15 қаз, 2022 сағат 12:48

Батыс Қазақстан облысында мұнай өнімдері заңсыз шығарылмақ болған


БҚО-да мұнай өнімдерін заңсыз шығармақ болғандар ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"8-11 қазан аралығында ҰҚК Шекара қызметі Батыс Қазақстан облысының «Жайық» темір жол өткізу пунктінде еліміздің аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығарудың алдын алды.

Жағар май тиелген 20 теміржол цистернасы битумдық лактарды еріткіш «Уайт-спирит» ретінде көрсетіліп, жүкке арналған темір жол құрамдарымен тасымалданған. 

Ұсталған жүк құзыреті бойынша процессуалдық шешім шығару үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне берілді" - делінген хабарламада.

Шекара қызметі Қазақстандағы бензин, дизел отыны мен мұнай өнімдерінің жеке түрлерінің шығарылуына уақытша шектеулер қойылғанын еске салды.