24 қыр, 2024 сағат 10:20

Жасөспірімдердің суицидке бару себептері мен алдын алу жолдары: психологтың пікірі

Фото: ашық дереккөз

Соңғы бір жарым аптада Алматыда 5 жасөспірім бала өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Балаларды осындай қадамға не итермелейді? Оларды суицидтен қалай қорғаймыз? Осы сұрақтарды ULT.KZ тілшісі психолог Сымбат Абдрахмановаға қойып көрді.

Сымбат Абдрахманова баланы өз-өзіне қол салуға итермелейтін факторларды атады.

- Өткенде Алматыда 2 жасөспірім қыз көпқабатты үйден құлап, қайтыс болған. Бұл дүйім жұртты дүр сілкіндірген оқиға болды. Қайтыс болған екі қыздың бірінің туысы «оның психикасына әсер еткен интернет-технология» депті. Жалпы осы оқиғаларда жасөспірімдер интернеттегі ойындар ойнағаны, анимеге қызыққаны айтылады. Интернеттегі ойындар балаларды өз-өзіне қол салуына дейін қалай апарады? Ойындар балалардың психикасына қалай әсер етеді?

- Ең алдымен жасөспірімдік шақтың өзгерісі туралы айтқым келеді. Ол адам өміріндегі ең маңызды кезең. Жасөспірімдік шақ 10 жастан 18 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде ең алдымен бала психологиясында өзгерістер болады. Бала тұйықталып, немесе керісінше ашылуы мүмкін. Ол ата-анасына қарсы шығып, ұрысуы да ғажап емес. 

Екіншісі – физиологиялық өзгерістер. Жасөспірім шағында баланың дене бітімі өзгеріп, гормоналды өзгерістер болады. Қыз бала бой жетіп, ер бала ер жетеді. Бұл кезде психика әлі дұрыс қалыптасып бітпегендіктен, бала көп нәрсеге төтеп бере алмайды, яғни баланың психикасын манипуляция арқылы басқару өте оңай. Интернеттегі суицидке итермелейтін ойындарды манипуляциялық ойындар ретінде қарастыруға болады. Сондықтан да балалардың психикасына бұл оңайырақ әсер етеді. 

- Ойыннан бөлек, баланы суицидке итермелейтін басқа да жанама факторлар болуы мүмкін бе? Ойынды көп бала ойнауы мүмкін, бірақ суицидке барлық бала бара бермейді ғой.

- Иә, дұрыс айтасыз. Барлық бала ойынды ойнауы мүмкін, бірақ барлық бала суицидке бара бермейді. Сондықтан дәл қазір ол балаларға не болғанын нақты айта алмаймын. Бірақ сол ойыннан басқа онда қандай да бір психологиялық өзгерістер, қосымша психикалық проблемалар болған болуы да мүмкін. Жалпы психикалық өзгерістің бұзылуы жасөспірімдік шақта басталады. Көп жағдайда біз психикалық бұзылысты жасөспірімдік шақта болатын өзгерістермен шатастырып жатамыз. Оны психикалық бұзылыс деп қарамай, «жасөспірімдік шақ қой, өтіп кетеді» деп ойлаймыз. Бірақ кейін ол психикалық бұзылыс болғаны анықталып жатады. 

Енді суицидке итермелейтін қауіпті факторлар туралы айтатын болсам, оның біріншісі - генетика. Баланың арғы атасы мен әжесінде суицидтен қайтыс болғандар болуы мүмкін. Екіншісі, психикалық бұзылыстар, яғни көзіне біреу елестегендей немесе құлағына біреу сыбырлағандай болып көрінуі мүмкін. Бұдан бөлек, депрессияның өзі психикалық бұзылыс болып саналады. Келесі, бұл бұрын-соңды жасалған суицидалды әрекеттер. Егер бала бұрын-соңды суицидке қандай да бір әрекеттер жасап көрген болса, онда оның қайталану ықтималдылығы жоғары болады.

