20 там, 2018 сағат 17:19

Қазақстан қоржынына Азия ойындарының тағы бір жүлдесі түсті

Жұлдыз Ешімова (көк формада) Азия ойындарына қатысып жатқан сәт. Джакарта, 20 тамыз 2018 жыл.

Индонезияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық балуан Жұлдыз Ешімова еркін күрестен әйелдер арасында 53 келіде күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ол финалда биылғы Азия чемпионы Пак Йонг Мимен (Солтүстік Корея) кездесіп, 0:11 есебімен жеңілді.

Ешімова финалға дейін Оңтүстік Корея спортшысы Ли Чен Хені (11:6), таиландық Джантима Вирангсаны 10:0 есебімен жеңген. Жартылай финалда моңғолиялық Ерденечимегей Сумядан 15:14 есебімен басым түсті. Моңғолия балуаны биыл наурызда Бішкекте өткен Азия чемпионатында Ешімованы жеңген.

Бұл - Қазақстанның биылғы Азия ойындарындағы алтыншы медалі. 19 тамызда қазақстандық семсерлесуші Дмитрий Алексанин алтын алған. Еркін күрестен Қазақстан ерлер құрамасы бір күміс, екі қола иеленген. Ал бүгін, 20 тамызда таэквондошы Фариза Алдонғарова Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.

Қазақстаннан Азиадаға 440 спортшы қатысады. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.