19 нау, 2022 сағат 04:53

Батудың Ұлы жорығы


Батыл хан (Бату) 1235-36 жылдары Шыңғыс ханның тағына отырған Үгедейдің жарлығымен,  батысқа жорықты бастауды нақты қолға алған еді. Кезіндегі Жолшының ұлы (Жошы) Батыл Алакөлдің бойындағы қонысына өзінің бүкіл Дешті Қыпшақ жеріндегі әскерін жинауды және Шағатай ұлысының да қалың сарбаздарын осы араға шақырып, тізе қосуға жаушыларын жіберді.

Бір айға жетер-жетпес уақытта ұшы-қиыры жоқ қалың әскер Тарбағатай тауы мен Алакөл жағалауына жақын жатқан Іле Алатауының шеткі сілемдерінің аралығына лық толды. Миллионға таяу қалың сарбаз осы арада сап түзеп, жойқын соғысқа дайындалып, көп ұзамай жорыққа аттанды. Бұл Ұлы жорыққа бұрынғы Шыңғыс хан империясының туын көтерген жалайыр, найман, керей, қоңырат, қият, басқа да көптеген тайпалармен қатар, сол кездегі қазақ жеріндегі үйсін, сары үйсін, арғын, дулат, қаңлы тайпаларының сарбаздары түгелімен тартылды.

Батыл хан өз қасына кеңесші және өзінен кейінгі қолбасшы етіп, Шыңғыс ханның бұрынғы әскер басы Сүбетай (Сүбедей) батырды ертіп алды. Соғысты жүргізудің бүкіл әдістері мен тәсілдерін бес саусақтай білетін ұлы батыр әлі тың еді. Әскердің молдығы соншалық, салмағынан қара жер қайысқандай, құлақ тұндырған дыбысы алты қырдың астынан естілетін. Содан Батыл хан бастаған қыпшақтың қалың әскері Сарыарқаны басып өтіп, Жайық пен Еділдің екі аралығын бір демде жаулап алды. Бұлғария (қазіргі татарлар) ешқандай қауқар көрсете алмай, еріксіз берілді. Батыл хан Сүбетай батырмен үнемі соғыс бастар алдында кеңесіп отыратын болған. Еділ мен Жайықтың аралығын толық жаулап алған соң, хан өзіне Сүбетайды шақыртады. Сол кездегі қыпшақ әскерлерінің аса молдығы славян еліне бірнеше тұстан соғыс жүргізуге шамасы жететін еді. Батылдың қол астына сол тұста орыс княздіктері мен Кавказ, Қырымның әлі кіре қоймаған кезі. Хан бұларды мүмкіндігінше көпке созбай, тез жаулап алуды жоспарлаған болатын.

Осыны ескерген Батыл хан Сүбетайдан: «Русь пен Кавказды бір уақытта талқандап өтуге бола ма, әлде екі бағыт ашып, орақтай иіліп ортаға алып, соғыс жүргізгеніміз жөн бе?», – деп сұрады. Бұлғар қаласында аялдап жатқан бұлар дүр көтеріліп, 1237 жылы күзде екі бағытпен жорыққа аттанды. Мөңкенің әскерін Кавказ жақтан жіберіп, өзі (Батыл хан) орыс князьдіктеріне ойда жоқта басып кірді. Бірінші соққыдан кейін-ақ, Пронск, Рязань, Владимир, Коломна қалаларының күлталқаны шықты. Батыл енді Мәскеуге бет алды. Бұл 1238 жыл болатын. Князь Владимир Всеволодович орыс князьдіктерінің бірінен соң бірі беріліп жатқанын естіп, қашып кетті. Қыпшақ әскерлері тек қалаларды ғана емес, бүкіл жолында кездескен елді мекендерді тып-типыл еткен еді. Ресейді үрей жайлап алған болатын.

«Торғай болып ұшып кетпесең, аман қалуың екі талай» деген мәтел сөз ел арасында тарап кетті. Мәскеудің бекінісі қанша мықты болғанымен, айналасына ор қазып, су жүргізіп қойғанына қарамай, даланың құрыштай берік сарбаздарына қарсы тұра алмады. Ақыры Мәскеу да алынды. Сонымен қатар, Коломна, Торжок, Козельск, Тверь қалалары да жаулап алынды. Бұл кезде Мөңке Солтүстік Кавказ бен Қырымды аттарының тұяғымен таптап, кездескен жауларына дес бермей, жайпап өткен уақыт болатын.  Батылдың алдындағы ендігі мықты бекініс – Новгород еді. Бұл қалаға небәрі 150-200 шақырым жер қалған-ды. Жылнамашылардың айтуынша, көктем айы болғандықтан, айнала көл-көсір болып еріп, сарбаздардың және ат-арбалардың жүруіне көп қиындық келтірді. Сондай-ақ, азық-түлік аза­й­­ып, қалың әскер ішінара ауыра бастаған. Түмен басшыларымен кеңес құрған Ұлы хан көктемнің қары мен суығы кеткенше далаға бет алып, демала тұрғанды жөн көрді.  Бірақ, мыңдай садақшыны бөліп алып, қаланың түбіне жақындатып, отты жебелермен Новгородты өртеп жіберуді Қалқан түменге мықтап тапсырды. Жарлық толықтай орындалды. Қамалды бұзбағанымен, қала іші тұтастай өртеніп кетті. Оттың жалыны мен будақтаған түтін алыстан көрініп тұрды.  Демалып, біраз сергіген қалың әскер кезінде Сайын хан деп ұлы бабасы Шыңғыс ханның өзі атаған Батылдың жетекшілігімен, енді оңтүстік славян қалаларын: Переяславльді, Угличті, Черниговты, Владимир-Суздаль, Смоленскіні көп қиындықсыз жаулап алды.  Алда тек славян жұртының  орталығы саналатын Киев қана қалған болатын.