Одан кейін, психобелсенді заттарды қолдану да суицид факторларына жатады. Алайда бұлардың барлығы суицид факторлары болғанымен, суицидке итермелеуші факторлар бөлек. Оны басқаша триггер деп те атаймыз. Өз-өзіне қол салуға триггер балада әр түрлі болуы мүмікін. Мысалы, адам суицидтен қайтыс болған кезде не жағдай болғанын анықтауға барсақ,  «мамасымен ұрсысыпты, соған бола өз-өзіне қол салыпты» деп айтып жатады. Шын мәнісінде мамасымен ұрыс тек қана триггер, яғни итермелеуші фактор болған. Ол оқиғаға тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, я оның генетикасында суицидке бейімділік бар болған болады, я психикалық бұзылыстар болған болуы мүмкін, не болмаса бала кезде алған жарақат болады. Кей оқиғаларда тұрмысы нашар отбасының баласы, не жыныстық зорлық көрген бала болып шығады. 

Жалпы адам өмірі құнды ғой. Ешкім жайдан жай өліп қалғысы келмейді. Өз өмірін қию деген өте қиын қадам. Сондықтан да суицид мұздақтың шыңы ғана, оның асытында бізге көрінбейтін проблемалары болуы әбден мүмкін.  

- Кейде суицид жасаған адамдарды «көңілді, мейірімді, әзілқой болды, анасымен қарым қатынасы жақсы болды» деп сипаттап жатады. Суицид жасайтын адамның өмірге құлшынысы жоқ, жанары сөнген, күйзелісте жүрген, отбасымен қарым-қатынасында проблема бар адам болады деген жаңсақ пікір ме?

- Анасымен қаншалықты жақын қарым-қатынаста деген сұрақ туындайды. Жақын қарым-қатынас деген не? Анасымен қаншалықты сырласа алды және ішіндегісін шығара алды? Депрессияның өзін алатын болсақ, «жасырын депрессия» деген түсінік бар. Ол түрінен, көз жанарынан білінбеуі мүмкін, бірақ ол балада басқа да өзгерістер болады. Ода ұйқы бұзылысы, тәбет бұзылысы болуы және сабағы нашарлап кетуі мүмкін. Аяқ астынан дінге қызығушылығы оянуы ықтимал. 

Дінге қызығушылықты да біз екіжақты қарастырамыз. Дінге бетбұру - суицидтің белгісі ретінде де қарастырамыз. Себебі неде? Әдетте адамдар проблема болған кезде ғана Алланы еске алып, дін жолына келіп жатады. Ал егер бала да дінге келсе, оны балада проблема болып, содан шығу жолы ретінде қарастырып жатыр ма, әлде дінді қорғаныс ретінде көріп жатыр ма деген секілді сұрақтар туындайды. 

- Жалпы, өз-өзіне қол салуы мүмкін, соған оқталып жүрген баланы қалай тануға болады?

- Ол екіжақты белгі береді. Ол сөз арқылы: «Мен өмірден шаршап кеттім, маған еш нәрсе қызықсыз, өліп қалсам екен, ертең менен құтыласыңдар, ыстық палау жейсіңдер» деген сияқты сөздерді айтып жатады. Немесе осындай депрессивті сөздерді өзінің әлеуметтік желідегі сторисына, статусына қойып жатады және депрессивті өлеңдерді, түрлі цитаталарды қоюы мүмкін. Соның өзі балада қандай да бір психологиялық өзгерістердің болып жатқанын білдіреді. 

Келесі, өз-өзіне қол жұмсауы ықтималдығы - әрекет арқылы білінеді. Яғни сабағы нашарлап, сабаққа келмей қояды және партаның үстінде жата береді. Дімкәсік болады, сосын ұйқы бұзылысы байқалады. Яғни көп ұйықтай беретін болады, не болмаса аз ұйықтайды. Балада тәбет бұзылысы болады: я тамақты көп жейді, я мүлдем жемей қояды. Ана дүние туралы сұрай бастайды. 

