Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) 2020 жылғы жұлдыздар матчына қатысатындар тізімін жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Барыс» хоккей клубы мәлім еткеніндей, Мәскеуде 18-19 қаңтарда өтетін жылдың басты шоуына ҚХЛ-дың 24 клубында ойнайтын 40 ойыншы аттанбақшы.
Солардың ішінде «Барыстың» капитаны, Қазақстан құрамасының қорғаушысы, тегі канадалық Даррен Диц бар. Ол «Авангард» хоккей клубының бас бапкері Боб Хартли басшылық ететін Чернышев дивизионының намысын қорғайды.
ҚХЛ жұлдыздарын таңдау үш кезеңде жүргізілді. Алдымен оларды жанкүйерлер, содан кейін БАҚ өкілдері таңдады. Соңғы 16 хоккейшіні ҚХЛ іріктеді. Матч қарсаңында командалар МХЛ шақыру кубогының төрт үздік ойыншысымен толығатын болады.
Төрт дивизион құрамалары 18 қаңтар күні шеберлік шоуын өткізеді. Ал 19 қаңтарда матчтың өзі шағын турнир түрінде өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» СКА командасынан ұтылғанын жазған едік.
Андрей Скабелканың шәкірттері ертең Мәскеудің «Динамосын» қабылдайды.
Кеше «Динамо» Мәскеуде ЦСКА командасын 3:0 есебімен ұтып кетті. Бұл «Динамоның» чемпионаттағы екі мыңыншы жеңісі еді.
«Динамо» 53 ұпаймен ҚХЛ-дың жалпы кестесінде бесінші, Батыс конференциясында үшінші орында келеді. Шығыс конференцияда төртінші орында тұрған «Барыстың» одан үш ұпайы кем.