18 мам, 2020 сағат 11:16

Батыс Қазақстанда 1,5 мыңнан астам адам үй карантинінде жатыр

Батыс Қазақстан облысында 1582 адам үйде оқшаулануда, – деп хабарлайды БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта сондай-ақ 5 адам - провизорлық, 119 адам - карантиндік стационарда жатыр. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 168 адам ем алуда. Ал 155-і жазылып шықты.

Өңірде соңғы тіркелген 13 науқастың 8-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар, соның ішінде біреуі – медицина қызметкері. Сондай-ақ Атырау облысындағы Теңіз кен орнынан келген екі адамнан коронавирус анықталды. Оның біреуі тест нәтижесі теріс қорытынды көрсетуіне байланысты үй оқшаулауында болған.

Алайда кейін дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдеммен провизорлық стационарға жеткізіліп, зертханалық сынама алынған кезде оның да ауру жұқтырғаны анықталды.

Тағы үш адам – Ресейден келген Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Олар Ресеймен шектесетін «Сырым» және «Тасқала» автобекеттерінен өткеннен кейін жедел жәрдеммен карантиндік стационарға жатқызылған.

COVID-19 диагнозы расталғаннан кейін 13 науқас та облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Облыста індетке қарсы күрес шаралары жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Теңіз кен орны мен Ресейден келген 10 адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.