26 там, 2020 сағат 15:27

Барлық вакцина зерттеудің қажетті кезеңдерінен өтуі керек – Қайсар Табынов

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық Вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов коронавирусқа қарсы қай вакциналар нарыққа шығуы керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлемдегі жағдайға жалпы тоқталсақ, қазіргі кезде 31 кандидат вакцина клиникалық зерттеу кезеңінде тұр. Оның ішінде алтауы клиникалық зерттеудің соңғы кезеңіне дейінгі үшінші сатысына жетті, яғни олар басқаларына қарағанда озық келе жатыр. Осы тұста қысқа және ұзақ мерзімге негізделген жағдайды ескеру керек. Қазір үшінші кезеңдегі алда тұрған барлық компаниялар вакциналары осыған дейін кеңінен пайдаланылмады. Бұл тұрғыда қауіпсіздікке, тиімділікке қатысты сұрақтар көптеп қойылып жатқаны белгілі. Сарапшы ретінде айтарым, нарыққа өзінің тиімділігін көрсеткен вакциналар шығады», - деді ол коронавирустың екінші толқының жүру мүмкіндігін талқылауға арналған онлайн жиында.

Сонымен қатар Қайсар Табынов қазіргі кезде ресейлік вакцинаның клиникалық зерттеулері жалғасып жатқанын атап өтті.

«Вакцинолог ретінде не үшін алаңдап отырмын? Вакцинаны тіркеу туралы асығыс жасалған шешімдердің салдарынан жалпы вакциналауға қатысты халықтың сенімі төмендейді. Өздеріңіз білесіздер, вакциналауға қарсы пікір айтушылар бар. Қысқа мерзімде тиісті деңгейде тексерілмеген вакциналарды айналымға шығарғанда жағымсыз жағдайлар орын алса, онда бұл ахуал вакциналаудың тұтас саласын күмәнді етеді. Сондықтан біз вакцинаны шығаратын болсақ, оны тексерілген технологияларда жүзеге асырған жөн. Екіншіден, осы вакциналар барлық тиісті зерттеу кезеңдерінен өтуі тиіс», - деді Халықаралық Вакцинология орталығының директоры.