Батылдың сарбаздары мен Русьтің солтүстігін бағындырып келген Мөңкенің әскері қосылып, ендігі меже Киевті басып алуға дайындала бастады. Қалың қосынның алдында жарқырап Киев тұрды. 1240 жылдың күзінде, қатқақ жермен Батыл мен Мөңкенің қарақұрым әскері Киевтің түбіне келіп жетті. Батыл хан сұлу Киевті ешқандай соғыссыз алғысы келіп еді және мұны Мөңкеге ескерткен болатын. Бірақ, Киев тұрғындары қаланы өз еркімен бергісі келмеді. Батылдың негізгі күштері қаланы қоршауға алғанда, бойын үрей билеген Киев билеушісі Михайл Всеволодович Мажарстанға қашып кетті.

Басшысыз қалған қала қорғаушыларының көрсеткен қатты қарсылығына Батыл хан қайран қалған еді. Дегенмен, қала қорғаны күшті болғанмен үш айдың ішінде қалалардың қаласы атанған Киев ойран болды. Ыза кернеген хан қаланы тұтастай өртеп жіберді. Сонымен қатар, әскерінің біраз күнге демалуына рұқсат берді. Сүбетай мен өзге әскер басшыларын жинап алып, өзінің жорықтың алдында берген тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрастырып тексерді. Сүбетай батыр ұлы жорық басталар алдында Батыл ханға Шыңғыс хан бабасының мына бір әдіс-тәсілін айтқан болатын. «Шыңғыс бабаң жүз мыңға толар-толмас әскерімен мұхиттай керіліп жатқан Қытайды шапқанда, соғыс басталар алдында бүкіл түмен басшыларын шақырып алып:

«Сендер сарбаздарыңның ол жақта Қытайдан әйел алуына қарсы болмаңдар, сарбаздар күндіз соғысады, түнде солармен болсын. Соғыста шығынсыз болмайды және бірнеше айға кетіп бара жатқан жоқпыз. Мен біраз қыпшақтың қыз-келіншектерінің жасағын құрып, бірге алып бара жатырмын. Біз Қытай әйелдерінен туған балаларды солардың қолына тапсыратын боламыз. Олар әлгі балаларды елге әкеліп, әрбір үйге бір-екі баладан кіргізіп отырады. Өгей балалар ұл-қыздарымызбен біте қайнасып өсіп, біраз жылдардан соң опат болған сарбаздардың орнын толтырады. Сонда ғана бір уыс құмдай халқымызды жоғалтып алмай, толықтырып, сақтап қаламыз. Осыны естеріңде мықтап ұстаңдар», – деп жарлық берген еді».

Батыл хан да бүкіл әскер басыларын жинап алып, әрбір сарбазға осы ескертуді мықтап айтқан еді. Бұдан соң Батыл хан Галич-Волын жеріне аяқ басты. Мұнда алты қала бар еді. Бірақ, мұндағылар ханның аяғына жығылып, айтқандарын түгелдей орындады. Сондықтан, ешқандай қақтығыс болмады. Сонымен, бүкіл Русь Батыл мен қыпшақ әскерінің алдында тізесін бүкті.  Қыс айының соңына таман кәрі құрлыққа жорық басталды. Әуелі Польша мен Силезия жерін басып алды. Поляктар мен немістердің біріккен күшін, темір сауытты рыцарларын түрлі айламен тасталқан етті.

1241 жылдың көктемінде Еуропаның елдері бірінен соң бірі құлай бастады. 1242 жылдың қараша айында Батыл ханның түмендері Словения мен Хорватияны жаулап алып, Загребке ат басын тіреді. Қыпшақ әскерлері Еуропаның біраз қалаларын бағындырып, Венаға жетіп, оны да алады. Сербия, Болгария жеріне келгенде, арттан жаушы келіп, Үгедей ханның қайтыс болғанын жеткізеді. Бұған қарамай бұл елдерді де тізе бүктірді. Осыдан кейін, еріксіз ат басын кері бұруға тура келді. Басып алған жерлерінің бәріне өз адамдарын басшылыққа тағайындап (басқақтар), алым-салық жинап тұруға жарлық берді. Қанды жорықтан соң, 1243 жылы бұлар жазиралы кең өлке, суы жалпақ, тіршілікке өте қолайлы Еділдің бойына келіп тоқтайды. Осы арада өзінің құрған қағанатын «Алтын орда» деп атап, басып алған жерлерін, мемлекеттерін, қалаларын Алтын ордаға тікелей бағындырады. Қала салдырып, билік жүргізуді қолға алды. Еділдің жағасына келіп, ақ боз атын суғарып болған соң, аттың алдыңғы аяғын көтеріп, тұяқтарының мыңдаған шақырым жер жүрсе де, кемірілмегеніне қайран қалды. Ұстаны шақыртып: «Мына ай тұяқты көрдің ғой, кемірілмеген. Мен әдейі жорық алдында таға қақтырмаған едім. Арғымақтың тұяғы жорық уақытына шыдар-шыдамасын білгім келген. Осы ай тұяққа ұқсатып, қағанаттың мөрін жасайсың, ұқтың ба», – деп бұйырады.  Сонымен, түркі  қыпшақтардың  ай тұяқты мөрі бар екінші империясы (Шыңғыс ханнан кейінгі) осылай дүниеге келген болатын.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі