ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстандағы мереке алдындағы эпидахуалға баға берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Өздеріңіз білетіндей, қазір елімізде екі өңір «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта тағы бес облыс бар. Қалған өңірлердің бәрі де - «жасыл» аймақта. Әлбетте, ешқандай өңір «қызыл» аймаққа түсіп қалмас үшін тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Министрдің өзі бұған дейін айтқандай, қазір оптимистік сценарийді бақылап отырмыз», - деді Ерлан Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, алдағы күндері қандай да бір шектеу шаралары енгізілмейді.
«Қазіргі шектеу шаралары күшінде болады. Біз «қызыл» аймақтарға жазып берген талаптар мен шектеулер сол күйінде сақталады. Жалпы мерекені әркім өз отбасында өткізгенін қалайтынымызды айтқан едік. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ-та ризашылық күнінен кейін ауру жұқтырғандардың саны күрт өсіп кетті. Сол себепті азаматтарымызды сапарды кейінге шегеріп, корпоратив кешін өткізбеуге шақырамыз. Қаулыға сәйкес мұндай іс-шараларды өткізуге болмайды», - деді вице-министр.