12 қар, 2020 сағат 15:05

Бас санитар дәрігер шектеу шараларын жиі бұзатын өңірлерді атады

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов шектеу шараларының бұзылу деректері ең көп тіркелген өңірлерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мониторинг топтардың рейд тексерулерінің нәтижесінде республика бойынша өткен аптада карантин шараларын бұзу фактілері анықталған нысандардың жалпы үлесі 9,7 пайызды құрады. Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында эпидемияға қарсы шектеу шараларын сақтамайтын нысандар санының айтарлықтай артқаны байқалады», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларын бұзатын нысандардың үлес салмағы 12-ден 33 пайызға, Алматы облысында 5-тен 12 пайызға артқан. 

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, шектеу шаралары талаптарын бұзғаны үшін Түркістан облысында 237, Шығыс Қазақстан облысында 260, Алматы облысында 106 және Ақмола облысында 101 нысанға әкімшілік айыппұл салды», - деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.