
Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, 9 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 1 ақпан күні шамамен сағат 13.00-де Орал-Атырау жолы бойында болды.
«Лада Ларгус» пен «Datsun» автокөліктері түйісті.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, анықтағанындай, «Лада Ларгус» автокөлігі қолайсыз ауа райына байланысты жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Содан «Datsun» автокөлігімен түйіскен.
Ақжайық аудандық орталық ауруханасының директоры Алмас Жүнісбековтің нақтылауынша, аудан орталығы Чапаевтан 30 шақырым жерде, Самал ауылы тұсында болған жол апатына сағат 13.05-те жедел жәрдем шақырылды.
Автокөліктерде барлығы 11 адам болған. Екеуі дәрігерге қаралудан бас тартты.
«Қалған 9-ы түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде 1 жасқа толмаған бала бар. Оның жағдайы орташа, бір қалыпты, бас миы жеңіл түрде шайқалған. Үш адам жамбас, сан сүйектері сынығымен түскен. Бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Облыстық санавиациямен травматолог шақыртылды», деді А.Жүнісбеков.
