тиіс 794 түлектің 9-ы тест тапсыруға келмеді. Тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан 6 талапкер сынаққа жіберілмеді.

Тестілеу кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін Орал қаласы, Сырым, Бөрлі, Жәнібек және Қазталов аудандарында 9 талапкер аудиториядан шығарылды. Тәртіп бұзғандардан бөлек, тағы бір талапкер денсаулық жағдайына байланысты ҰБТ-ны басқа күні, сауыққан соң тапсырады.

Осылайша, екінші күні 769 түлек тестілеуден өтті.

Өңірде ҰБТ одан әрі жалғасуда.