Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күніне орай Fingramota.kz сайты баланы қаржылық сауаттылыққа баулудың бірнеше жолы көрсетілген нұсқаулық жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Салалық ресурс ата-аналардың балаларды қаржылық сауаттылық негіздеріне үйрететін негізгі сегіз ережені көрсеткен.
№ 1 ереже – іс әрекетпен үлгі болу. Мұндағы басты кеңес – ересек адамның өзі қаржылық тұрғыдан сауатты болуы керек.
«Егер өзіңізде бюджетті жоспарлаудың қарапайым дағдылары болмаса, балаларыңыздың ұзақ мерзімді жоспарлаудың не екенін түсінуі қиындау болады. Егер отбасыңызда қаржы мәселесі реттелген болса, балаңыз да есейгенде соған ұмтылады», - деп жазады Fingramota.kz.
№ 2 ереже – ақша жайында танымдық ойындар арқылы ақпарат сіңіру. Сол ойындардың көмегімен жалған ақша мен шынайы ақшаның айырмашылығын, ақшаның қайдан келіп жатқанын, ақшаға ең бірінші кезекте не сатып алу маңызды екенін түсіндіру ұсынылған.
№3 ереже – баланы ақша жинай бастағанын көтермелеу.
«Балаңыздың армандап жүрген затын алуы үшін ақша жинауға үйретіңіз. Мұндайда сізге ақша-қоржын немесе қарапайым шыны банка көмектеседі. Бастысы ыдыстың ішіндегі ақша біртінеп көбейіп келе жатқаны көрініп тұруы керек», - деп жазады автор.
№4 ереже – күнделікті шығынды тиімді жоспарлау дағдысын үйрету. Ол үшін апталық «қалтапұл» беру ұсынылған. Егер бала барлық ақшасын бір күннің ішінде жұмсап қойса, ақшасыз отыра тұруға тура келеді.
№ 5 ереже – баланы өз бетімен сауда жасауға бейімдеу. Мұндағы басты қағида - өзі жинаған ақшаға өз қалаған дүниесін алғызу.
№ 6 ереже – өз бюджетн басқаруды үйрету.
«Балаға сіз берген ақша немесе туыстары туған күніне сыйға берген ақша –толығымен өзінікі екенін ұқтыру керек. Демек, кез келген шешім үшін бала өзі жауапты болады. Өзіңіздің мысалыңыз арқылы отбасылық бюджетті қалай жүргізетініңізді, еңбек ақысын қалай үлестіретініңізді айта аласыз. Қанша ақшаңыз міндетті төлемдерге кетеді, қаншасын еңбек демалысына сақтап қоясыз», - деп жазылған нұсқаулықта.
№ 7 ереже – баланың қателесу құқығын сыйлау. Мамандар бұл жерде баланың ақша мәселесіне келгенде көзқарасы ата-ананың көзқарасыңыздан ерекше болуы мүмкін екенін ескертеді. Осыны ескеріп, оың жасаған әрекеттерін сынамау керектігі айтылған.
«Мысалы, егер ол қандай да бір маңызды әрі ірі саудаға жинауға жоспарлаған ақшасын бір сәттік қалауына жұмсаған болса, оған ұрыспаңыз. Ол үшін енді ақша жинау мерзімі қаншалықты ұзарғанын бірге санаңыздар да, ақша табудың жаңа мүмкіндіктерін табуға көмектесіңіз», - деп жазады Fingramota.kz.
№8 ереже – қосымша табыс нұсқаларын ұсыну. «Жұмысты бірден белгілеп, соманы анықтаған дұрыс. Мысалы, міндетті түрде итті серуендету, үй жануарларын күту, бауырлары мен қарындастарына қарау, әжесіне бақша жұмыстарында көмектесу және т.б. Ең маңыздысы, сіз «тарифтерді» көңіл-күйіңізге қарай ауыстырмауыңыз керек. Осы қарапайым, бірақ негізгі ережелерді сақтап, сіз баланың жастайынан ақшаға деген дұрыс қатынасын орнатасыз», - делінген хабарламада.