20 мам, 2020 сағат 14:20

Бас санитарлық дәрігер: Көпшілік коронавирустың қаупін жете бағаламай отыр

Елімізде коронавирус симптомымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген адамдар саны артты. Бұл туралы ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы симптомдарымен медициналық көмекке жүгінген адамдардың саны артып отыр. Бір апта ішінде мұндай адамдардың саны 40 пайызға, өткен аптаға қарағанда пайызға шаққанда 15-тен 17,5 пайызға өсті. Өздігінен медициналық көмекке жүгінгендердің артуы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарында байқалады», - деді бас санитарлық дәрігер Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, өздігінен медициналық көмекке жүгіндер санының артуы адамдардың вирустан қорғану шараларын сақтамайтындығын көрсетіп отыр.

«Өкінішке орай, көпшілігі коронавирус инфекциясы қаупін жете бағаламай отыр. Бұл өте жұқпалы ауру екендігін, ағза үшін із-түссіз өтпейтіндігін, ең алдымен жасы үлкен жақындарымыз - ата-әжелерімізге, ата-аналарымызға қауіпті екендігін есктеріңізге салғым келеді», - деді ол.

Осы ретте бас санитарлық дәрігер коронавирус инфекциясымен сырқаттану өсімінің себебіне сараптама жүргізілгендігін атап өтті.

«Біріншісі - санитарлық залалсыздандыру режимін күшейту жөніндегі белгіленген талаптарды сақтамаған, маска тақпаған, арашықтық сақтамаған, байланыстарды азайтпаған еңбек ұжымдарда таралуы. Екіншісі - еңбек ұжымынан тыс әлеуметтік байланыстардың артуы. Біз қонаққа барып, өзіміз де қонақ шақырып жатырмыз және мамандардың кеңестеріне қарамастан гигиеналық және өзіңді қорғаудың қарапайым талаптары орындауды - маска тағуды, антисептиктерді пайдалануды, арақашықтық сақтауды қойдық», - деді Айжан Есмағамбетова.