- Ондай балаға ата-анасы, мұғалімдері, достары және жақындары қалай көмектесе алады? Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін не істеу қажет?

- Өте жақсы сұрақ. Егер осындай белгілерді ата-анасы, мұғалімдер, жақындары мен достары байқап қалса, онда үш кеңес бергім келеді. Бірінші, сұрақты дұрыс қою керек. Көбінесе бізде ата-аналар сұрақты қалай қояды? «Саған осы не жетпейді? Барлық жағдайың бар, көйлегің көк, тамағың тоқ!» деп ұрысып қойып жатады. Яғни сұрақты ұрысып немесе бағалаушы, сынаушы ретінде қоятын болсаңыз, бала сізге ешқашан шынайы жауап бермейді. Балада не болып жатқанын білу үшін барынша сабырлық сақтап қойғандарыңыз дұрыс. 

Екінші, кейде сұрақ қойғаннан кейін бала сізге жауап бермей үндемей отыруы мүмкін. Себебі, балада түрлі проблема болып жатуы ғажап емес. Бала жыныстық зорлық көріп жүруі, буллингтен жапа шегіп жүруі мүмкін. Басқа да проблемалар үйден тыс жерде болып жатпағанына еш кепілдік жоқ. Сондықтан, бала үндемей, сізге айтайын ба, айтпайын ба деп ойланып отыруы ғажап емес. Яғни, сіздің сұрағыңыз бен оның жауабы арасында пауза болып қалуы мүмкін. Сондай кезде "Не болды?" деп қайта-қайта тақымдаудың қажеті жоқ. Барынша сабырлық сақтаған жөн. Сонда ол мазалап жүрген мәселені айтады және айтқан кезде үшінші кеңес, оның проблемасын құнсыздандырмаңыз! Есте сақтаңыз! Егер ол бала болмашы нәрсені үлкен проблема көріп жүрсе, ол сіз үшін проблема болып көрінбегенімен, ол үшін шешімі жоқ үлкен мәселе. Сондықтан барынша қолдау көрсетіңіз, тыңдаңыз. Бірақ бір нәрсені ұмытпаңыз! Сіз психолог емессіз,  психологиялық қызмет көрсететін салада жұмыс жасамайсыз. Сондықтан да ауыр жағдай болатын болса, психологқа баруға кеңес беріңіз немесе баланы өзіңіз психологқа ертіп апарыңыз. Сонымен қатар, Қазақстанда «111» деген сенім номері бар. Сол номерді берсеңіздер болады.

- Баланы қазіргі ақпарат заманында қауіпті ақпарат ағынынан қорғау үшін не істеген жөн? Отбасында қандай шаралар қолдану қажет және мемлекетте қандай шаралар қолға алынуы керек деп ойлайсыз?

- Иә, өте көп ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз. 18 жасқа дейінгі баланың смартфонына ата-ана бақылауын қою арқылы баланың көшіріп алған қосымшаларын, басқасын қарап отыра аламыз. Екіншіден, баламен түсіндірме жұмыстарын жасауымыз керек. Балаға түрлі ақпараттар болатынын, ақпарат алған кезде «балықтың етін жеп, сүйегін лақтыру керек», яғни қажеттісін ғана алып, қажет емесін алмаған жөн, зияндысын пайдалысынан ажырата алу керек екенін түсіндіру керек. Жалпы 21 ғасырда маңызды дағдылардың бірі осы - ақпаратты игеру деп ойлаймын. Сондықтан да отбасында осындай шешімдер қарастырған жөн.

Ал мемлекет тарапынан не істеу қажет екеніне тоқталатын болсақ, баланың өміріне және денсаулығына зиян келтіретін порталдарды жауып, оларды қолжетімсіз етсе керемет болар еді.